Спорт • Бүгін, 18:12

Қазақ волейболы жаңа биікке көтерілді

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлттық волейболдың халықаралық аренадағы әлеуеті артып, әсіресе оның классикалық және жағажай ойын түрлерінен тұрақты өсімі байқалып келеді. Айталық, еліміздің жасөспірімдер, жастар және ересектер құрамалары дамыл таппай шеберліктерін шыңдап, табысқа жетіп жүр.

Қазақ волейболы жаңа биікке көтерілді

Биыл маусымда Ташкентте өткен 16 жасқа толған жасөспірімдер арасындағы Орталық Азия аймақтық қауымдастығының (CAVA) чемпионаты есте қаларлық оқиғалардың бірі болды. Финалда еліміздің саңлақтары қазіргі Азия чемпионы – Иран құрамасымен күш сынасып, қаңжығаларына күміс медальді майлады. Бұл жетістік отандық волейбол мектебінің қарымды қауқары мен жоғары дайындық деңгейінің айқын дәлелі.

Ал Таиландта өткен жағажай волейболынан 21 жасқа толған жастар арасындағы Азия чемпионатында спортшыларымыз Клим Рюхов пен Владислав Мастихин тарихи нәтижеге қол жеткізді. Атап айтсақ, олар азулы қытайлық қарсыластарынан 2:0 (21:19, 21:16) есебімен айласын асырып, ел тарихында алғаш рет алтын медаль иеленді. Бұл жеңіс нағыз сенсацияға айналып, Қазақстанның жағажай волейболынан мықтылығын көрсетті.

Сарапшылардың айтуынша, осы толайым табыс еліміздегі жастар спортының перспективасына жол ашты.

«Рюхов пен Мастихиннің жеңісі Қазақстанның құрлықтық аренадағы позициясын нығайтып қана қоймай, әлемдік біріншілікке мықтап дайындалуға жігерлендірді. Енді спортшылардың алдында жаһандық деңгейде ел намысын абыроймен қорғау міндеті тұр. Ал қазақстандық волейбол үшін аталған көрсеткіш – алға жасалған маңызды қадам болды», деді Қазақстан волейбол федерациясының вице-президенті Арман Кабесов.

Душанбеде өткен 16 жасқа толған қыздардың арасындағы CAVA турнирінде де спортшыларымыз намысты қолдан берген жоқ. Нақты айтқанда, бұрымды қаракөздеріміз қарсылас шақ келтірмей бір орынды суырып алды. Осылайша, жастарымыз жеңісті дәстүрді лайықты жалғастырып, спорттағы ұрпақ сабақтастығының жарқын үлгісін байқатты.

Ересектер ерледі

Талдықорғандық «Жетісу» (әйелдер командасы) ел біріншілігін 9 мәрте жеңіп, еліміздегі ең үздік команда атағын сенімді түрде қорғап қалды. Бұған қоса  жетісулықтар клубтық Азия чемпиондар лигасына қатысып, жеңіске жетті. Осы арқылы олар желтоқсанда өтетін клубтық әлем чемпионатында Қазақстан атынан қатысуға мүмкіндік алды. Бұған қарап, ойыншыларды даярлаудың жоғары деңгейі мен жаттықтырушылар құрамының кәсіби шеберлігін бағамдай беруге болады. Көптеген маусымда «Жетісу» ұжымның ешкімге дес бермей даралануының бір сыры осыда жатса керек.

Бұдан бөлек оралдық «Жайық» (ерлер клубы) Мальдив аралдарында өткен CAVA-2025 Орталық Азия чемпиондар лигасының чемпионы болды. Турнирге 5 елден 6 команда қатысты. Отандастарымыз топтық кезеңде бірде-бір матчта жеңілмей финалда үздік екенін дәлелдеді.

Шешуші матчта «Жайық» қырғызстандық «Бішкек» клубымен шеберлік байқасты. Қазақстандықтар 3:1 (26:24, 25:21, 20:25, 25:22) есебімен бауырлас елдің командасын қапыда қалдырды. Қарбалас сәттерде «Жайық» ойыншыларының жинақылығы мен жоғары ойын өрнегі көзге көрініп тұрды. Бұл нәтиже оралдық клубтың аймақтың ең үздік командасы мәртебесін нығайта түсті.

Сонымен қатар «Жайық» ойыншысы Виталий Эрдштейн сайыста ерекше көзге түсіп, MVP – турнирдің бағалы ойыншысы аталамына лайықты деп танылды. Оның жеңіске қосқан үлесін жаттықтырушылар штабы мен турнир ұйымдастырушылары айрықша атап өтті. «Жайықтың» осы олжасы Қазақстан волейбол мектебінің мерейін асырып, беделін бекемдеуге септігін тигізді

Төрешілеріміздің тұғыры биіктей түсті

Ел төрешілері Юлия Акулова, Ирина Қабылбекова және Айдос Ахметовтың дүбірлі додаларда қызмет етуі бұл да ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтардың бірі десек орынды. Мәселен, Ю. Акулова Тайландта өткен әйелдер арасындағы әлем чемпионатында төрелік етіп, үздік төрешілерінің қатарына енді. Ол топтық кезеңнен бөлек плей-офф ойындарында да қызмет етті. Ирина Қабылбекова және Айдос Ахметов Қытай мен Индонезияда өткен  21 жасқа толған  жастар арасындағы (ерлер және әйелдер бәсекесі) әлем чемпионаттарында өз жұмысын абыроймен атқарып шықты.

«Төрелікті сапалы жүргізу турнирлерді жоғары деңгейде өткізуге көмектеседі, спорттағы нәтижелерге деген сенімді нығайтып, әділ ойын мәдениетін қалыптастырады. Мамандарды даярлау ішкі чемпионаттармен бірге халықаралық сайыстарға да шығу үшін маңызды. Өйткені білікті төрешілердің болуы Қазақстанда ірі жарыстарды жиі өткізіп, әлемдік төрешілер алқасының арасынан өз орнын табуға мүмкіндік береді», деді Қазақстан волейбол федерациясының вице-президенті.

Бұл бағытта ҚВФ судьялар алқасының рөлі жоғары. Себебі  тәжірибелі төрешілер жұмысын енді бастаған мамандарға қажетті кеңес беріп, оқыту бағдарламалары мен семинарларға қатысады. Осындай мамандардың арқасында кәсіби орта қалыптасып, онда жас төрешілер ережелерді біліп қана қоймай, сонымен қатар алаңда сенімді жұмыс істеуге қажетті практикалық дағдыларды меңгереді.

«Осының барлығы Қазақстанның спорттағы тың биіктерді бағындырып келе жатқанын айғақтайды. Отандық волейбол дамудың даңғыл жолына түсті: жастардың қызығушылығы артып, мықты құрама командалар жасақталып жатыр. Халықаралық тұрғыда беделіміз артып келеді. Бүгінде отандық волейбол елімізді әлемдік спорттағы ірі ойыншы ретінде танытып, жаңа деңгейге көтеріп отыр деп нық сеніммен айтуға болады», дейді А.Кабесов.

Бұл ретте федерация өкілі жазғы Олимпиада ойындарында (Пекин, 2008) Қазақстан командалық спорт түрлерінен тек осы волейболдан ғана қатысқанын жеткізді. Еліміз әлем чемпионатына 7 рет қатысып, осы көрсеткіш жағынан посткеңестік мемлекеттер арасынан үшінші орында тұр.