
Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
«Alem.ai» орталығы жұмысын бастады
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің басында алқалы жиынға Мажарстанның Президенті Тамаш Шуйоктің қатысып жатқанын ерекше атап өтіп, оның идеялары мен бастамалары цифрлық технология саласындағы халықаралық серіктестікті нығайта түсуге септігін тигізетінін айтты.
– Бүгінде Digital Bridge өте маңызды пікір алмасу алаңына айналды, бұл жерде жаһандық өзгерістер мен цифрлық экономиканың болашағы туралы өзекті ойлар айтылып, маңызды бастамалар көтеріледі. Осы уақыт ішінде форум жұмысына 67 мыңнан аса адам, 500-ден аса ІТ-компания және 100 елдің өкілі қатысты. Қазақстан Еуразиядағы негізгі цифрлық хаб ретінде алдағы уақытта да осы маңызды жұмысты жалғастыра береді. Қазір жаһан жұртшылығы жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Озық технологияның жоғары қарқынмен дамуы саясатқа, экономикаға және миллиардтаған адамның өміріне тікелей әсер етіп жатыр. Бұған бәріміз куә болып отырмыз. Сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллектінің дамуына кейінгі жылдары дүние жүзі бойынша 1 трлн доллардан артық инвестиция салынған (Gartner). Ал аталған саланың әлемдік экономикаға қосатын үлесі таяу онжылдықта 7 трлн долларға дейін жетуі мүмкін (Goldman Sachs). Әйтсе де мұндай оң нәтижеге аталған технологияны жауапкершілікпен пайдаланған кезде қол жеткізуге болады. Қазіргі таңда жасанды интеллект саласындағы жауапкершілік туралы қызу пікірталас жүріп жатыр. Әсіресе ортақ реттеу ережелерін түзу және барлық елдің озық технология мен ресурстарға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша назар аударылып отыр. Біздің міндетіміз – жаңа технологияны адамзат игілігіне пайдалану, оны прогресс пен ынтымақтастықтың қозғаушы күшіне айналдыру, – деді Президент.
Мемлекет басшысы отыз жылдан аса уақыт бұрын Қазақстан бейбітшілік пен қауіпсіздік жолын таңдап, ядролық қарудан өз еркімен бас тартқанын айта келе, бүгінде еліміз жасанды интеллект бейбіт мақсатта ғана қолданылуға тиіс деп батыл түрде мәлімдейтінін, оның әскери салада, кибершабуылдарға және халықаралық тұрақтылыққа қатер төндіретін жобаларда пайдаланылуына жол беруге болмайтынын атап өтті.
– БҰҰ Бас Ассамблеясының таяуда өткен сессиясында мен Қазақстанның Ұйым аясында Жасанды интеллектіні басқару жөніндегі жаһандық диалог жұмысына атсалысуға дайын екенін растадым. Біз серіктестеріміздің бастамаларын, соның ішінде Қытайдың ЖИ саласындағы жаһандық ынтымақтастық ұйымын құру туралы ұсынысын қолдаймыз. Мен биыл халыққа Жолдауымды цифрландыру және жасанды интеллект мәселесіне арнадым. Біз алдымызға нақты мақсат қойдық: Қазақстан үш жыл ішінде нағыз цифрлық ел болуы керек. Бұл – өте ауқымды міндет. Сондықтан біз қазір еліміздің біртұтас цифрлық экожүйесін құру ісімен белсенді түрде айналысып жатырмыз. Кеше Астанада Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің бірінші отырысы өтті. Жиында білім беру мәселелері қаралды. Әлемге танымал сарапшылармен бірге адам капиталын дамыту мәселесі талқыланды, нақты міндеттер айқындалды. Ең бастысы, жасанды интеллект саласындағы тұңғыш зерттеу университетін құру туралы өте маңызды шешім қабылданды. Сондай-ақ бүгін «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығы өз жұмысын бастайды. Бұл орталықты инновациялар мен тың идеялардың мекені деуге болады. Жалпы, Қазақстан осы саладағы кез келген ынтымақтастыққа ашық. Сондай-ақ біз елімізде екінші суперкомпьютер кластерін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жасанды интеллект тек игі мақсатқа қызмет етуі керек. Адам игілігі басты орында тұрады. «Alem.ai» жасанды интеллектіні барынша тиімді әрі этикалық нормаларға сай қолданатын жаһандық орталық болуға тиіс. Жасанды интеллект технологиясын жауапкершілікпен қолдану өте маңызды. Сондықтан жаңа университет және «Alem.ai» орталығы біртұтас экожүйенің негізгі өзегі ретінде қызмет етуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Заңнамалық негіз қалыптастырудың өзектілігі
Президент өз Жолдауында цифрлық мемлекет құру Қазақстанның келешегін айқындайтын стратегиялық таңдау екенін атап көрсеткенін, үш жылдың ішінде цифрлық басқару форматына толық өту міндеті қойылғанын айтты. Бұл мемлекеттің азаматтармен және бизнеспен өзара қарым-қатынасын түбегейлі өзгертеді. Осы мақсатта Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Жаңа ведомство цифрландырудың және тұрмыстың барлық саласына жасанды интеллектіні енгізудің басты локомотиві болады.
