Қоғам • Кеше

Жетісу өңірінде ғасыр жасаған 22 қария тұрып жатыр

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жетісу облысында жасы 100-ден асқан 22 қария өмір сүруде. Олардың ішінде ең егдесі — биыл 108 жасқа толған Кербұлақ ауданы, Сарыөзек кентінің тұрғыны. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жетісу өңірінде ғасыр жасаған 22 қария тұрып жатыр

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, ғасыр жасаған қариялардың ең көбі Панфилов ауданында тұрады — 11 адам. Талдықорғанда — 5, Кербұлақта — 3, Ескелдіде — 2, Қаратал ауданында — 1 адам тіркелген. Аймақтағы жалғыз соғыс ардагері, 101 жастағы майдангер Ысқақ Құсайынов та осы тізімде бар.

1-10 қазан аралығында Халықаралық қарттар күніне орай облыс көлемінде түрлі іс-шаралар жоспарланған. Атап айтқанда, емханалар мен музейлерде ашық есік күндері, қайырымдылық акциялары, әдеби-мәдени кештер, мектептерде тәрбие сағаттары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, 2500-ге жуық жалғызбасты қарияның үйін еріктілер тазалап бермек. Спорт ардагерлерінің қатысуымен 40-тан аса спорттық жарыс өтеді.

Жалпы, Жетісу облысында 95 мыңға жуық зейнеткер бар. Олардың белсенді өмір сүруіне қолдау көрсету мақсатында бірнеше ауданда "Ұзақ өмір сүру орталықтары" жұмыс істейді. Зейнеткерлер үшін қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі қарастырылған, ал мүмкіндігі шектеулі жандарға шипажайлық емделуге арналған арнайы бағдарламалар ұсынылады.

Облыс басшылығының айтуынша, қарияларға қолдау көрсету — қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі.