Қоғам • Бүгін, 08:25

Әдемі қартаю – абырой

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қарттық қай жастан басталады? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2002 жылғы қабылданған «Белсенді қарттық: саясаттың негізі» құжатындағы мәліметтерге сәйкес, қарттық 60 жастан басталады, оның өзінің кезеңдері бар.

Әдемі қартаю – абырой

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Зейнет жасы ауыл мен қалада бірдей болғанымен, қартаю жасы екі түрлі деген пікір бар. Мысалы, зерттеушілер қалада қарттық кезеңді 70 жастан асқаннан кейін келеді деп санаса, ауылдық жерлерде 50 жас­тан бастап кіреді деп есептейді. Иә, ауыл адамының өмір сүру дәрежесі қаламен салыстырғанда анағұрлым ауыр, бейнеті көп. Ауылдық жерлердегі қа­риялар ме­ди­циналық, әлеуметтік қызмет­терге, инфра­құрылымға қолжетімділікті төмен бағалайды. Көбірек оқшаулану, әлеуметтік белсенділік мүмкіндіктерінің тапшылығын сезінеді. Осыған орай ауыл мен қалада қарт­тық жасы екі түрлі болуы әбден мүм­кін, оған сол ауылдағы жағдай әсер етеді.

«Қарттық кезеңнің бақыты неде?» деген сауалға жауап берушілердің басым бөлігі оны денсаулықпен, отбасының татулығымен, қарияға деген сый-құрмет­пен, балаларының мейіріміне бөленіп, қамқорлықтарын сезінумен байланыстырады. Сондай-ақ өсіп-өнген ұрпақтарының жақын тұруы, отбасында оларға деген мейірім мен сыйдың сақталуы, жақсы демалыстың болуы, шипажайларға бару, адамдармен араласу, сөйлесу де маңызды.

Ғалымдардың айтуынша, адам үш түрлі қартаяды. Ерте тәни қартаю – кәрілік белгілерінің мезгілінен бұрын аян болуы. Рухани қартаю – тән мұқалуынан бұрын жан жұталуы, жүйке жүйесі түтіліп, жадтың көмескіленуі.

Сәнімен қартаю – абырой. Ұл-қызда­рының, немере-шөберелерінің, құда-жекжаттарының шаршы төрінде отыру, кіршіксіз ықыластары мен ақ ниетті қамқорлықтарын сезіну, ешнәрсе­ге мұқтаж болмау, ауыл-аймақтың үл­кендері мен жастарының инабатты сәлемі мен арнайы сыбағасын қабылдау, ақ батасын беріп, баршасын ризалау үлкен ғанибет. Өз төрінен төмендемей, сыны мен сыйын қашырмай, әдемі қартаю – өнеге.

Жалпы, биологиялық, медициналық, әлеуметтік тұрғыдан алғанда, қазірде өмір сүру сапасының артып келе жат­қандығын атап айтқан жөн. Бұған ме­дицина саласының соңғы жетістіктері оң септігін тигізіп отыр. Солардың ішін­де адамның организмінің қартаю заңды­лықтарын зерттейтін геронтология мен гериатрия ғылымдарының айтарлықтай дамып келе жатқандығы қуантады.

Бүгінде көптеген елде адамдардың өмір жасының ұзаруына байланысты қарт адамдардың қатары артып келеді. Бүгінде жас жағынан ең ұзақ өмір сүрушілер жапондықтар деп саналады. Қазірде 50 мыңнан астам жапондық 100 жылдық ғұмыр жас межесінен емін-еркін, емен-жарқын аттап өтіп отыр екен. Енді 15 жылдан кейін бұл елдегі ұзақ жасаушылар саны миллионнан асып жығылады.

Қазірде уақытта адамның орташа өмір сүру ұзақ­тығы қайта қаралып жатыр. Кана­далық ғалымдар өмір сүру ұзақ­тығы бұ­рынғы өлшеммен қарағанда ұзақ екенін мәлім­деді. Мамандар мұндай тұжы­рымға ұзақ өмір сүруге барынша жағдай жа­салған АҚШ, Ұлы­британия, Фран­ция, Жапо­ния секілді дамыған елдерде жүр­гізген зерттеу нәтижесіне сүйеніп келіп отыр.

