
Жолдауда айтылғандай, Президенттің бір палаталы Парламентке көшу туралы бастамасы саяси жүйеміздің институционалды базасын нығайтуды көздейді және отандық саяси жүйенің жетілуінің, оның одан әрі институционалдық трансформацияға дайындығының көрінісі. Әрі қоғамның сұранысы мен заман талабына сай саяси реформалардың жүйелі жалғасы.
Алайда Мемлекет басшысы 10 қыркүйек күнгі «Бейбітшілік пен құқыққа негізделген болашақ» атты Конституциялық сот төрелігінің халықаралық форумына қатысушылармен кездесуінде «Парламенттік республикаға айналу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты сақталады», деп нықтап айтты.
1995 жылы жүргізілген саяси реформалардан бері өткен 30 жыл ішінде елімізде парламентаризм институты толығымен қалыптасты деп айтуға болады. Президент айтқандай, сол отыз жылда Сенат өзінің осы аса маңызды тарихи миссиясын абыроймен, тиімді атқарып, заң шығару үдерісінің, басқа да негізгі реформалардың айрықша маңызды тетігі әрі кепілі бола алды. Ең бастысы, Конституцияда көзделген биліктің бір тармағы ретінде Парламентке ел халқының сенімі артты.
Дегенмен елімізде жүргізілген саяси реформалар нәтижесінде заң қабылдау құқығы Мәжіліске берілді. Түптеп келгенде, мұның бәрі Парламенттің институт ретінде қалыптасу кезеңінен өтіп, неғұрлым ықшам нысанда сапалы жұмыс істей алады деп тұжырымдауға негіз болады.
Кейінгі жылдары сараптамалық ортада да, азаматтық қоғам арасында да «Парламенттің екі палатасын сақтап қалудың мәні жоқ, екінші палатаның болуы заң шығару үдерісінің тиімділігіне әсер етпейді» деген пікірлер өрбіді, талқылауларға тақырып болды.
Парламент заңды түрде екі палаталы болғанмен, іс жүзінде заңшығармашылық тұрғысында «қара жұмыстың» Мәжілісте атқарылатыны жасырын емес. Ал өңірлермен өзара іс-қимыл жасау – қазіргі таңда Парламент палаталарына ортақ шаруа.
Екі палата да халықпен және жергілікті органдармен кездесулер өткізеді, қоғамдық тыңдауларға қатысады, Үкіметке сауалдар мен ұсыныстар жолдайды. Бұл ретте осы қызмет жиі қайталанады, осындай бастамалар Сенатта да, Мәжілісте де қаралады, шешімдер ұқсас сипатқа ие, бірақ заңнамалық үдерістің жалпы ілгерілеуін баяулатады. Бұл ретте бір палаталық жүйеге көшу арқылы парламенттік құрылымды оңтайландыру қисынды қадам екені айқын.
Парламенттің бір палаталы моделі – әлемде кең таралған жүйе. Парламентаралық одақтың (IPU) мәліметіне сүйенсек, 188 мемлекеттің 107-сі бір палаталы құрылымға ие, 80-нен аса елде екі палаталы парламент жұмыс істейді. Халық саны көп болмаса, әсіресе шағын және орта мемлекеттер үшін екі палаталы парламенттің аса қажеттілігі жоқ. Бір палаталы жүйе, ең алдымен, орталықтандырылған шешім қабылдаумен қатар мемлекеттік саясаттың жеделдігіне, ашықтығы мен келісімділігіне ықпал етеді. Олардың ішінде дамыған демократиялық, белсенді институционалдық даму сатысындағы мемлекеттер де бар.
Мәселен, Швеция 1971 жылы екі палаталы жүйеден бас тартты. Оны заң шығару үдерісін оңтайландыру қажеттілігімен түсіндірді. Бұл процедураларды жеңілдетуге, жеделдікті арттыруға және екі палатаны қаржыландыруға кететін мемлекеттік шығындарды азайтуға мүмкіндік берді. Швеция Парламенті – Риксдаг сол кезден бері Еуропалық Одақ елдері арасында ең тиімді заң шығарушы органдардың біріне айналды. Сондай-ақ қабылданған заңға бір ғана орган жауапты әрі Үкіметке шұғыл шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Дания 1953 жылы осындай реформа жүргізіп, жоғарғы палатаны жойып, парламенттік комитеттердің жұмысын күшейтті. Бұл бюджет шығынын қысқартып қана қоймай, парламентаризмді нығайта отырып, заң жобаларының қабылдану жеделдігін арттыруға мүмкіндік берді.
Финляндияда 1906 жылдан бастап бір палаталы жүйе енгізілген. Жүз жылдық тарихына қарамастан, фин парламенті заңнамалық тұрақтылықтың үлгісі ретінде танылған. Тиімділік парламенттік комитеттердің дамыған жүйесімен және жоғары саяси мәдениетпен қамтамасыз етіледі.
Жаңа Зеландия 1951 жылы жоғарғы палатаны таратты, сонымен қатар қоғамдық пікірталастардың, петициялардың және азаматтардың заң шығару үдерісіне қатысу рөлін күшейтті. Мұндай тепе-теңдік демократиялық заңдылықты сақтауға және заң шығару жүйесінің икемділігіне қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Орталық Еуропа елдері – Словакия, Словения, Эстония, Латвия, сондай-ақ посткеңестік мемлекеттер – Украина, Грузия, Армения да бір палаталы модельді қолданады. Бұл мемлекеттер Чехословакия, КСРО секілді федеративті құрылымдар ыдырағаннан кейін бір палаталы парламентті құрды және тәжірибе көрсеткендей, бұл заң шығару процедурасын жеңілдетеді, биліктің азаматтарға есеп беруін күшейтеді.