– Басқаша айтқанда, еліміздегі қоғамдық өмір мүлдем өзге сипат алады. Технологиялық тұрғыдан анағұрлым заманауи болады, яғни ұлтымыздың менталитетіне оң әсерін тигізеді. Осылайша, біз өркениетке батыл қадам жасаймыз. Мен халқымыздың кейінге қайырылып, өткенмен өмір сүрмей, келешекке сеніммен көз тігуге тиіс екенін бұған дейін бірнеше рет айтқан едім. Бүгін маған «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің ЖИ технологиясымен жұмыс істейтін виртуалды мүшесінің қызметін көрсетті. Бұл – ұлттық суперкомпьютер мен Қазақстандағы Alem LLM үлкен тілдік модель базасында іске асырылған Орталық Азиядағы алғашқы жоба. Ішкі үдерістердің бәрін оңтайландыруға септігін тигізетін мұндай шешімнің маңызы зор. Еліміздегі ұлттық компаниялар, отандық кәсіпорындар осындай инновациялық жобаларды белсенді түрде қолдануы керек, өйткені озық технология дәуірінде түбегейлі өзгеріске дайын болу өте маңызды. Онсыз даму болмайтыны анық, – деді Мемлекет басшысы.
Президент тоқталған тағы бір мәселе – озық технологияларды қолдану, бір жағынан, пайдалы және тиімді болғанымен, екінші жағынан, сын-қатері де аз емес. Сондықтан Жасанды интеллектіні пайдалану үшін тиісті заңнамалық негіз қалыптастыру – аса өзекті міндет. Бұл бағытта біраз жұмыс істелді, әлі де істеліп жатыр. Осы саладағы негізгі құжат – Цифрлық кодексті жедел қабылдау үшін нақты шаралар жасалып жатыр. Кодексте экономика, білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару салаларын жаппай цифрландыру жүйесі айқындалады.
– Жалпы, Цифрлық Кодексті асығыс қабылдай салуға болмайды, бұл – шын мәнінде жауапты, күрделі жұмыс. Сол себепті Парламентте сарапшылардың, құзырлы мекеме өкілдерінің қатысуымен жасанды интеллектіні дамыту мәселесі бойынша арнайы тыңдаулар өткізілді. Бір апта бұрын Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады. Расында, бұл уақтылы қабылданған Заң болды. Шетел мамандары да мұны еліміздің тұрақты цифрлық экожүйесін құру жолындағы маңызды қадам деп бағалап, жақсы пікір айтуда. Бірақ жайбарақат отыруға болмайды, алдымызда ауқымды жұмыс бар. Жасанды интеллектінің орасан зор әлеуетін Әділетті, Қауіпсіз және Қуатты Қазақстанды құру үшін қолдануға болады. Алайда біз шындыққа тура қарауымыз керек: Жасанды интеллект және цифрландыру мәселенің бәрін бір сәтте шешіп тастамайды. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні тиімді пайдалану үшін өте маңызды үш міндетті қатар орындау керек. Атап айтқанда, осы салаға ресурс тарту, жаңа білімді меңгеру және әдеп (этика) нормаларын сақтау. Бір сөзбен, әділ әрі тиімді шешім қабылдай отырып, жылдам және ашық әрекет ету керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, әрбір жаңа мемлекеттік қызмет көрсету ең әуелі цифрлық форматта жасақталуға тиіс. Бұрын ұсынылған мәліметтерді қайта сұратудың керегі жоқ. Бұдан бөлек, мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасына байланысты барлық нормативтік актілер бекітілгенге дейін міндетті түрде цифрлық сараптамадан өткізілуі қажет. Соның нәтижесінде азаматтар мен кәсіпкерлер бюрократиядан құтылып, олардың мемлекеттік институттарға деген сенімі нығая түседі.
