
Өздерінің өңірлік өндірістік филиалдарында алдын ала сынақтан өтіп, үздік нәтиже көрсеткен газ тасымалдау саласының негізгі жұмысшы кәсіптерінің 94 маманы осы жарыста жүлдеге таласты. Биылғы байқаудың бір ерекшелігі, – негізгі үміткерлер қатарына ұжымның әйелдер қауымынан құралған жаңа команда қосылып, «Химиялық талдау зертханашысы» аталымы бойынша жарысқа түсті.
Екі күн бойы үміткерлер өздерінің теориялық білімі мен тәжірибелік дағдыларын байқатты, сондай-ақ дәрігерге дейінгі шұғыл көмек көрсету қабілетін көрсетті.
«Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, қоғамда еңбекқорлық пен кәсіпқойлық идеясын ілгерілету. «Үздік маман» байқауы – осы бастаманы нақты іске асырудың айқын көрінісі. Сонымен қатар байқау арқылы бірнеше негізгі міндеттер белгіленді. Ол – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, олардың арасында жоғары кәсіби кадрларды даярлау мен қолдау көрсету және қарапайым мамандарды насихаттау арқылы қоғамда жақсы пікір қалыптастыру. Компанияның басты байлығы – біздің жұмыскерлеріміз. Сондықтан еңбек адамы әрдайым басты назарымызда. Байқаудың барлық жүлдегерлері – нағыз кәсіби маман иелері, еліміздің газ тасымалдау саласы солардың еңбегінің арқасында жемісті қызметін атқарып келеді», – деді байқау комиссиясының төрағасы «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының орынбасары Абзал Кисметов.
Оның айтуынша, байқауға 10 өңірден үміткер қатысып отыр және олар 14 аталым, яғни, 14 мамандық бойынша сынға түсті. Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылына» орай, компания байқауда жеңіске жеткен жүлдегерлердің айлық жалақысына жылдағыдай қосымша бір жыл үстемеақы төлеумен қатар, биылғы жүлде алған барлық жеңімпазды қосымша ақшалай сыйлықпен марапаттамақ.
А.Кисметов мәлімдегендей, байқаудың басты мақсаты – жұмысшы мамандықтарының дәрежесін көтеру, халық арасында олардың беделін арттыру. Ал компания үшін қарапайым жұмысшылар – қызметтің ауыр жүгін арқалаушы басты мамандар. Сондықтан олардың денсаулығы, амандығы бәрінен де маңызды. Осы міндетті орындау үшін компания бірінші кезекте техника қауіпсіздігіне баса көңіл бөледі. Соның ішінде қызметкерлердің нұсқама бойынша жұмыс істеп, техника қауіпсіздігін барынша сақтауы үшін күш салады. Ал жұмыс барысында қателеспеу, денсаулыққа зиян әкелмеу ең алдымен қызметкердің кәсіби шеберлігіне байланысты. Тәжірибесі мол маман әрқашан жұмысын мінсіз атқарады. Қызметінде техникалық қауіп-қатерлерді біліп тұрады. Сол үшін келеңсіз жағдайларға жол бермейді. Бұл ретте байқау – білім мен тәжірибені ұштастырып, жаңа деңгейге көтерудің керемет мүмкіндігі. Байқау арқылы үміткерлер өзінің алған теориялық білімін және оны жұмыс кезінде іске асырған тәжірибелік қабілетін көрсетуге мүмкіндік алады. Сайыстың қарапайым жұмысшыларға берер бір пайдасы осы.
Абзал Кисметовтің баяндауынша, байқауда жүлдеге іліккен барлық жеңімпаз резервке қойылып, кейін олар инженер, басқа да кәсіби маман ретінде қайта даярланады. Газ тарату саласы қызметінде қарапайым жұмысшылар санаттар бойынша емтихан тапсырады. Соның нәтижесіне қарай санаттары өсіп отырады. Өз кезегінде бұл байқау жұмысшылардың жоғары білікті маман атануға деген ықыласын күшейтіп, қарым-қабілеттерін арттыруға ынталандырады. «Үздік маман» байқауы жұмысшылар арасындағы олимпиадалық жарыс секілді. Соған байланысты әрбір еңбек адамы қарапайым жұмысшы мамандығының шыңын бағындыруға тырысады. Бұдан бөлек жұмысшылар әрбір санатқа тапсырған кезде, олардың байқауға қатысқаны, жүлде алғаны міндетті түрде ескеріледі. А.Кисметов айтқандай, бұл сайыс – жұмысшыларды алға қарай ұмтылдыратын нағыз шабыттандырар күш. Жас мамандарды қолдау мақсатында байқауға қатысудың тәртібі де біршама жеңілдеді. Мәселен, бұрын байқаудың үміткері атану үшін осы қызмет саласында ең кемі 3 жыл жұмыс істеу керек еді. Жаңа ережеге сәйкес байқауда жүлдеге таласу үшін жұмысшылар өз саласында бір жыл қызмет атқарса жеткілікті. Осы орайда компания өкілі магистральдық газ құбырларын басқару ісінде кейінгі жылдары үлкен өзгеріс орын алғанын жеткізді. Соның бірі бұрынғы кезден қалған көптеген қондырғы мен жабдық жаңартылды. Қуаттылығы жоғары 15-18 мегаваттық жаңа газтурбиналар пайда болды. Олардың макеттері «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның Түркістан облысы Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылдық округінде орналасқан оқу орталығына қойылды. Жас мамандар осы орталыққа келіп, заманауи қондырғылардың үлгілері бойынша теориялық және тәжірибелік білімін арттыру үстінде.
