Медицина • Бүгін, 08:30

Эндокринологиядағы тың өріс

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институты (КІАҒЗИ) базасында республикалық эндокринология және қант диабеті орталығы ашылды. Салтанатты жиынға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов, сала мамандары қатысты.

Эндокринологиядағы тың өріс

Әлемдік статистикада қант диабеті асқынған жағдайда түбі ажал құштырып, өлім-жітімді кө­бей­тіп отырған кеселдердің алғаш­қы ондығына кіреді. Кейінгі он бес жылда бұл ауруға душар болғандар саны 3,5 есеге өскен. Қант диабетінің ең басты қаупі де сонда – жылдар бойы білдірмей ағза жүйелерін бүлдіре отырып, асқынған кезде мүгедектікке душар етеді. Бүгінде қант диа­беті маңызды медициналық, әлеуметтік мәселелердің бірі.

Халықаралық қант диабеті федерациясының Диабеттік атласында жарияланған кейінгі мә­ліметтерге сәйкес, жер бетіндегі 20-79 жас аралығындағы 589 млн ересек адам қант диабетімен өмір сүріп жатыр. Бұл сан 2050 жылға қарай 853 млн-ға дейін өседі деген де болжам бар. Ресми тіркелімнің деректері бойынша, 2025 жылғы 31 шілдеге елімізде қант диабетімен ауыратын 544 684 пациент тіркелген, оның ішінде 18 жасқа дейінгі балалар – 6210, ересектер – 538 474 адам. 2 типті қант диабетіне душар болған пациенттердің саны 95%-ға жетіп жығылады.

Орталықтың ашылуына арнайы келген Денсау­лық сақ­тау министрі А.Әлна­за­рова: «Елі­мізде эндо­кри­нологиялық қыз­метті нығайту – денсаулық сақ­таудың стра­тегиялық бағыты. Рес­публикалық эндокринология орталығын аша отырып, эндокринологиялық қызметті дамыту мен пациенттерге жоғары мамандандырылған көмек көрсетуді көздейміз. Орталықта қолданылатын озық диагностика мен терапияның заманауи әдістері емдеудің тиімділігін арттыруға, асқыну деңгейін төмендетіп, эндокриндік аурулары бар науқастардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», деді.

Министр эндокринология саласындағы құзырет орта­лық­­тарын көпсалалы облыс­тық ауруханалардың базасын­да ғана емес, сонымен қатар меди­циналық-сани­тар­­лық алғашқы көмек дең­гейін­де асқынулардың дамуын болдырмауға арналған диабеттік табан кабинеттерін ашу қажеттігіне де тоқталды.

Өз кезегінде КІАҒЗИ жаңа­дан ашылған орталық арқылы өңірлерге ұйымдастыру-әдіс­темелік көмек көрсететін үйлес­тіруші орталыққа айналуға тиіс. Қазірдің өзінде орталық білікті мамандарды жинап, қан айналымы бұзылуының салдарынан іріңдеп, шіріген аяқ-қолдарды кеспей емдеудің жаңа тәсілдерін ұсынып отыр.

«Министрлік институт базасында эндокринология және қант диабеті орталығын құ­руды міндеттеген еді. Министр­ліктің қолдауымен өткен жыл­дың желтоқсан айында дәрі­герлеріміз Солтүстік Еуропадағы ең ірі қант диабеті орталығы – Копенгагендегі Steno диабет орталығында тәжірибеден өтті. Диабетология саласындағы же­текші мамандардан асқынған жағдайдағы емдеудің заманауи тәсілдерін меңгеріп, ауруды ерте бастан анықтау, медицина­лық көмекті ұйымдастыру мәселе­лерін зерделеді», деді КІАҒЗИ басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев.

Республикалық эндокрино­логия және қант диабеті ор­та­лығы қант диабеті мен басқа да ас­қынған эндокриндік кесел­дерді анықтап, ем-дом жүр­гізіп, алдын алуды жүзеге асыра­тын эндо­кринолог, офталь­молог, подолог-хирург дәрігер­лер­ден жасақталып отыр. Орта­лық КІАҒЗИ аума­ғында орна­лас­қандықтан, пациенттер ірге­сін­дегі ғылыми зерттеу институты­ның кардиолог, гастроэнтеролог, нефролог, невропатолог сынды білікті мамандарынан да кеңес ала алады.

Жаңа орталықтың басшысы Лаура Даниярова пәнаралық тәсілдер пациенттерді жан-жақты бақылай отырып, ауыр жағ­дайлардың алдын алуға мүм­кіндік беретіндігін айтады. Орталықта қант диабетін бақылауға арналған заманауи құрылғылар бар. Дәрігерлер қант диабеті мектебін жүргізе отырып, пациенттерді инсулин терапиясын қолдануға үйретеді. Науқастар да өз дерті туралы жүйелі білім алып, өзін-өзі бақы­лауға машықтанады.

Сол сияқты «Диабеттік табан» кабинетінде заманауи технологияларды пайдалануға қол жеткізіліп отыр. Мұндағы ке­шенді диагностика тым ұзаққа созылатынына қарамастан, дұрыс ем-дом тағайындап, аяқты кесуден сақтап қалуға барынша септеседі.

Мұның алдында КІАҒЗИ мен Даниядағы Steno қант диабеті орталығының басшылығы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып, халықаралық гибридті форматта «Диабетологиядағы зама­науи технологиялар» ғылыми-практикалық конференциясын ұйымдастырған еді. Конференцияға эндокринолог, терапевт, кардиолог, қан тамырлары хирургтері, жалпы тәжі­рибелік дәрігерлер, басқа да ма­мандар қатысып, өзара тә­­жіри­бе алмасты, саланы да­мы­туға қа­тысты ой-толғам­дарымен бөлісті.

 

АЛМАТЫ