Жалпы, айтылған барлық шара біздің аймақта жаңашылдық саналады. Бұл еліміздің цифрлық саясатының ұзақмерзімді әрі жүйелі бағытын көрсетеді. Ақылды технологиялар үлкен деректерді өңдеуге, әлеуметтік саладан бастап негізгі экономикалық көрсеткіштерге дейінгі көптеген саланы талдауға қабілетті. Яғни стратегиялық жоспарлаудың тиімділігін айтарлықтай жетілдіреді. Сәйкесінше, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға және экономикалық өсімді арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар халық несие беруден бастап мемлекеттік қызмет көрсетуге дейінгі алгоритм жүйелерінің қалай жұмыс істейтінін білуі әрі түсінуі керек. Жасанды интеллект технологиясын экономиканың барлық саласына жаппай енгізу үшін тиісті заңнаманы да соған сәйкес бейімдеу қажет. Бұл – еліміздің цифрлық және зияткерлік дербестігін қорғайтын нақты тетіктер болу керек деген сөз. Түптеп келгенде, цифрландыру және нейрожеліні кеңінен қолдану Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа философиясына айналуға тиіс.
Форум енді «AI Bridge» деп аталады
– Қазір әлем жұртшылығының алдында жасанды интеллектінің болашағына қатысты түрлі таңдау тұр. Оның кейбірі шексіз мүмкіндіктерге жол ашады. Ал енді бірі үлкен сын-қатерлерге душар етуі мүмкін. Дегенмен бір нәрсе анық – келешегіміздің қандай болары біздің бірлесіп әрекет ете білуімізге байланысты. Жасанды интеллект – қазіргі заманның ақиқаты. Алдағы жылдары да адамзат дамуының негізгі бағдары жасанды интеллектіге тікелей байланысты болатыны анық. Сондықтан келесі жылдан бастап форумды «AI Bridge» деп атаған жөн деп санаймын. Бірақ форумның мақсат-міндеті өзгермейді. Осы бірегей алаң технология саласындағы алпауыттар мен түрлі стартаптар, бизнес пен ғылым, мемлекет пен азаматтар арасындағы дәнекер болып қала береді. Форумның жаңа бағдары халықаралық ынтымақтастыққа тың серпін беріп, жасанды интеллектіні халқымыздың игілігі жолында тиімді пайдалануға септігін тигізеді, – Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, жаһандық өркениеттің келбетін өзгертетін басты күш ретінде жасанды интеллект бүгінде адамзат өмірінің мәнін қайта саралауға мәжбүрлеп отыр. Бұл – баршамызға үлкен сынақ. Сондықтан біз инженерлер мен басқа да кәсіп иелерін, сондай-ақ осы технологияның мәні мен даму беталысын пайымдай алатын гуманитарлық сала мамандарының жаңа буынын тәрбиелеп шығаруымыз керек.
– Жасанды интеллектіде түрлі қоғамның болмыс-бітімі, дәстүрі, құқықтық нормалары мен адамгершілік қағидалары көрініс табуға тиіс. Сондықтан оны дамытуға философтар, әлеуметтанушылар және заңгерлердің атсалысатынына сенімдімін. Технология әлеуметтік теңсіздікті ушықтырмауы, азаматтардың мінез-құлқы мен таңдауына манипуляция жасамауы керек. Ол үшін тиімді шаралар қабылдауымыз қажет. Артықшылыққа ие топтар алгоритмдерді пайдаланып, әлдебір құндылықтар мен ойлау моделін қоғамға таңуы ықтимал. Оған жол беруге болмайды. Бұл әлемнің мәдени әралуандығына қиянат жасау болып саналады. Технология таңдаулыларға ғана емес, баршаға қызмет етуге тиіс. Әділ шешімі – осы. Біз мына маңызды мәселені де назарда ұстауымыз керек: жасанды интеллектінің бойында сана бар, бірақ сезім жоқ. Жасанды интеллект талдау және болжам жасауға қабілетті болғанымен, адам сияқты армандап, қиялдай алмайды. Кім біледі, бәлкім, он-жиырма жылдан кейін мұндай ахуалдың өзі түбегейлі өзгеруі мүмкін, бірақ қазіргі таңда Жасанды интеллектінің «жаны» (эмпатия) әзірше жоқ. Адамзат жасанды интеллектінің игілігін көруі керек. Заманауи технологиялар қаншалықты озық болса да, адамның ой-санасы одан да жүйрік болуы қажет, яғни адам бұл тұрғыдан машинаның артында қалмауы керек. Осы мәселе бойынша көптеген тұжырым пайда болуда, тіпті, қызу пікірталастар жүріп жатыр. Бұл істе философия, мәдениет және білім айрықша рөл атқарады. Басқа сөзбен айтқанда, адамның шексіз әлеуеті және озық технологиялардың бірегей мүмкіндігі ұштасқанда ғана жарқын болашаққа даңғыл жол ашылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөзінің соңында форум жұмысына табыс тілеп, жиын барысында құнды ой-пікірлер, пайдалы ұсыныстар айтылады деп сенім білдірді.
