Қоғам • Бүгін, 08:50

Геология – тұрақты даму негізі

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада Халықаралық геологиялық кеңестің XXVIII сессиясы өтті. Оған Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінің делегация­лары қатысты. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев сессия қаты­сушыларын құттықтап, геологияның елдің тұрақ­ты эко­но­микалық дамуының негізі екенін атап өтті.

Геология – тұрақты даму негізі

Сурет: gov.kz

Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаровтың айтуынша, 2026 жылға қарай еліміздің геологиялық зерттелу аумағы 2,2 миллион шаршы километрге жетеді. Сонымен қатар 1:50 000 масштабында егжей-тегжей карталау жұмысы басталады.

«Біздің мақсатымыз тек қана территорияны картаға түсіру емес, жаңа кен орындарын табу және геологиялық болжамдардың дәлдігін арттыру. Кеңестің негізгі бағыты – геология мен жер қойнауын пайдалану мәселелері. Біздер көршілес елдер болғандықтан, жерасты байлықтарын зерттеуде ортақ мүддеміз бар. Геология – шекараға бағынбайтын ғылым. Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында геология саласына ерекше назар аударып келеді. Президент тапсырмасына сәйкес еліміздің геологиялық зерттеу аумағын кеңейту жұмыстары жүріп жатыр», деді Геология комитетінің төрағасы.

Төраға сөзінше, Үкімет қолдауымен елімізде 50 мыңдық масштабтағы геологиялық карталар жасау қолға алынған. Қазір 25 жоба әзірленіп жатыр. Олар сирек кездесетін металдарды тауып, кең көлемді зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Тәуелсіздік жылдары ірі кен орындары аз табылғанымен, 100-ден астам мұнай кен орны мен 130-дан аса қатты пайдалы қазба кен орындары мемлекеттік балансқа енгізілді.

«Алдағы уақытта халықаралық сарапшылар мен заманауи технологияларды пайдалану арқылы жаңа жетістіктерге жетеміз деп сенеміз. Айтқандай, жерасты байлығымыз ең негізгі қазынамыз болғандықтан, құпиялық саясаты да көпшілікті алаңдатады. Зерттеу барысында құпиялылық сақталады. Нақты кен орындарының нүктелері мен қоры жасырын ақпаратқа жатады. Ал елдер арасындағы ынтымақтастық кезінде тек жалпы бағыттар мен геологиялық құрылымдар талқыланады», деп түсіндірді Е. Ақбаров.

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасының геоло­гия­лық даму жөніндегі орын­басары Ғалым Нұржановтың айтуын­ша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қазір геология сала­сын­да цифр­ландыру мен жасанды интел­лект­і­ні­ қолдану мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр.

«Біз осы бағытта көршілес елдердің тәжірибесін зерттеп, бір-бірімізбен ақылдасып, ортақ жобаларды талқылап жатырмыз. Қа­зақстан бұл салада көш­бас­шы, сон­дықтан тәжірибемізді көршілеріміз­бен бөлісіп жүрміз. Геологтер күнде бас қоса бермейді. Жиында әр ел өз жетістігін ортаға салып, страте­гиялық карталары мен цифр­ландыру бо­йынша жобаларын таныстырды. Осы арқылы өзіміздің әлеуеті­мізді бағалап, қай тұста алда келе жат­қаны­мызды немесе қандай бағыт­ты жетіл­діру қажет екенін салыстыра аламыз», дейді.

Мәселен, «Minerals.e-qazyna» біре­гей электрондық платформасы іске қосы­лып, 21 мемлекеттік қызмет автоматтан­дырылды. Оның ішінде лицензия беру, аукциондар мен онлайн есеп беру, 50 мыңнан астам геологиялық үдеріс бар. Қазақстанның еңбек сіңірген геологі академик Ұлжабай Жұмағалиұлының айтуынша, кеңестің негізгі мақсаты – ТМД елдері арасында геология саласындағы ынтымақтастықты дамыту.

«Мұнда әр ел өзінің заңнамалық базасын, жаңа технологияларын, жұмыс әдістерін таныстырады. Кейде кен орындары шекараның екі жағына тиесілі болып келеді, мысалы бір бөлігі Ресейде, екінші бөлігі Қазақстанда. Мұндай жағдайда бірлесіп барлау жұмыстарын жүргізу өте маңызды. Сондықтан бұл кеңестің барша қатысушы мемлекеттер үшін пайдасы зор», деді ардагер геолог.

Академик геология саласындағы бірқатар мәселені де тілге тиек етті. Айтуынша, тәуелсіздік жылдары геологиялық барлауға 220 млрд теңге бюджет қаржысы жұмсалды. Бірақ жаңа ірі кен орындары ашылмады. Мұның себебі – жобаларды бір ұйым жасаса, жұмыстарды басқа ұйым орындайды. Ақша бөлінеді, бірақ соңында нәтиже шықпайды. Сондықтан жобалау мен орындауды бір жерде шоғырландыру қажет.

«Геология комитетінің мәртебесі де – үлкен мәселе. Ол үнемі әр министрліктің құрамында жүреді. Бірде оныншы комитет, бірде сегізінші комитет болып жұмыс істейді. Бүгінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ішінде. Бұл дұрыс емес. Геологияға жеке орган керек. Ол органның құзырында лицензия беру, барлау жүргізу, барлық геологиялық мәселе бір орталықтан басқарылуға тиіс», деді Ұ. Жұмағалиұлы.