Жұмысшы мамандықтар жылы • Бүгін, 15:41

Мамандығына адал наубайханашы

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Костычево селосында ұзақ жылдардан бері наубайханашы болып істейтін Светлана Филюк ауылдастарының құрметіне бөленген еңбекқор адам, деп жазады Egemen.kz.

Мамандығына адал наубайханашы

Наубайханашы әлемдегі құрметті мамандықтың бірі. Нан қадірін білетіндер наубайханашыны да қадір тұтады. Светлана Ивановна осы селодағы көп балалы отбасында туып өсті. Ауылдағы жұмыстың қай-қайсысы болсын оңай емес, бойыңдағы бар қажыр-қайратыңды жұмсап, тырбанып еңбек етуің керек. Ол үшін әрине, ұшқан ұядағы тәлім-тәрбиенің ықпалы болатындығы даусыз. Әкесі Иван Регеда мал азығын дайындайтын цехта еңбек етсе, анасы Прасковья Константиновна мал фермасында жұмыс істеді. Октябрьдің елу жылдығы атындағы мектепті бітіргеннен кейін агротехникалық колледжде білім алды. Оқуын аяқтар кезде жас қызды туған жері қол бұлғап шақыратындай. Етене таныс адамдар да, бал күлкілі балалық шағы өткен, өзі үшін сондай ыстық ауылдастары да ойынан шықпай жүретін. Колледжді бітіргеннен кейін еш ойланған жоқ, елге оралды. Жас маманға селодағы асханада жұмыс істеу ұсынылды. Талапты қызға жаңа мамандықты игеруге тура келді. Кейін наубайханаға ауысты. Нан иісі көкірегін қуанышқа бөлеп, мерейін өсіретін жерде еңбек ету де қызық екен. Қабарып піскен, дәмі тіл үйіретін нанды пісіру үшін ең алдымен ынта керек екен. Ынта болса, пісірген наны да тұтынушылардың көңілінен шығып жатады.

–Бөлке нанды қолыңа алып ұстап көресің, – дейді ол, – егер алақаныңды күйдіріп тұрмаса піскен, оттың табы нанның бойынан әлі кетпесе, онда шикі. Қалыптан суырып алған кезде барлығы айқындала түседі.

Көршілері әлі таңғы ұйқының құшағында жатқан кезде Светлана нан пісіре бастайды. Қалыпты жұмыс ырғағы. Күнде нан пісіріп жүрсе де әр күн сайын сәл-пәл қобалжитыны бар. Қалай болар екен деген бір сауал жүрегін толқытып тұрады.

Светлана 1985 жылы осы селоның тұрғыны Владимир Филюкпен некелескен. Берекелі шаңырақта екі ұл дүниеге келді. Ілкіден жалғасқан еңбекқорлық ұлдарына да жұғысты болды. Сергей техник-механизатор, Владимир құрылысшы, Владимир, Тимофей және Арсений есімді немерелері көз қуантып өсіп келе жатыр.

–Әр адамның алдына қойған мақсат-мұраты болуы керек, – дейді кейіпкеріміз, – сонда ғана өмірің текке өтпей, мазмұнды болмақ.

Ел сыйлаған еңбек адамының пікіріне ден қойдық.

Ақмола облысы