Мемлекет басшысы Digital Bridge – 2025 халықаралық форумы аясында «AI SANA» Generative Nation байқауының жүлдегерлері мен жеңімпаздарын марапаттады. Лауреаттар мектеп жобалары, студент бастамалары, стартаптар және ғылыми әзірлемелер деген төрт аталым бойынша жеңімпаз атанды.
Қазақстан – жаһандық деңгейдегі орталық
Форумда Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок, Telegram негізін қалаушы және бас атқарушы директоры Павел Дуров, Sinovation Ventures және 01ai бас директоры Ли Кай Фу, Стэнфорд университетінің ғылыми қызметкері, Google сарапшысы Питер Норвиг, G42 International компаниясының бас директоры Мансур Ибрагим Әл Мансури, Стэнфорд университетінің профессоры Илья Стребулаев сөз сөйледі.
Пленарлық отырыста сөз алған Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок Қазақстанның технологиялық даму жолындағы қадамдарын жоғары бағалап, елдің Орталық Азиядағы жетекші инновациялық хабқа айналып келе жатқанын ерекше атап өтті.
– Біз бүгін осында жиналып, ғылымдағы үлкен жетістіктерді бөлісіп отырғанымызға қуаныштымыз. Жуырда мажарстандық ғалымдардың Нобель сыйлығына ие болуы – біз үшін зор мәртебе. Бұл – Мажарстанның ғана емес, бүкіл аймақтың ғылыми қауымдастығының алдыңғы қатарда екенінің айқын дәлелі. Жаңа технологиялар мен инновациялар бүгінде тек бір бағытпен шектеліп отырған жоқ. Олар түрлі салаларда пайда болып, өңірлердің дамуына серпін беріп келеді. Бүгінгі таңда Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері жаһандық деңгейдегі бәсекеге белсене қатысып отыр. Қазақстан да бұл үрдістен қалыс қалған жоқ. Мұнда технология мен инновацияға арналған ірі хабтың қалыптасуы – осының айғағы, – деді Тамаш Шуйок.
Мажарстан Президенті маңызды үш негізгі аспектіні ерекше атап өтті. Біріншіден, жасанды интеллект адам өмірін жақсартуға қызмет етуі керек. Екіншіден, инновациялар адамзатқа пайда әкеліп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталуы қажет. Үшіншіден, технологиялық даму барысында этикалық нормаларды сақтау – басты шарт.
– Жасанды интеллект ешқашан адамды алмастыра алмайды. Технология адамдарды бөлмеуге тиіс, керісінше, оларды біріктіруге қызмет етуі қажет. Адам технологияның құралы емес, оны дамытушы күш болуға тиіс. Бұл – біздің моральдық әрі құқықтық жауапкершілігіміз. Мен заңгер маман ретінде технологиялық даму ғылыми не экономикалық жетістік ретінде ғана емес, адам құқығы мен қоғамның моральдық құндылықтарымен де үйлесуге тиіс айтқым келеді. Сондықтан біз инновацияны дамыта отырып, оны адамзат игілігіне бағыттауымыз керек, – деді ол.
Биылғы форумның негізгі қонағы Павел Дуров Қазақстанда жасанды интеллект зертханасын ашқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, еліміз өңірлік деңгейде ғана емес, жаһандық технологиялық картаның да маңызды орталығына айналып келеді.
