
– Әдебиет көбіне үлкен қалаларда, әдеби ортада жасалады деген түсінік бар. Ал сіз облыста жүріп-ақ әдебиет саласында өнімді еңбек етіп келесіз. Демек өңірде өмір сүріп те шынайы әдебиет жасауға болады ғой?
– Ақындардың көбі сезімнің, ал жазушылар негізінен ойдың адамы ғой. Бәлкім, ақындар дулы-шулы ортаны жиі іздейтін, үнемі аңсайтын шығар. Ал ойдың адамы, ой иектеген адам оңашалықты қалайды, соған үйір келеді. Сөйте тұра үлкен әдеби ортаның шығармашылыққа оң ықпалын да жоққа шығаруға болмайды. Оған бір мысал айтайын, ересектерге арналған алғашқы «Шортан» деген әңгімем «Жас Алаш» газетінде өткен ғасырдың соңына таман жарық көрді. Ол кездері «Жас Алаштың» айдарынан жел есіп, жалауы биіктен желбіреп, жалы күдірейіп тұрған кез, анау-мынау әңгімені баспайды. «Жас Алашқа» жарқ етіп шыққан әлгі әңгімем үлкен әдеби ортада әжептәуір мақталып, тіпті «Қазақ әдебиетіне қабілет-қарымы зор жазушы келді» деген де пікірлер айтылған екен. Мұны араға қаншама жыл салып, бүгіндері елге танымал қаламгер, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлынан естідім. Ол әңгімем «Жас Алашқа» шыққанда жас қаламгермін ғой, рас, жасыратын ештеңесі жоқ, өз басым «Шортанға» қатысты мақтау күттім. Ал сол мақтауды араға неше жыл салып барып естідім. Менің ойымша, бұл үлкен әдеби ортадан алыс жүргеннің кесірі. Негізі дер кезінде орынды айтылған мақтау-мадақ шығармашылық тұлғаны, әсіресе жас қаламгерді қанаттандырады, жаңа, тың дүниелер жазуға жетелейді.
2004 жылдың жазында абыз ақын Қадыр Мырза Әлі (ол кезде Қадақаң Орал қаласында тұратын) Батыс Қазақстан облыстық ауруханасында ем-дом алып жатты. Бір барғанымда «Шортан», «Кие», «Бір түнгі жалғыздық», «Ортақ ерлік» сияқты бірнеше әңгімемді Қадыр ағайға оқытуға алып бардым. «Қадақаң жазған дүниелеріме қандай баға берер екен?» деп уайымдадым. Көзі тірісінде классик ретінде мойындалған Қадақаң әңгімелеріме өте жоғары баға берді. Ол кісінің үшбу пікірі менің бертін келе шыққан «Биленбеген вальс» деген кітабыма алғыссөз ретінде енді.
– Бүгінде балалар әдебиетінде қандай тосын дүниелер бар? Әдеби үрдісті бақылап отырасыз ба?
– «Балдырған», «Ұлан», «Ақ желкен», «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» секілді біраз газет-журналды «Қазпошта» арқылы жыл сайын жаздыртып оқимын. Ал әдеби кітаптарды көбіне Орал қаласындағы «Жәңгір хан» кітап дүкенінен немесе Алматыға, Астанаға іссапарға барған кезімде сатып аламын. Әрине, әдеби үдерістерді қадағалап отыруға тырысамын. Әзірше елді елең еткізіп, жұртты жалт қарататындай ештеңе байқай қоймадым. Кім біледі, бәлкім, көзіме түспеген, назарыма ілікпеген таңғажайып дүниелер де бар шығар...
– Шығармашылық зертханаңызға үңілсек, жазуда қандай қағида, ұстаным, ғадетіңіз бар?
