Ұстаз • Бүгін, 08:30

Жауапкершілік жүгін сезінген ұстаз

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өз уақытын аямай, шәкіртінің уақытын аялай білген ұстаздың орны – қашанда төр. Оқушының зейінін ашу жолында бар күш-жігерін сарқа жұмсап жүрген педагог мамандар өңірімізде аз емес. Олардың қатарында жұмысына жаңашылдықпен қарап, ізденіс ізіне түскен азаматтар да баршылық. Солардың бірі – Мұхтар Талқанбаев.

Жауапкершілік жүгін сезінген ұстаз

Күні кеше ғана Мемлекет басшысының қолынан «Қазақстанның ең­бек сіңірген ұстазы» атағын алған Мұқаң қай кезде де қара­пайым­дылығынан танған емес. Дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» интернатында педагог-шебер ретінде еңбек етіп келе жат­қан ұстаз бірінші кезекте оқушы­ларына өз баласындай қарайды. Жүзінен мейірім шуағы себезгілеп тұратын мұғалімге деген шәкірттерінің де ықылас-ілтипаты зор.

«Әрбір ұстаз бірінші кезекте білім алушылардың психологиясын мықтап меңгергені жөн. Ұстаз оқушыларымен мықтап тіл табыса алса, екі тарап та жетістікке жетеді. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Мен қандай да бір табысқа қол жеткізсем, оның бәрі білім саласына айрықша көңіл бөліп отырған салалық министрліктің, облыс әкімдігі білім басқармасының, өзімнің ұжымымның басшылығы мен оқушыларымның арқасы деп білемін.

Президент қолынан марапат алудың жөні тіпті бөлек екен. Ерекше сезім мен әсерді бастан өткердім. 25 жыл бойы атқарған еңбегім осылайша ақталды. Бұл марапат –  қосымша жауапкершілік жүгін артып отыр. Расында да бұйырған атақтың салмағы ауыр. Енді соған сәйкес терең ізденіс ізіне түсіп, нәтижелі жұмыс көрсетуге күш саламын.

Су жаңа Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Досбергенқызы, вице-министр Майра Тұрғанбайқызы, Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Бекболатұлы бастаған азаматтардың бәрімен жүздесіп, сұхбаттасудың сәті түсті. Ол кісілер де қолдау білдірді. Сондықтан бәріне алғысым шексіз», дейді ол.

Ширек ғасыр бойы тынымсыз еңбек етіп келе жатқан ұстаздың қол жеткізген жетістіктері жеткілікті. Басқасын былай қойғанда, Мұқаң жазған «Мате­матикалық сауаттылық», «Мате­матикалық сауаттылық бо­йынша есептер жинағы» секілді өзге де бірнеше оқу-әдістемелік құралдары сала білгірлері тарапынан лайықты деңгейде өз бағасын алған. Жылдар бойы «Тұлғаның шығармашылық қабілеттерін дамытуда метатанымды мақсат еткен тиімді оқыту жолдары» тақырыбында ізденіп жүрген ұстаз бұл бағыттағы жұмысын әрі қарай жалғастыруға бекініп отыр. Өзі де, шәкірттері де республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында талай рет топ жарған.

«Ақиқатында, «Басқаларды үйрете отырып, өзіміз де үйренеміз» деген сөзді Сенека текке айтпаған. Оқу үдерісі кезінде мұны өзім де айқын сезіндім. Әрбір білім алушымен жекелей жұмыс істеген ұстаздың ісі алға басатыны даусыз. Ширек ғасырлық іс-тәжірибемде осыған анық көз жеткіздім.

Турасын айтсақ, нашар оқушы болмайды. Тек алдыңа келген баланың математикаға деген қызығушылығын оята білу керек. Мұғалім жаңашылдыққа ұмтылмаса, оқу үдерісі кезінде білім алушының ғылымға деген махаббатын үстемелей алмаса, бәрі бекер. Жылдар өткен сайын тәжірибеміз толыса түсті. Бұл – сол жылдармен жинақталған тәжірибенің арқасында түйген ойым.

Жұмысты жүйелі істеу үшін жайлы атмосфера керек. Мұндайда ұжымның қолдауын күтетінің анық. Сол тұрғыдан келгенде өзім жұмыс істейтін ұжымның басшылығы қай кезде де қолдаудан кенде қалдырған емес. Ол кісілердің қолпаштауы маған қанат бітіреді. Осындай ұжымда еңбек етіп жүргенім де бір бақыт шығар», дейді ұстаз.

Жанарынан мейірім нұры себезгілеп тұратын Мұқаңның алға қойған мақсаты аз емес. Ол көп әріптесі секілді жұмысқа жұмыс деп қарамайды, ғылым деп түсінеді.

 

Жамбыл облысы