
– Бұл жобаның мақсаты – халық арасында сақталған көне кітап, қолжазба, хаттар мен фотосуреттерді жинақтап, оларды тарихи айналымға енгізу, зерттеу және ұрпаққа мұра ету, – дейді музей директоры Жантас Сафуллин.
Бастама авторы Жантас Набиоллаұлы жобаның тарихи, ғылыми және мәдени маңыздылығына тоқталып, биыл 150 жылдық мерейтойы аталып отырған ұлы ағартушы-ақын Ғұмар Қарашқа қатысты бірнеше папка құнды құжатты музей қорына өткізді. Оның ішінде ақынның 1911 жылы басылған «Өрнек» кітабының түпнұсқасы да бар. Бұл дүниелер 2012 жылы Мәскеу қаласында тұрған Ғұмар Қараштың немересі Нәдия Бұрханқызынан алынған екен.
Жоба бойынша халық қолындағы қолжазба, құнды құжаттардың түпнұсқасы да, көшірмесі де жинақтала береді. Нәтижесінде, музей қоры жаңа жәдігерлермен толығып, олар ғылыми сараптамадан өтіп, зерттеліп, көрмелер арқылы көпшілік назарына ұсынылады.
Жоба басталғалы аз уақыт өтсе де тұрғындар арасында ерекше қозғалыс туып жатыр. Әсіресе үлкендер жағы сандық түбіндегі сарғайған кітап, дәптердің шаңын қағып, жергілікті музейлерге жеткізген. Соның ішінде ардагер Амангелді Уәлиев тапсырған 1928 жылы 1 мамырда Жәнібек ауылында өткен шерудің фотосуреті, басқа да көне кітап, қолжазбалар бар.
Батыс Қазақстан облысы