Ұстаз • Бүгін, 08:38

Саналы шәкірт тәрбиелеген

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мектеп педагогтерінің басты қағидасы – «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға». Осы тәмсілді ұстанатын Ләззат Төлепованың 33 жылдық еңбек өтілі бар.

Саналы шәкірт тәрбиелеген

Әр оқушыға сапалы білім беру үшін пән мұғалімдеріне зор жауапкершілік жүктеледі. Дегенмен оқушылардың мінез-құлқын қалыптастыруда педагог-психологтің атқарар міндеті аз емес. Еңбек жолын 1992 жылы мұнайлы шаһарда орналасқан Ғ.Мүсірепов атындағы №5 орта мектепте педагог-психолог болып бастаған Ләззат Жайшылыққызы да білім саласына лайықты үлесін қосып келеді.

Оны әріптестері тәжірибелі ұстаз ретінде құрметтейді. Өйт­кені оның тәжірибесі сатылап толысты. Мектепте желі тартқан еңбек жолы бірнеше жылдан соң облыстық балаларды оңалту орталығы директорының орынбасары лауазымында жалғасты. Білікті маман қалалық білім бө­лі­міне шақырылып, әдіскерлік қыз­метті атқарды. Кейінгі төрт жыл­дан бері «Атырау облыстық арнайы мектеп-интернаты» КММ директоры қызметіне тағайын­далды.

Бұл – әдеттегі білім ордала­рына ұқсамайтын ұжым.  Мұндай мекемені басқаруға кез келген пе­дагогтің жүрегі дауаламай­ды. Ұстаздарынан ерекше кү­тім мен көзқарасты, ең бастысы, мейірімді күтетін балалар оқи­тын мектеп-интернатқа жетек­шілік ету үшін тәжірибе де, психолог те, тіпті дефектолог-олигофренопедагог те болуы қажет. Осы тұрғы­дан айт­қанда, жергілікті бі­лім­ саласының басшылары ди­рек­тор­лыққа Ләззат Төлепованы таңдады.

Тәжірибелі педагогтің жетек­ші­лігімен 2022–2025 жылдары аталған мектеп-интернаттың мате­риалдық-техникалық базасы жаңар­тылды. Атап айтқанда, физика, химия, биология, тарих, география, дене тәрбиесі, бей­нелеу өнері, музыка және техно­логия пәнінің кабинеттері то­лық­ жабдықталды. Ал логопед каби­неті мен сенсорлық бөл­ме жаңа оқу құралдарымен қамта­ма­сыз етілді. Мектеп-интернат­тың жа­тақ­ханасына жаңа жиһаз алынды.

Ал білімді шәкірттері респуб­ликалық және халықаралық сайыс­тарда айтарлықтай жетіс­тікке жетіп жүр. Мәселен, «Аlmaly KZ» халықаралық фестиваліне қатысқан Айназ Құралова бас жүлдеге ие болды. Биыл дәл осы оқушы Германияда өткен парадзюдо олимпиадасында күміс жүлдені еншіледі.  

Ерекше балалардың сапа­лы білім алуына барынша жағ­дай жасап, ұжымды ортақ іске ұйыстырып отырған Ләззат Төле­пованың кәсіби жетістігі көп. Облыстық білім басқармасы жанындағы әдістемелік кабинеті ұйымдастырған «Үздік әдіскер – 2021» байқауының бас жүлдесін иеленді.  Білім саласына қосқан көпжылғы еңбегі үшін Білім және ғылым министрлігінің Алғысхатымен, «Білім беру ісі­нің құрметті қызметкері» төс­бел­гісімен марапатталған. Ол білімін ұдайы жетілдіреді. Ресей Федерациясындағы Оңтүстік федералды университетінен (Дондағы Ростов) магистратура бітірді. Психолог ретінде көңілге түйгені мен тәжірибесі жөніндегі ғылы­ми мақалалары республикалық ба­сылымдар мен жинақтарда жарияланған.

«Ұстаздық – жүрегімнің таң­дауы, балаға деген махабба­тым­ның мәңгілік шамшырағы. Шәкірт­терімнің білімді, саналы болғанын қалаймын», дейді Л.Төлепова.

Жақында Президенттің Жар­лы­ғымен «Құрмет» ордені­мен марапатталды. Оны ұстазға Мем­лекет басшысы тапсырды. Бала жанының бағбанына айнал­ған тәжірибелі педагог мұны ұжым­ның ортақ жетістігі санайды.

 

Атырау облысы