ЖОЛДАУ • Бүгін, 08:48

Партиялық шынайы бәсекені жандандыратын реформа

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауын жария еткелі парламенттік реформа, оның ішінде бір палаталы парламент моделі көп талқыланатын тақырыптың біріне айналды. Расында, қоғам ендігі жерде бір палаталы Парламенттің қаншалықты тиімді боларына ой жүгіртіп, түрлі сауалдың төңірегінде пікір көрігі қыза түсті. Десек те Президент заң шығарушы органның ендігі тағдырын халықтың өзі шешсін деп 2027 жылы жалпыхалықтық референдум өткізуді үсынды.

Партиялық шынайы бәсекені жандандыратын реформа

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты биылғы Жолдауында не­гізінен жасанды интеллектіні эконо­микаға барынша сіңдіріп, оны ел игілігі жолында тиімді пайдалану тетіктерін ұсынды. Президент сая­си реформа мәселесіне де назар аударды. Жолдаудың түйінделер тұ­сында тоқталған парламенттік рефор­ма арқылы Мемлекет басшысы елі­міздің бір­тұ­тас институционалды жү­йе­сін нығайтуды көздейтінін жет­­­кізді. Ал бұл реформа аза­мат­­тық секторда, сарапшы­лар ортасында, сон­дай-ақ қазір­гі Парламентте жан-жақты тал­қы­лануы қажеттігін де баса айтты.

«Реформаның мән-маңызы айрық­ша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын. Содан кейін, яғни 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болар еді. Содан соң Конституцияға тиісті өзгеріс енгізе аламыз. Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Пар­ламентті тек қана партиялық тізім бойын­ша сайлаған жөн деп санаймын», деді Президент.

Бүгінде бұл реформаға саяси сарапшылар, саясаткерлер оң көзқарас танытып, пайымды пікір білдіріп отыр. Мәселен, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов бір палаталы Парламентке көшу саяси жүйенің тұрақтылығын арттыратынына сенімді. Ал жаңа Парламентте саяси партиялардың өзара бәсекелестігі болмаса, бәрі бекер.

– Біздің мемлекетіміздің унитарлық табиғатына жақын әрі саяси жүйенің тұрақтылығын күшейтетін бір палаталы Парламент партиялардың дамуына да жаңа серпін береді. Өкінішке қарай, қазірде еліміздегі саяси партия­лар толық қалыптасып үлгерген жоқ. Биліктегі партия да, оппозиция­лық күштер де әлі дамып келеді. Сон­дық­тан партиялар алдында үлкен міндет тұр. Біріншіден, олар  құндылықтары мен бағдарламаларын нақтылап, айқындауы керек. Кейде депутаттардың сөзіне қарасаң,  пар­тиясының бағдарламасын білмейтін немесе құндылықтарына сүйенбейтін жағдайлар байқалады. Сондықтан пар­тиялар ішкі дискуссия­лар өткізіп, халық алдына шығып, өз ұстанымда­рын дәлелдей білуге тиіс. Партиялар бағытына сәйкес не үшін белгілі бір позицияны қолдайтынын нақтылап көрсетуі қажет, – деді Ә.Байменов.

Ол қазіргі партиялар көбіне танымал тұлғалардың басын қосқан ұйымға көбірек ұқсайтынын айтады.

– Партиялардың құндылықтар мен бағдарламаларға негізделген дең­гейге жетуі үшін әділ бәсекелестік қажет. Сонымен қатар партиялардың тәуелсіздігі үшін олардың қаржылан­дыру көздері де маңызды. Егер партиялар бір-екі алпауыт топтарға ғана сүйенбей, орта және шағын бизнестің жарналары арқылы да қаржыланса, олар шын мәнінде тәуелсіз бола алады. Ал тәуелсіз партиялар – тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының, тәуелсіз саяси зерттеулердің дамуына жол ашады. Бұл үшін елде мемлекет­тік сатып алуға тәуелсіз, тұрақты шағын және орта бизнес қалыптасуы қажет, – дейді Ә.Байменов.

