Қоғам • Бүгін, 10:43

Бүгін – Халықаралық қарттар күні

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жыл сайын 1 қазанда Қазақстанда және әлем елдерінде Халықаралық қарттар күні атап өтіледі. Бұл күн аға буынға құрмет көрсетіп, олардың қоғамдағы орны мен еңбегін дәріптеуге арналған, деп жазады Egemen.kz

Бүгін – Халықаралық қарттар күні

Халықаралық қарттар күні - 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясында бекітіліп, жарияланды. Бұл мереке елімізде жыл сайын аталып өтіледі. Және оның аясында қарттарға құрмет көрсетіліп, түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылады.

Республикада жасы бойынша 2,5 миллионнан астам зейнеткер тұрады. Әрбір азаматтың лайықты қартаюын қамтамасыз ету – Үкіметтің әлеуметтік саясатының басты міндеттерінің бірі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атап өткендей, ҚР Әлеуметтік кодексінің 197-бабының 3-тармағына сәйкес еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін жыл сайын арттыру республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген мөлшерде жүзеге асырылады.

Осылайша, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы мөлшері 8,5%-ға ұлғайтылды және ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлемінің өзгеруіне байланысты базалық зейнетақы мөлшері индекстелді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес базалық зейнетақының мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру жалғасуда. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65-тен 70%-ға, ал ең жоғарғысы 105-тен 110%-ға дейін өседі.

Республикада 127 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылып, жұмыс істеп тұр. 2025 жылы олардың жұмыс істеуіне жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 7,5 млрд теңгені құрады.