
Облыс активімен кездесуде Агенттік төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес адамға бағдарланған сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бағытында іске асырылып жатқан шараларға тоқталды.
Кездесу барысында мемлекеттік көрсетілетін қызметті алушылардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту, кадрлық процестерді цифрландыру, мемлекеттік қызметке кіру тәртібін оңтайландыру және сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін себептер мен жағдайлардың алдын алу мәселелері айтылды.
Дархан Жазықбай өз сөзінде «Адал азаматқа» тән барлық құндылықтар ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің тұлғалық болмысынан көрініс тауып жатса мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін берері анық. Адалдық, әділдік принциптерін мемлекеттік аппараттың жұмысында жан-жақты ілгерілету – халыққа шынайы, адал, ашық қызмет көрсететін мемлекеттік аппарат қалыптастыруда шешуші рөл атқарады» - деп атап өтті.
Іс-сапар аясында Агенттік төрағасы елге адал қызмет етуді өмірлік ұстанымы еткен, білімді әрі еңбекқор жастармен – Президенттік жастар кадр резерві мен Өңірлік кадр резервінің өкілдерімен кездесті. Кездесуде ол «Сіздерден облыс халқы өңірдің өзекті мәселелерін шешуде креативтілік пен жаңа тәсілдерді күтеді, идеяларыңыз бен жобаларыңыз үлкен өзгерістерге негіз болады, өмір сапасын одан әрі жақсартады деп сенеді. Осы орайда халықтың сенімін ақтау қажет» деген пікірін атап өтіп, резерв мүшелерінің тек біліммен ғана емес, жоғары адамгершілік құндылықтарды да бойына сіңіруі қажет екенін алға тартты.
Сонымен қатар, Дархан Жазықбай Қорқыт ата университетінің студенттері және жас мемлекеттік қызметші мектебінің тыңдаушыларымен кездесіп, жастарға арналған мемлекеттік қызметтегі мүмкіндіктер жайлы айтты.
Бүгінде елімізде мемлекеттік қызметке кіруді барынша жеңілдету бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде жоғары оқу орнын жақсы көрсеткішпен (GPA 3,33-тен кем емес) бітірген 588 түлек аудандық және ауылдық жерлердегі төменгі лауазымдарға конкурссыз қабылданып, қызмет атқаруда. Олардың 20-сы осы Қызылорда облысында мемлекеттік қызметке орналасқан.
Кездесуге қатысушылар жастарды қолдауға бағытталған жобаларға және жаңашылдықтарға қызығушылық танытып, өздерін қызықтырған сұрақтарын ортаға салды.
Агенттік төрағасы Қызылорда облысындағы іс-сапарының соңында жергілікті «QYZYLORDA» телеарнасының «Elgeqyzmet» бағдарламасына мемлекеттік қызметті дамытудың алдағы жоспарлары туралы сұхбат берді.