– Балаларға да, ересектерге де арналған әңгімелерімді көбіне ойша етек-жеңін жинақтап алып, сосын қағазға түсіремін. Жазу барысында әдеби өңдеу ілесе жүреді, кейде тың ойлар, оқыс шешімдер де келетіні бар. Көбіне күзде жазғанды ұнатамын. Жазу үстеліне отырарда айналамның барынша мұнтаздай таза, тыныш болғанын қалаймын. Өкінішке қарай, жазу үстеліне тым сирек отырамын. Тіпті шағын, ықшам дүниенің өзін түйенің етін жеп қойған аяғы ауыр келіншектей жылдар бойы ойша тым ұзақ «толғатып» жүріп алатыным бар.
– Балаларға арнап жазудың қандай алғышарттарын айтар едіңіз?
– Қай жастағы оқырманға жазсам да, ең басты ұстанымым – шынайылық пен ғибрат. Яғни Абай хакім айтқандай, «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін...» Керек десеңіз, әзілдің өзі әдемі, қалжыңның өзі орынды, тіпті, мысқылдың өзі еріксіз мойындалатындай болып, оқыған жанды жақсылыққа жетелеуі шарт.
– Сіз Оралхан Бөкеймен, Қадыр Мырзалиевпен жақын араластыңыз. Осы қос тұлғаның адами болмысынан, шығармашылық қуатынан алған тағылымыңыз жөнінде әңгімелеп берсеңіз.
– Қазақ лирикасының қағаны Тұмағаңның, Тұманбай Молдағалиевтің Ғабит Мүсірепов туралы бір естелігінде «Кербездігінің өзі керемет еді...» деп жазғаны бар. Сол айтқандай, Орағаңның, Оралханның асқақтығының өзі айшықты, сондай жарасымды еді. Ол кісінің Кербұғыдай басын кегжитіп жүретіні де өзіне керім жарасатын. Менің ойымша, Орағаңның шығармалары романтикалық шалқуға жомарттығымен, яғни романтикалық асқақтығымен әрі адамды өзінің тереңіне үйіріп әкететін психологиялық иірімдерімен ерекшеленеді. Оралхан Бөкейдің соңғы сүйекті шығармасы «Атау-кере» повесі көркем фильм түсіруге сұранып-ақ тұр. Алайда отандық кинематографияда әзірше оны бағамдайтын ұлттық өре жетіспей жатқандай...
«Атау-керенің» басты кейіпкері Еріктей материалдық байлық десе, туған анасын тәрк ететін дүниеқоңыздар бүгіндері арамызда өріп жүр. Кеңес өкіметінің озбыр да өпірем шовинистік саясатының кесірінен білгенінен жаңылып, дегеніне жете алмай, өмірлік мұрат-мақсатын еріксіз тәрк етіп, араққа салынған Тағандар да бар арамызда. Ал «Атау-керенің» негізгі кейіпкерлерінің бірі – Айна өз ер-азаматына, өз отбасына қалтқысыз берілген қазіргі қазақ әйелінің керемет әдеби образы. Сонымен қатар балауса бойжеткен кезінде Еріктің әкесі Қандауыр екеуі бір-біріне өлердей ғашық болып, ата-анасының үзілді-кесілді қарсы екендігіне, тіпті шешесінің қарғысына қарамастан кержақ-орыстардың қызы Нюраның (Нюра Фадееваның), яғни Нүрке кейуананың тағдыры да оқырмандарға қоса, һәм кинокөрерменді де бейжай қалдырмасы айдан анық. Сүйген жігіті алып қашып, өмірлерін бір арнаға тоғыстырған Нюра қазақтың шаңырағына келін болып түскен соң ислам дінін қабылдап, өмір бойы бес уақыт намазын қаза қылмайтын нағыз ізгі ниетті шынайы мұсылманға айналады. Алайда араға көп жыл салып, атау-кересін ішкеннен кейін әбден жаны шығарда Нүрке кейуана өзінен-өзі шоқына жөнеледі...