– Бір жыл бұрын біз Қазақстанда алғашқы өңірлік кеңсемізді ашқан едік және оның нәтижесіне өте разымыз. Ал бүгін біз «Alem.ai» ғимаратында жасанды интеллект бойынша мамандандырылған зертхананы іске қосып отырғанымызды зор ризашылықпен хабарлаймын. Ең алдымен Telegram мен Қазақстанның Жасанды интеллект министрлігі іске қосқан суперкомпьютер кластерінің бірлескен жобасын жүзеге асырамыз. Бұл технология миллиардтан аса адамның жасанды интеллект мүмкіндіктерін құпия түрде, ашық әрі тиімді пайдалануына жол ашады. Біз қазақстандық суперкомпьютер кластері осы желі үшін алғашқы ірі есептеу қуатын жеткізуші болады деп үміттенеміз, – деді Павел Дуров.
Форумға арнайы келген шетелдік сарапшылар мен ғалымдар жаңа технологиялардың қоғамға әсерін, бизнеске, білімге және мемлекетті басқару жүйесіне ықпалын талқылады. Солардың бірі – 40 жылдан аса уақыт бойы жасанды интеллект пен машиналық оқытуды зерттеп келе жатқан Sinovation Ventures және 01ai бас директоры Ли Кай Фу. Ол жасанды интеллектінің болашағы мен оның адамзат өміріндегі орны туралы пікір білдірді.
– Қазіргі таңда біз Қазақстанды жақсырақ танып, оның әлеуетін айқын көріп отырмыз. Бұл – мақтан тұтарлық жағдай. Ең бастысы – сіздер жасанды интеллектіге жол ашып жатырсыздар. Мен өзім бұл саламен 45 жылдан бері айналысып келемін. Алғашында машиналық оқытумен шұғылдандым, қазір Астанада да осы бағыттағы жобаларды дамытып жатырмын. Жасанды интеллект – қазіргі замандағы ең маңызды технологиялардың бірі. Адамзат ойлап тапқан бұл құрал интеллектіні жетілдіруге, шығындарды азайтуға, өнімділікті арттыруға ықпал етеді. Біз мұндай серпілісті бұрын-соңды көрген жоқпыз. Жасанды интеллект – жай чат-бот емес. Бұл – құралдардың жиынтығы. Ол бізді өнімдірек етіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол шығармашыл адамдарға жаңа идеялар ұсынуға жағдай жасайды. Ол цифрлық агенттерді, виртуалды қызметкерлерді қалыптастырып, ұйымдардың өнімділігін арттырады. Жалпы алғанда, жасанды интеллект елдердің дамуын, ұйымдардың құрылымын, болашақтың бағытын өзгертеді. Мен Қытайда да жұмыс істедім. Ол жақта алдыңғы қатарлы технологиялық хабтар құрылды, акселераторлар іске қосылды. Жасанды интеллект құралдары білім, бизнес салаларында кеңінен қолданылды. Осы тәжірибенің арқасында біз үлкен нәтижелерге қол жеткіздік. Қазақстан дұрыс бағытта келе жатыр. Digital Bridge сияқты форумдар тек экономикалық ортаны емес, академиялық қауымдастықтың, кәсіпкерлердің, инвесторлардың басын біріктіріп отыр. Бұл – үлкен жетістік, – деді ғалым.
Digital Bridge алаңы технологиялық инновацияларды насихаттауға ғана емес, елдер арасындағы стратегиялық серіктестікке де жол ашты. Жасанды интеллект тақырыбы аясында G42 International компаниясының бас директоры Мансур Ибрагим Әл Мансури сөз сөйлеп, технологияның болашақтағы рөліне тоқталды.
– Біріккен Араб Әмірлігінде жасанды интеллект тек индустрия емес, болашағымызды айқындайтын стратегиялық бағдарлама. Жасанды интеллектіні біз құрал ретінде ғана емес, білім алу мен білім беруді, жалпы білім жүйесінің болашағын анықтайтын іргелі бағыт ретінде қарастырамыз. Стратегияның болуы маңызды, алайда оны нақты іске асыру одан да маңызды. Біз осыған ерекше мән беріп, ынтымақтастық пен серіктестік негізінде жұмыс істеп келеміз. Мысалы, суперкомпьютерлерді жасаудан бастап, жасанды интеллектінің ғылым мен денсаулық сақтау саласында кеңінен қолданылуына дейін нақты қадамдар жасалып жатыр. Мұхаммед Осар атындағы Жасанды интеллект университеті – соның жарқын мысалы. Бұл – білім мен технологияны ұштастыратын бірегей орталық. Бүгінде Қазақстанда да жасанды интеллект қарқынды дамып жатқанын көріп отырмыз. Қазақстанда алғашқы суперкомпьютердің жасалуы және ақылды қалалар құру бастамалары – болашақтағы ауқымды өзгерістердің алғашқы қадамы. Энергоресурстарға сүйенген дәуір артта қалып барады. Қазір адамзат үшін ең маңыздысы – жасанды интеллект. Қазақстан осы бағытта Еуразиялық кеңістікте көпір бола алады. Біз бірге болашаққа қадам басып, жасанды интеллектінің трансформациялық әлеуетін толық пайдалануымыз керек, – деді ол.