Греция, Португалия, Литва, сондай-ақ Әзербайжан күшті бәсекелес партиялар, ашық процедуралар, дамыған қоғамдық бақылау институты жағдайында бір палаталы парламент сәтті жұмыс істейтін елдердің айқын дәлелі бола алады.
Көптеген сарапшы бір палаталы модель әсіресе унитарлық мемлекеттік құрылымы, күшті атқарушы билігі, кәсіби депутаттық корпусы, дамыған саяси партиялары, заң шығару үдерісін жеделдету қажеттілігі бар елдерде тиімді дегенге келіседі. Бұл жағдайда біздің елді унитарлы мемлекет екенін ескергеніміз жөн. Тұрақты парламенттік дәстүрге, орталықтандырылған басқаруға, дамып келе жатқан партиялық жүйеге ие Қазақстан осы өлшемшарттарға толық сәйкес келеді.
Екі палаталы парламент едәуір бюджеттік шығындарды талап етеді. Әрбір палатаның өзінің әкімшілік аппараты, техникалық және көмекші қызметкерлер штаты, сондай-ақ инфрақұрылымы бар: ғимараттар, күзет, логистика, іссапарлар, көлік, делегацияларды сүйемелдеу, өзге де парламенттік рәсімдер. Бұл шығындар негізінен қайталанады.
Мемлекеттік басқару саласындағы отандық сарапшылардың бағалауы бойынша, біздің Парламенттің құрылымын оңтайландыру заң шығарушы органға арналған шығыстар бөлігінде мемлекеттік бюджетті 35-40%-ға үнемдеуге, бұл жыл сайын 8-10 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін. Үнемделген қаражат өзге де басым міндеттерді шешуге бағытталады.
Бір палаталы құрылым бірқатар даусыз артықшылық береді. Атап айтқанда, қайталанатын әкімшілік және процедуралық функцияларды жояды, заңдарды енгізу, қарау, шешім қабылдау рәсімдерін жеңілдетеді, келісу кезеңдерін азайту арқылы заң жобаларының қабылдау мерзімдерін қысқартады, саяси және құқықтық жауапкершілікті бірыңғай өкілді органға шоғырландырады, халыққа шешімдер қабылдаудың ашықтығы мен есептілік деңгейін арттырады. Мемлекетіміз үшін де бұл модель тиімді болуы мүмкін, себебі ол саяси партиялардың рөлін күшейтіп, халықпен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Бұл бағыттағы реформа шығындарды оңтайландыру шарасы ғана емес, басқару сапасына инвестиция ретінде қарастырылуы керек. Еліміз орнықты институттардың, партиялардың дамуымен, қалыптасып келе жатқан азаматтық қоғаммен, құқықтық және ұйымдастырушылық-экономикалық тұрғыдан осы ауысуға дайын.
Бір палаталылыққа көшу міндетті түрде аймақтардың өкілдігін толығымен жоюды білдірмейді. Себебі біріншіден, Парламент құрылымы тікелей халықтың сайлау жүйесі арқылы қатысуымен жүзеге асады. Екіншіден, ұсыныстар беру, стратегиялық тыңдауларға қатысу, бюджетті бөлу бойынша ұсыныстар қалыптастыру мүмкіндігімен Парламентте өңірлердің консультативтік кеңесі құрылуы мүмкін.
Осылайша, еліміздегі бір палаталы парламентке көшу мемлекеттік институттардың азаюын емес, оның эволюциясының сапалы кезеңін көрсетеді. Мәжіліс қазірдің өзінде өкілді және заң шығарушы биліктің негізгі функцияларын орындайды. Тұрақты саяси жүйе, дамыған партиялық құрылым, азаматтық қоғамның белсенді қатысуының өсуі және кәсіби депутаттық корпустың қалыптасуы болашақта елдің парламенттік басқару моделіне көшуіне жол ашуы мүмкін.
Президент ұсынған реформа – өкілді биліктің тиімділігін арттыруға бағытталған уақтылы және ойластырылған қадам. Қазіргі саяси, құқықтық, экономикалық шындықтар артық құрылымдарды қайта қарау, шешім қабылдау жүйесін жеңілдету қажеттілігін талап етеді.
Бұл реформаны табысты іске асыруда Парламентаризм институты – зияткерлік сүйемелдеудің, құқықтық сараптаманың, институционалдық теңгерімнің кепілі ретінде шешуші рөл атқарады. Оның дамуы, парламенттік жаңғырту үдерістеріне интеграциялануы жаңа жағдайларда өкілді биліктің тұрақтылығы мен орнықтылығын қамтамасыз етеді.
Жолдауда Президент атап өткендей, егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн.
Жүргізілетін парламенттік реформа партиялық жүйенің маңыздылығын арттырады. Бір палаталы Парламентте партиялар заң шығару үдерісінде маңызды рөл атқарады деп күтіледі. Елдегі партиялық өмір де жандануы мүмкін. Саяси партияларға алдағы бір палаталы парламенттік сайлауға қатысу үшін бәсекелі тартысқа дайындалуына, өздерінің азаматтық қоғамда, саяси аренада рөлін нығайту үшін уақыт та, мүмкіндік те беріліп отыр. Қысқасы, болашақта Парламент әртүрлі әлеуметтік топтардың мүддесін қорғайтын саяси партиялардың пікірталас алаңына айналмақ.
Мемлекетіміз бұл қадамға дайын. Халықаралық тәжірибеге, ішкі қоғамдық және саяси ахуалдың пісіп-жетілуіне және қоғамдық сұранысқа сүйене отырып, мұны мемлекет пен халық үшін барынша тиімді жүзеге асыра алады.
Берік БЕКЖАНОВ,
Парламентаризм институты директорының орынбасары