Парламент • Бүгін, 11:40

Жамбыл облысындағы шаруашылықтар банкрот болудың алдында тұр - депутат

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысындағы егіншілік пен мал шаруашылығы саласы бірқатар жүйелі кедергілерге тап болып отыр. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Е. Саурықов айтты, деп жазады Egemen.kz.

Жамбыл облысындағы шаруашылықтар банкрот болудың алдында тұр - депутат

Фото: gov.kz

«2023 жылы қуаңшылық жарияланып, төтенше жағдай енгізілгенімен, өтемақы тек суармалы жерлері бар шаруашылықтарға ғана берілді.

Ал тәлімі жермен айналысатын фермерлер ешқандай көмек ала алмады.

Бұл – шаруаларға тиген алғашқы соққы еді. 2024 жылы өнім мол жиналғанымен, Ресейден арзан астықтың ағылып келуі салдарынан баға күрт құлдырады.

Отандық дихандар өз өнімін өткізе алмады. Шығын жабылмады, табыс түспеді. Бұған қоса, субсидия төлемдері кешіктіріліп, шаруалардың жағдайы одан әрі ауырлады.

2025 жылы қайтадан қуаңшылық қайталанды. Түркістан облысында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланғанымен, Жамбыл облысында мұндай қадам жасалмады. Соның салдарынан субсидия да, инвестициялық қолдау да берілмеді. Мыңдаған шаруашылық қазір банкрот болудың алдында тұр» , деді депутат.

Е. Саурықов осындай күрделі жағдайға қарамастан Аграрлық несие корпорациясы толық төлеуді талап етіп отыр.

«Бұл – әділетсіз жағдай деп есептейміз!

ҚазАгроҚаржы дерегіне сүйенсек, ағымдағы жылдың шілде айының өзінде Жамбыл облысында 62 жобаның проблемалық болып тіркелгені анықталды. Қазір күзде бұл көрсеткіш екі есеге артуы мүмкін. Демек, жүздеген шаруашылықтың техникасы тәркіленіп, жаппай банкроттыққа жол беріледі.

Бұл тек шаруалардың емес, бүкіл ауыл халқының, мыңдаған адамның тағдыры», деді Е. Саурықов.

Мәжілісмен осыған қатысты 2024–2025 жылдарға арналған субсидиялар мен инвестициялық субсидиялар бойынша берешектерді толық өтеуді қамтамасыз етіп, төлем кестесін нақты бекітіп, еліміздің оңтүстік өңірлеріне арналған жеке мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Сондай-ақ күзгі дала жұмыстарына, тұқым мен жанар-жағармайға арналған өңірлік тұрақтандыру қоры жасақтау қажет екенін атап өтті.