Стэнфорд университетінің ғылыми қызметкері, «Google» сарапшысы Питер Норвиг білім саласындағы өзгерістер туралы айтты.
– Төрт жыл бұрын зерттеушілер білім беру саласын дамытуға бағытталған зерттеулер жүргізген еді. Сол кезде бір оқытушының студенттерге дәріс беру үрдісінде кейбіреулер білімді тез қабылдайтыны, ал кейбіреулер баяу меңгеретіні анықталды. Ал қазір жағдай мүлде басқа: білім беру барысы жекелендірілген форматқа көшіп жатыр. Студентпен бетпе-бет жұмыс жүргізілгенде олардың білім алу сапасы артады. Кейінгі бірнеше жылда жасанды интеллектінің пайда болуы бұл мәселені шешуге жаңа мүмкіндік берді. ЖИ технологиясы білім беру контентін жақсартуға, студенттердің қабілетіне қарай бейімделген оқу бағдарламасын ұсынуға жағдай жасайды. Дегенмен бұл оңай шаруа емес, себебі білім жүйесінде жасанды интеллектіні енгізу – күрделі әрі жауапты іс. Мен осы саланы 30 жыл бұрын да зерттегенмін. Сол кезде де технологияның негізгі мақсаты адамды алмастыру емес, қайта оған көмек көрсету екені айтылатын. Бүгін де ЖИ адамның орнын баспайды, керісінше оның жұмысына серік болып, тиімділігін арттырады. Бұл технологияны жұмыспен қамту саласында, қызмет көрсету секторында қолдануға болады. Мәселен, мейрамханаларда қонақтардың сұранысын орындау үшін ЖИ қолдану адам еңбегін жеңілдетеді. Қазақстандықтардың да бұл тұрғыда әлеуеті зор. Бүкіл әлем қолданып жатқан ЖИ құралдарын меңгеру арқылы олар жаһандық деңгейде көшбасшы бола алады. Бірақ ең бастысы – жасанды интеллектіні саналы әрі жауапкершілікпен пайдалану, – деді сарапшы.
Стэнфорд университетінің профессоры Илья Стребулаев венчурлық стартаптар туралы сөз қозғай келе, осы саладағы зерттеу жұмысының нәтижелерін айтты.
– Бүгінде нарықтағы капитализацияның 98 пайызын АҚШ-та құрылған жеті ірі компания қамтамасыз етіп отыр. Бұл компаниялардың барлығы кезінде венчурлік стартаптар болған. 90-жылдардан бастап АҚШ-та венчурлік капитал мен бүкіл экожүйе жыл сайын шамамен 30 пайызға өсіп отырды. Бұл бізге бір маңызды ой салады: технология дамуы ғасыр бұрынғыдай жүздеген жылды қажет етпейді. Мәселен, арбадан көлікке өту үшін ұзақ уақыт қажет болды. Ал қазір жаңа технологиялық кезеңдер әлдеқайда жылдам. Бұл үдеріс одан әрі жеделдей түсетіні анық. Мен әртүрлі тәжірибелерді талдай келе, технологиялық дамуда өзіндік цикл бар екенін байқадым. Әдетте ол – 7 жыл шамасында. Осы уақыт аралығында елдер мен компаниялар алдыңғы қатарда болуға мүмкіндік алады. Бұл ең алдымен еңбек нарығына, әлеуметтік өмірге ықпал етеді. Бірақ біз үшін маңыздысы – осы өзгерістердің қоғамды қалайша жағымды арнаға бұратыны. Қазіргі таңда Қазақстанда да венчурлік капитал қоры құрылды. Бұл – өте дұрыс әрі дер кезінде жасалған қадам. Өйткені әлемдік деңгейде өзгерістер жасау үшін венчурлік капиталды тек бір аймаққа емес, түрлі өңірлерге тарту қажет. Осы тұрғыдан алғанда Digital Bridge форумы – аса маңызды алаң. Бұл форум дүниетанымды өзгертіп, жаңа көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді, – деді ол.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
Айтолған ЖҮНІСХАН,
«Egemen Qazaqstan»