
Қазақ халқы үшін қазақ тілінің орны айрықша. Ол – ата-бабамыздан қалған асыл мұра, ұрпақтан ұрпаққа жеткен қазына. Қазақ тілі ғасырлар бойы небір тарихи кезеңдерді бастан кешіріп, талай сынақтан сүрінбей өтті. Бүгінде ол –Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, еліміздің тұтастығы мен тәуелсіздігінің басты белгісі.
Дегенмен, қазіргі қоғамда ана тілін сақтау мәселесі өзекті болып қала береді. Жаһандану дәуірінде көптеген ұлттардың тілі ұмытылып, жоғалып бара жатыр. Егер біз өз тілімізді қадірлемесек, оны күнделікті өмірде қолданбасақ, келешек ұрпақ ана тілінен ажырап қалуы мүмкін.
Тілді сақтау –тек мемлекет саясатының ғана емес, әрбір азаматтың борышы. Ұрпақ бойына тілдің қадірін сіңіру үшін ең алдымен отбасы мен мектептен бастау керек. Баланың ең алғаш еститіні де, сөйлейтіні де – ана тілі. Сондықтан ата-ананың да, ұстаздардың да міндеті –балаларға ана тілін үйрету, оған деген сүйіспеншілікті ояту. Қазақ тілін дамыту - ұлттың рухани тәуелсіздігін нығайту. Ана тілін ардақтау арқылы біз тарихымызды, мәдениетімізді, дәстүрімізді сақтаймыз.
Мемлекет басшысының «Мемлекеттік тілді меңгеру –әрбір отандасымыздың парызы» деген сөзі әрқайсымыздың жүрегімізде тұруы тиіс. Қорытындылай келе, тілдің тағдыры біздің қолымызда. Өз ана тілімізді құрметтеп, күнделікті өмірде қолдану арқылы біз ұлтымыздың болашағын жарқын етеміз. Тілін сүйген халық ешқашан жойылмайды.
Айнагүл МӘЖИТОВА,
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бас маманы.