Ал Мәжіліс депутаты Елнұр Бей­сенбаев Мемлекет басшысы ұсын­ған парламенттік реформаны саяси партиялардың дамуына, көбеюі­не берілген үлкен мүмкіндік әрі жауап­кершілік деп бағалады.

– Менің ойымша, қазір еліміздегі саяси партиялардың саны жеткілікті. Осылардың өзін ішінара, түбегей­лі реформа жасап, алдағы сайлауда олар­дың бағыт-бағдарын, идеология­сын, ұстанымдарын анықтап алсақ, осының өзі де үлкен жетістік. Расында, Президенттің бұл саяси реформасы – өте прагматикалық шешім. Бір па­ла­та­лы Парламенттің болуы, саяси пар­тия­лар­дың күшеюі – бұл өте қа­жет те­тік. Бір мандатты жүйе аудан, қа­лалар­дың деңгейінде сақталуы мүмкін. Ал нағыз Парламентті күшей­ген саяси партиялармен жасақтауды Президенттің өте прагматикалық шешімдерінің бірі деп айта аламын. Бұл – нағыз болашақтың көрінісі. Енді саяси партиялардың арасын­дағы бәсекелестік артады деген ойдамын, – дейді Мәжілістегі «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Е.Бейсенбаев.

Жалпы, көптеген сарапшы Мем­ле­кет басшысының Парламентті жалғыз палатамен қайта жасақтау ре­фор­масы бұрын жүзеге асырыл­ған реформалардың заңды жалғасы іспетті болғанын айтып отыр. Айта­лық, Президент жанындағы Қазақ­стан стратегиялық зерттеулер инсти­туты саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Жанар Санхаева бір палаталы модельге көшу парламентіші­лік құрылымдардың нығаюы арқылы жүзеге асатынын атап өтті.

– Осылайша, парламенттік оппо­зицияның құқықтарын кеңейту, заң жобаларын жан-жақты қарау мүмкіндігі арқылы комитеттер жүйесін нығайту, сондай-ақ Пар­ламентаризм институтының және басқа да талдау қызметтерінің жұ­мы­сы негізінде сараптамалық инфра­құрылымды дамыту арқылы бақылау функциялары қайта бөлінді және күшейтілді. Осының барлығы Мәжілісте алты саяси партияның өкілдігі бар көппартия­лық жүйе жағ­дайында заңнамалық үдерістің неғұрлым жауапты және ашық болуы үшін негіз қалыптастыруға мүмкіндік берді, – дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, бір палаталы Парламентке көшу, саяси институттарды нығайтуға, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған дәйекті реформалар логикасына негізделген.

– Бір палаталы құрылым партиялық жүйені одан әрі нығайтуға жағдай жасайды. Өз кезегінде дамыған партиялық жүйе қазірдің өзінде тұрақты саяси бәсекелестікті қамтамасыз етеді, биліктің шамадан тыс жекелену қаупін азайтады және жеке тұлғалардан тәуел­сіз жұмыс істей алатын институт­тарды қалыптастырады. Сонымен қатар партия­лар Парламентке кәсіби кадр­ларды даярлауды жалғастыра алады, бұл негізгі мемлекеттік шешім­дерді шыңдал­ған саясаткерлер қабыл­дайтынына кепілдік береді, – дейді ҚСЗИ-дің бөлім меңгерушісі Ж.Санхаева.

Қалай десек те, Президент ел тағ­дырына қатысты қандай да бір мә­селеге келгенде тек қана ашық саясат жүргізу керек деп санайтынын, мұндай ауқымды реформаны қоғамнан құпия ұстауға болмайтынын шегелеп айтты. Сарапшылар Президент ұсынып отырған бір палаталы Парламент шешім қабылдаудың тиімділігін арттыратынына сенімді. Дамыған елдер­дің біразының тәжірибесінде бар бұл жүйені орта державалар қатарына қосылған біздің елде де қолданудың уақыты келді.