
Еңбек жолын 2007 жылы Екібастұздағы мектепте бастаған Қуаныш Алтынжанов 2011 жылы Сингапурдағы «Problem based learning» деп аталатын курсқа қатысқан. Бір жылдан соң ағылшын тілін шыңдау мақсатында Солтүстік Ирландияның Белфаст қаласындағы тілдік курсқа барған. Ал 2013 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Финляндиядағы HAMK университетінде жоғары сыныптарда математиканы ағылшын тілінде оқыту бойынша педагогикалық тағылымдамадан өткен. Сол жақтағы мектептердің тәжірибесін көріп, ғылыми жобасын қорғаған соң Қ.Алтынжанов 2021 жылы өзінің туған ауылындағы мектепке оралып, «математика мұғалімі» атанады.
– Әр бала қай жерде туып-өскеніне қарамастан, сапалы білім алуға тиіс. Менің де мақсатым сол, ауыл оқушыларына шетелден алған білімім мен тәжірибемді бөлісіп, оларды бәсекеге қабілетті тұлға етіп қалыптастырғым келеді. Жалпы, шәкірт жетістігі – мұғалім жетістігі ғой. Бірде оқушым халықаралық сайыстан жүлделі оралып, маған ерекше алғысын айтып, «Мен болашақта математика мұғалімі боламын, оған бүгін көзім жетті. Мықтылардың қатарынан көрінгенім – сіздің еңбегіңіз» деген кезде бір күліп, бір жылағанымыз бар еді. Кейін сол оқушым Ұлттық бірыңғай тестілеуден 50/50 балл алып, университетін де сәтті аяқтады. Қазір «Болашақ» бағдарламасымен магистратурасын жалғастырып жатыр. Мінеки, бізді қуантып, марқайтатын – шәкірттердің осындай жетістігі ғой, – деді ол ағынан жарылып.
Қуаныш Алтынжановтың сөзінен оның кәсіби ұстанымдары мен ұстаздық жолға деген адалдығы айқын аңғарылады. Шетелдік тәжірибе мен заманауи білім беру әдістерін меңгерген білікті маманның еңбегі ауыл мектептерінің дамуына ғана емес, елдің жалпы білім беру жүйесінің ілгерілеуіне де үлес қосатыны анық.
– Оқушымен тіл табысып, оны түсіне білу – мұғалімнің басты міндеті. Сабақ барысында бір бала: «Ағай, кеше TikTok-та бір видео көрдім» десе, бірден «Оны неге көресің, ол зиян» деп тыйып тастау дұрыс емес. Керісінше, қандай бейнежазба екенін сұрап, қажет болса, дұрыс бағыт-бағдар көрсеткен жөн. Сондай-ақ үлгерімі төмен оқушыны жақсы оқитындармен бірге отырғызуға тырысамын. Өйткені баланың ынтасы да, білімге деген қызығушылығы да көп жағдайда өз ортасына байланысты қалыптасады, – дейді ол.
Математика мұғалімінің айтуынша, ауыл мектептерінің мәселесі де жоқ емес.
– Шетелден алған білімімді қолдан келгенше оқу үдерісінде ұйымдастырып жатырмын. Алайда материалдық базаның төмендігінен көп идеяларды іске асыру мүмкін болмай тұр. Кабинеттеріміз жаңа үлгідегі құрал жабдықтарымен қамтамасыз етілсе, онда оқушылардың білімі шыңдалатыны анық. Әлі күнге дейін бор тақтамен жұмыс істейтін мектептер бар. Шыны керек, 5 жыл бұрын алынған құралдардың сапасы сын көтермейді. Сұраныс берсек, көп жағдайда «бюджетте қаражат жоқ» деген жауапқа тірелеміз. Жасанды интеллект дамыған заманда бұл ауыл балаларының білімге деген құштарлығын тұншықтырып отыр десек те болады. Алайда мұғалімнен сұраныс өте жоғары. Министрлік ауыл мектептерінің нақты проблемаларын шешетін уақыт жетті. Ротациядан бастап, мұғалімдердің біліктілігін арттыру ісіне айрықша мән берілуі қажет, – дейді Қ.Алтынжанов.
Иә, ауыл мектебінің мүмкіндігі толық ашылса, білімді балалардың көптеп шығатыны анық. Қай өңірде қызмет етсе де, ұстаздың басты мақсаты – шәкіртке сапалы білім беру. Шетелде жинаған тәжірибесін туған ауылына арнап, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп отырған Қ.Алтынжановтың еңбегі– елге қызмет етудің, ұрпаққа үлгі болудың жарқын көрінісі деп білеміз.