Қоғам • Бүгін, 07:58

Арзан өнім баршылық

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ертіс-Баян өңірінде «Пав­лодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация­сы­ негізінде құрылған тұ­рақ­тандыру қоры жұмыс іс­тейді. Онда бүгінде жалпы көлемі 9,9 мың тонна азық-түлік өнімдері сақталып тұр.

Арзан өнім баршылық

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Азық-түліктің 12 атаулы түрі облыс көлемінде 212 әлеуметтік дүкен мен әлеуметтік сауда нүктелерінде саты­лып жатыр. «Павлодар» әлеумет­тік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тұрақтандыру қоры азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету депар­таментінің директоры Азамат Дәндібаевтың айтуынша, күз маусымында көптеген азық түріне тұтынушылар тарапынан сұраныстың жоқтығына немесе күрт азаюына байланыс­ты қорда арнайы тізімге енетін өнімдердің кейбірі кездеспейді. Мәселен, нарықтағы бағаның арзандауына байланысты көкөніс өнім­дері­не сұраныс мүлде жоқ. Егер қорда азық-түліктің белгілі бір түрінің сақталу мерзімі аяқталып қалса немесе көп тұрып қалса, онда ол шартты түрде жеткізушіге қайтарылады. Жеткізуші оны кейін жаңа өніммен жаңартып береді.

– Қорда шамамен 9,9 мың тонна көлемінде 12 түрлі азық-түлік бар (бірінші сұрыпты бидай ұны, йодталған тұз, макарон өнімдері, қант, күріш, күнбағыс майы, пияз, қырыққабат, сәбіз, картоп, қарақұмық жармасы, бірінші сұрыпты тауық жұмыртқасы). Барлығы алда­ғы айларға жеткілікті көлемде жи­налған. Өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыруға, пайдалануға қаражатты жергілікті атқарушы органдар бөледі. Өнімдеріміз келiсiм­шарт жасалған өндiрушiлерде (жеткi­зушiлерде) сақталады. Қажет болған жағдайда қорға жеткізіп береді. Облыс орталығына әкелінген азық-түліктер жергілікті қоймада сақталып, одан әрі облыстың серіктес дүкендерiне жедел сатылып отырады, – деп түсіндірді А.Дәндібаев.

Облыста бірінші сұрыпты ұн, тауық жұмыртқасы, қарақұмық жармасы, картоп, сәбіз сияқты өз өнім­дерін тұрақты өткізіп отыратын 10 ауыл шаруашылығы тауарын өнді­руші бар. Тұрақтандыру қоры Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған өтінімдерге сәйкес, әр 3 айға қажеттіліктің 50%-на дейінгі көлемде қалыптасады.

– Сатылымға шығатын азық-тү­лік­тің бағасы әрдайым назар­да. Сауда субъектілері ба­ка­лея өні­міне 10%-дан ас­­пай­­­тын, көкөніс пен картопқа 15%-дан ас­­пайтын үстеме­ақы қосуға ерік­ті, – деп қосты қор өкілі.

Атап өтерлігі, Павлодар облысы азық-түліктің арзандығы жөнінен 12 позиция бойынша республикадағы ТОП-5-ке кіріп отыр. Олар – бірінші сұрыпты ұн, күріш, қарақұмық жармасы, сары май, күнбағыс майы, сүт (2,5%), айран (2,5%), сүзбе, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат. Бағаны ырықтандыру жағынан облыстың позициясы жақсара түс­кені байқалады. Былтыр бұл уа­қыт­та ТОП-5-ке аталған өңірден 7 азық-түлік түрлі ғана енген болатын.

 

Павлодар облысы

Соңғы жаңалықтар