Қадыр Мырза Әли – ең алдымен ойшыл әрі көздеген нысанасына өлеңінің идеясын дәл тигізетін сұрмерген ақын. Оның:
Қақыратып шыдамның қабырғасын,
Әлі талай айтылар Қадырға сын.
Идеясы нысанаға дөп тисін деп,
Шірене тарттым садақтың адырнасын, –
деп келетін өлең жолдары жоғарыдағы ойымызды нықтай түседі.
Қадыр Мырза Әлі көптеген өлең-жырымен қазақ әдебиетінде интеллектуалдық поэзияны, аз сөзбен терең де ауқымды ойды жеткізетін поэтикалық прагматизмді берік қалыптастырған, нық орнықтырған тұлға. Бұған қоса ол өзіне Тәңір берген, тағдыр бұйыртқан уақыт деген өлшембірлік категориясын өте тиімді пайдаланған, соның нәтижесінде соңында әдебиеттің әртүрлі жанры бойынша рухани мол мұра қалдырған шайыр. Ал уақытты өте тиімді пайдалану қаламгерлерге ең қажет қадір-қасиеттердің бірі.
– Өзіңіз бас редакторлық етіп отырған «Орал өңірінде» балаларға арналған арнайы бет шығады екен. Бұл бастаманың мақсаты не?
– Иә, 2002 жылдан бері Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінде балалар шығармашылығына арналған арнайы бет шығарып келеміз. Басты мақсат – балдырғандарды әдебиеттің әдемі әлеміне жетелеу арқылы ұлттық әдебиеттің уызына қандырып, мейірімді, айналасына жанашыр, ұлтжанды һәм рухты тұлға ретінде қалыптастыру. Әуелгіде аталған арнайы бетті Қадыр ақынның балаларға арналған бір өлеңінің атауымен «Шымыр жаңғақ» деп атадық. Араға бірер жыл салып балғын оқырмандарымызға бағышталған бет атауын «Айналайын» деп өзгертіп, ұлттық ұғым-түсінікке лайықтадық. Балалар бетінде олардың өздері жазған шағын мақалалар мен әңгіме-ертегілер, өтірік өлеңдер мен тақпақтар, жұмбақ-жаңылтпаштар, олардың өздері салған суреттер жарияланады. «Орал өңірінің» төріндегі түрлі-түсті тоғызыншы бетке айына бір-екі рет шығатын «Айналайынды» балдырғандарға қоса, олардың ата-аналары мен мұғалімдері де асыға күтеді. «Айналайынның» аясында жыл сайын балалар шығармашылығына байқау жариялаймыз. Сосын Тәуелсіздік мейрамына екі-үш күн қалғанда аталған байқаудың қорытындысы шығарылып, тең құрбысының алды болған балғын авторларымызға демеушілер арқылы ақшалай-заттай, кітаптай сый-сияпат жасалады. Ақшалай сыйлық ұсынатын себебіміз, балалар қаршадайынан ақ-адал еңбегімен табыс табуға дағдылансын дейміз. Бүгінгі балаларға қимыл-қозғалыс жетіспейтіндіктен заттай сый ретінде волейбол, футбол доптарын, бадминтон қалақшасын ұсынамыз. Айтпақшы, жеткіншектердің ой өрісін дамыту үшін міндетті түрде дойбы-шахмат сыйлаймыз. Ал отандық өнімді насихаттау мақсатында әрі байқау қорытындысы Жаңа жылға екі-үш апта қалғанда шығарылатындықтан балалардың қолына Алматыдағы «Рахат» кондитерлік фабрикасының бір қоржын кәмпит-күлшесін ұстатамыз. Сосын міндетті түрде әрқайсысына балаларға арналған бір-бір кітаптан сыйлаймыз.
– Байқау жеңімпаздары қалай іріктеледі?
