Үкімет • Бүгін, 08:45

Экономиканы цифрландыру міндеті

70 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауда цифрландыруға баса мән берді. Оның ішінде экономиканы заман өрісінен қалыс қалдырмай, технология тетіктеріне ілестіру маңызды болып отыр.

Экономиканы цифрландыру міндеті

Сурет: gov.kz

Қазақстан Даму банкінің (ҚДБ) басқарма төрағасы Марат Елібаевтың айтуынша, жаһандық цифрлық трансформация жағ­дайында барынша бәсекеге қабілетті етуге бағытталған жобаларды қолдау маңызды.

«Бүгінде біз тек инфрақұрылым мен өнеркәсіпке ғана емес, экономиканың тиімділігін есе­­лейтін заманауи цифрлық шешім­дерге де инвестиция салып жатырмыз. Бұл өз кезегінде бизнеске, экспортқа және жоғары технологиялық жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік жасайды», дейді М.Елібаев.

Мәселен, жыл басында ҚДБ «Ұлттық ақ­параттық технологиялар» АҚ-мен келісім жасады. Соның негізінде Астанадағы деректерді өңдеу орталығына Мемлекеттік кірістер комитетіне қажет серверлік жабдық берілді. Сондай-ақ Екібастұз қаласында жаңа деректер орталығын салу үшін кредиттік желі ашылды. Бұл деректер орталығы ел азаматтарының жеке деректерін қорғайды және ақпаратқа үзіліс­сіз қолжеткізуге жол ашады. Жүйенің тоқтап қалу қаупін де азайтады. Сонымен қатар 55 тұрақты жұмыс орны іске қосы­лады. IT, автокөлік өндірісі және күрделі химия сияқты салаларды да қаржыландырып отыр. Бұл жаңа біліктілік пен дағдыны қажет ететін заманауи жұмыс орын­дарының ашылуына ықпал етеді.

«Біз еліміздің болашақ экономикасына қажетті инфрақұры­лымды құруға баса назар аударамыз. Оның негізінде цифр­лық шешімдер жатыр. Цифрлық орта эконо­миканың барша қатысушысы үшін ашық, қолайлы әрі қауіпсіз болуы қажет екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан ҚДБ цифрлық өзгерістердің басты қозғаушы күшіне айналуға дайын. Бұл – ірі IT-жобаларды қол­дау­дан бастап, банктің өз жұмысында инновацияларды енгізуге дейінгі кең ауқымды қамтиды», деді М.Елібаев.

Сонымен қатар банк несие үдерісіне қатысатын барлық тарапқа арналған бірың­ғай цифрлық платформа – «KDB Product Space» жүйесін іске қосты. Мұнда әр кезең нақты уақыт режімінде көрініп, толық бақы­­лауда болады. Платформа микро­сервис­тік архитектура негізінде құрылған. Оның құрамындағы «KDB Document Service» құ­жаттармен жұмыс істеуге арналған. Бұл жүйеде «OpenAI» әзірлеген OSS үлгісі негізінде құрылған жасанды интеллект агенттері банк ішінде тиімді қызмет көрсетеді. Қазір жасанды интеллект қарыз алушы­лардың құжаттарын тану мен тал­дау жүйесінде қолданылып жатыр. Дегенмен түпкілікті ше­шімді әр саладағы сарапшылар қабылдайды. Ал жасанды интеллект оларға көмекші ретінде уақытты үнемдеуге және талдау­дың сапасын көтеруге мүмкіндік береді.

«Біз банк IT-архитектурасын тек бүгінгі қажеттіліктерге емес, келешектің міндет­теріне де толық жауап беретіндей етіп қалыптастырып жатырмыз. Үлкен деректер мен жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізу жобаларды әлдеқайда дәл бағалауға әрі тәуекелдерді азайтуға жол ашады. Бұл өз кезегінде шешім қабылдау үдерісін жеделдетіп, перспек­тивалы бас­тамаларды кеңінен қолдауға мүмкіндік береді», дейді ҚДБ ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Сергей Шмагин.

Банк қаржы айналымының ашықтығын арттыру үшін биыл Ұлттық банк жүргізіп отырған цифрлық теңгені енгізу жөніндегі қанатқақты жобаға қатысуды жос­парлап отыр. Бұл бастама қаржы қозғалысын толық бақылауға мүмкіндік беріп, қаражаттың орынсыз жұмсалуының жолын кеседі.