Бүгінде еліміздегі егде адамдардың, әсіресе ауылдық елді мекендердегі тұрғын­дардың медициналық, әлеуметтік көмекке зәру екендігі жасырын емес. Дегенмен оларға көмек көрсету, сырқатын емдеу, еңбек етуін жалғастыра беруіне ықпал ету сияқты мемлекет қарастырған іс-шаралар бар. Қоғамның қартая бастауы салдарынан болатын проблемалар біздің елді де айналып өткен жоқ. Сол тұрғыда геронтолог дәрігерлер мен мейірбикелердің атқарар қызметіне зор жауапкершілік жүктелген. Әсіресе кейінгі 20 жыл ішінде қоғамымыздағы өзгерістерге, денсаулық сақтау саласының жетістіктеріне байланысты мейірбикелердің рөлі едәуір өсті, сонымен қатар оларға қойылатын кәсіби талап та артты.

Қазірде егде тартқан адамдарда жүрек-қан айналымы жүйесінің аурулары, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, тыныс алу жүйесінің аурулары, ті­рек-қимыл аппаратының аурулары жиі кездеседі. Бұл аурулардың қарт адамдардағы ерекшелігі – осы кеселдердің бірнешеуінің бір ғана адамнан табылуы, асқынған түрде болуы геронтолог мамандарды ойлантады. Ғалымдардың зерт­теуіне жүгінсек, қартаюға тек регрес­сивті құбылыс деп қарамау керек.

Мамандар қартаю дамудың бір кезеңі екенін дәлелдеді. Бұл кезеңде адамның рухани жетілу деңгейі жоғары, ішкі жан дүниесі өте терең болады, сонымен қатар сезімталдығы артады. Сондықтан сырқат адамды тұрғылықты емханаларда, ауруханаларда, пансионаттарда, қарттарға арналған интернаттарда, хоспистерде, күндізгі ауруханаларға жатқызып, медициналық тексеруден өткізіп, оларға қажетті ем-дом жүргізу – өзекті мәселе. Бұл іс жергілікті медицина қызметкерлерінің қаперінде болып, уақтылы жүргізілген профилактикалық-емдік іс-шаралар қарттардың өмірін ұзартудың басты факторларының бірі.

Жалпы, адамды қартайтатын оның фи­зиологиялық жасы емес, өміріндегі қиын­дықтар, уайым-қайғы, күйзеліске ұшы­рау, көңіл күйдің жоқтығы, отбасын­дағы берекесіз ахуал, егде тартқан жасында қо­ғамға, отбасына өзін керексіз сезіну, ұл-қыз­дары мен жақындары жағынан сыйл­аудың, құрметтеудің, қамқорлықтың жоқтығы. Тағдырдың талқысымен кәрілікті қарттар үйінде өткізіп жатқан жандар да жетерлік.

Әлбетте, қартаю – жан-жақты табиғи үдеріс. Одан ешкім 100 пайыз қорғана алмайды. Уақыт өз дегеніне бірте-бірте, ертелі-кеш әйтеуір көндіреді. Үкімет қарт кісі­лерге қамқорлық жасап, оларды мың құбыл­ған, дүрбелеңге толы өмір ағысынан сырт қалдырмай, көптеген игілікті іс атқа­рып жатыр. Өз кезегінде көзі ашық, көкірегі ояу қарияларымыз белсенділік танытып, қоғамдық істерге араласып, жастар тәрбие­сіне, ұлттық салт-дәстүрлеріміздің сақта­луына, ұлтымыздың рухани байлы­ғын то­лық­­­тыруға, саламатты өмір салтын бұқара орта­­сында қалыптастыруға барынша үлес қосып келеді. Олар өз орталарында жақсы қартаю­дың, әдемі қартаюдың өнегесі болып жүр.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор

 

ТАРАЗ