– Байқауға қатысушы балдырғандарды бас жүлдегер немесе бірінші орын, екінші орын деп бөлмейміз. Әр баланың жазған дүниесіне қарай аталымдар белгілейміз. Мәселен, әкесіне мал жайлауға, көлік жууға, атасына бау-бақша баптауға, анасына тамақ істеуге, әжесіне көрпе-көпшіктің тысын тігуге көмектескендігі туралы жазған ұл-қыздарға «Қолқанат», «Бағбан балақай», «Балауса ісмер» деген сияқты аталымдар белгілейміз. Ал «Қызыл кітапқа» енгендіктен қызғалдақты жұлмауды немесе құстардың ұясын бұзбауды насихаттағандарға, сонымен қатар қырық күн шілдеде суы тартылуға айналған көлшіктерден ересектермен бірге шабақтарды құтқарып, өзен-көлге жіберген жеткіншектерге «Жанашыр», «Мейірім» деген аталымдар бойынша құрмет-қошемет көрсетіп, сый-сияпат ұсынамыз.
«Айналайынға» қоса, біз айына бір рет «Балаларға базарлық» бетін шығарамыз. Бұл бетте балаларға арнап жазатын ақын-жазушылардың шығармалары насихатталады.
– Бүгінгінің басты мәселесі, балаларға қалай кітап оқытамыз?
– Менің ойымша, бала екі-үш жасқа толғаннан бастап оған қысқа тақпақтар мен шағын ертегілерді оқи бастау керек. Әрине, балдырғандарға арналған кітапшалар мазмұнына лайық суреттермен әсем безендірілуі шарт.
Жалпы алғанда, жас ұрпақ кітап оқуы үшін ең алдымен, ата-ананың өзі көркем әдебиеттен іргесін аулақ салмауға тиіс. Күніне бала-шағаңыздың көзінше кемі 30-40 минут газет-журнал, 1-2 сағат кітап оқысаңыз әрі оқыған дүниелеріңізден алған әсеріңізді дастарқан басында, сондай-ақ табиғат аясына отбасылық саяхат-серуенге шыққанда әңгімелеп берсеңіз, перзенттеріңізді оқу мәдениетіне баурайсыз.
АҚШ-тың әлеуметтанушылары біраз жыл әлеуметтік зерттеу жүргізе келіп, мынандай ұйғарымға келген көрінеді: ұл болсын, қыз болсын егер ол 10 жасқа дейін әдеби кітап оқуға дағдыланса, демек, оның санасында өзін-өзі біреуге қиянат жасаудан, біреуге зорлық-зомбылық көрсетуден, ұрлық-қарлыққа барудан, арақ-шарапқа салынудан, есірткіге елітуден, яғни өзін бүкіл жамандық атаулыдан сақтандыратын түйсік қалыптасады екен. Міне, кітаптың адам өміріндегі ең керемет пайдасы! Ал біздің көбіміз, керек десеңіз тіпті, барлығымыз дерлік осындай таңғажайып әлемді жылы жауып қойдық... Бұған өзімізден басқа кім кінәлі?
– Шығармашылық адамына атақ-абырой қаншалықты керек?
– «Бұлбұлдың да жемсауы бар» дегендей, дер кезінде көрсетілген сый-сияпат пен орнымен берілген лайықты мадақ-марапат меніңше, артықтық етпейді. Мұндай ақылға сыйымды, көңілге қонымды құрмет-қошемет шығармашылық тұлғаны шабыттандырады, жаңа жетістіктерге жетелейді.
– Не жазып жүрсіз?
– «Өзгере аламыз ба?.. Өзгеруге тиіспіз!» деген бір көлемді публицистикалық сипаттағы мақаланы ойша жазып жүрмін. Сосын «Сезім сынағы» деген повесті бастап қойдым. Бұл хикаяттың негізгі желісі адамдар арасындағы дүниетанымдық көзқарас қайшылығы, психологиялық айтыс-тартыс...
– Оқуға асықпыз. Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Маржан ӘБІШ,
«Egemen Qazaqstan»