
Танымал сазгер атындағы дәстүрлі фестивальға еліміздің түкпір-түкпірінен және көршілес елдерден келген 26 үміткер қатысты. Олардың өнеріне композитордың жұбайы Дарико Хасанғалиева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әйгілі әнші-композитордың ұлы Біржан Хасанғалиев, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев, Өзбекстанның Халық әртісі Мансур Ташматов, Қырғызстанның Халық әртісі Саламатхан Садықова, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Марат Сарбөпеев қазылық етті.
Қазақ музыка өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқан композитордың шығармашылығы кеңінен насихатталған өнер сайысында Алматы қаласынан келген өнерпаз Медет Орынбаев бас жүлдені иеленді.
Фестиваль қорытындысында бірінші орын – ақтөбелік Мерей Самұратқа, екінші жүлде – Астана қаласынан келген Парасат Отан мен атыраулық Айбар Ғаниұлына, ал үшінші орын – Орал қаласының намысын қорғаған Аружан Бисембайға, қырғызстандық Дариға Сатароваға және өзбекстандық Севара Тулановаға бұйырды.
Байқау барысында бауырлас үш мемлекеттің Халық әртістері Алтынбек Қоразбаев, Саламатхан Садықова және Мансур Ташматов те сахнада ән шырқады. Фестиваль «Атамекен» өнер ордасының түндігін желпіген «Атамекен» әнімен жабылды. Еліміздің бейресми әнұраны іспетті әуенге әншілермен қатар қалың көрермен қосылды. Осының өзі Ескендірдің әндері халықтың жүрегінде екенін көрсетті.
Батыс Қазақстан облысы