Іс-шараның қадірлі қонағы «Газпром Қырғызстан» компаниясы бас директорының орынбасары Александр Гребенюк «Үздік маман» байқауынан көп пайдалы тұстарды аңғарғанын, Қазақстанның қарапайым жұмысшы мамандары шын мәнінде өз атына лайықты кәсіби шеберлер екеніне көз жеткізгенін мойындады.
«Байқау барысын тамашалап, Қазақстанның білікті мамандарына өте тәнті болдым. Жұмыскердің шеберлігін шыңдау үшін мұндай байқау, әлбетте, керек. Компанияның оқу орталығы да бізді ерекше қызықтырды. Мұндағы заманауи құрал-жабдықтардың макеттері мамандардың тәжірибесін арттыруға көмектеседі. Осыған орай біз алдағы уақытта оқу орталығы базасына жұмыс сапарымен келіп, біраз тәжірибе алмасуды алдымызға мақсат қойып отырмыз. Жалпы, бұл байқауда барлық қатысушы жеңімпаз болып саналады. Өйткені жүлде алмаса да, үміткерлер өздеріне біраз ақыл-кеңес пен құнды тәжірибе жинап қайтады. Ол ертеңгі күні жұмыскердің жақсы маман болып қалыптасуына берік негіз қалайды. Газ саласының қызметкерлері жұмысшы мамандықтар ішінде өте үлкен рөл ойнайды. Өйткені Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі осы еңбек адамдары қызметінің арқасында қамтамасыз етіліп отыр», деді А.Гребенюк.
Әділ қазылар алқасы байқауға қатысушының теориялық дайындық деңгейін, өндірістік алаңда орындалған жұмыстың сапасын, еңбектің ұтымды және қауіпсіз тәсілдерін қолдануды, қатысушының өндірістік дербестік дәрежесін және тапсырманы орындауға жұмсалған нақты уақытты бағалады.
Мәселен, «Интергаз Орталық Азия» АҚ Магистральдық газ құбырларын және компрессорлық стансаларды пайдалану департаментінің бас менеджері Талғат Кокибасовтың айтуынша, үміткерлер ең үздік электрмонтер аталымында қолмен және автоматты істейтін электр жабдығының схемасын жинаудан жарысты. Мұнда ең басты үш қағида ескерілді. Оның біріншісі – электр сымдарын бір-біріне дұрыс жалғау, екіншісі – техника қауіпсіздігін сақтау, үшіншісі – берген тапсырманы жылдам орындау. Осы үш талапты қатесіз орындаған үміткерлер арасынан комиссия мүшелері ең жүйрікті анықтады. Т. Кокибасов газ тарату саласында электр энергиясының маңызы ерекше екенін айтты. Себебі барлық қондырғы тоқ қуатымен жұмыс істейді. Сондықтан электрмонтерлер өз мамандығын өте жетік білуге тиіс.
Айта кету керек, компания басшылығының бастамасымен биылғы байқауды Түркістан облысы Сайрам ауданының №18 Әбдібай Құрмантаев атындағы мектебінің оқушылары да тамашалады. Шәкірттер байқауда әртүрлі аталым бойынша жарысқан орындарды аралап, ол жердегі газ қондырғысы мен құрылғылардың макеттерімен жақынырақ танысты. Биыл тоғызыншы сыныпқа аяқ басқан оқушылар осы сапарда газ тасымалдау саласындағы мамандықтар туралы көп жайтқа қанық болды. Негізгі өндірістік үдерістерді өз көздерімен көруге мүмкіндік алды. Өз кезегінде саланың білікті мамандары оқушылар қызықтырған сұрақтарға тұщымды жауаптар берді.
Жоғарыда аталған мектептің тәрбие ісіне жауапты маманы Мәлік Керімовтің айтуынша, бұл байқау оқушыларға болашақта техникалық мамандықты таңдауға зор серпін беріп отыр. Және жасөспірімдер бойында жұмысшы мамандығына деген сый-құрметті арттыра түсті.
«Бүгін біз «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның оқу орталығына экскурсияға келдік. Бұл іс-шара биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылына» орай ұйымдастырылған екен. Оқушыларға газ саласының маңызы мен осы бағыттағы мамандықтарды таныстыру біздің басты мақсатымыз болды. Иә, газ – еліміздің энергетика саласының негізгі тірегінің бірі. Мұнда еңбек ететін мамандардың жауапкершілігі өте жоғары. Себебі олардың жұмысы халыққа – жылу, өндіріске қуат жеткізумен тікелей байланысты. Оқушылар осындай кәсіби ортада болып, инженер-техник мамандардың жұмысын өз көздерімен көрді. Бұл олардың болашақ мамандық таңдаудағы ынтасын оятады деп түсінеміз. Осындай керемет мүмкіндік сыйлаған «Интергаз Орталық Азия» ұжымына шексіз алғыс білдіреміз», деді М. Керімов.
Сонымен тартысты байқау нәтижесінде 14 аталым бойынша жүлдеге ұмтылған мамандар арасында «Шымкент» магистральдық газ құбырлары басқармасы бірінші орынды жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шыққан Шымкент филиалының командасына жарыстың «Үздік маман» ауыспалы кубогі тапсырылды. Сонымен қатар байқау жеңімпаздарына арнайы дипломдар табысталды. Сондай-ақ жоғарыда айтып өткеніміздей, жүлдегерлердің кәсіби шеберліктері үшін жалақыға жылдық үстемеақы белгіленді.
ШЫМКЕНТ