
Сурет: qazaly.kz
Биткоинмен ғана шектелмейді
Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі, Цифрлық трансформация жетекшісі Бинур Жаленовтің айтуынша, цифрлық актив ұғымы тек биткоинмен шектелмейді.
«Биткоин – цифрлық активтердің бір түрі ғана. Демек, цифрлық активтер деп құндылығы бар кез келген цифрлық нысанды айтамыз. Яғни криптовалюта, стейблкоин, токендеу, цифрлық облигациялар. Тіпті цифрландырылған жылжымайтын мүлік те кіреді. Бұрын тек техноәуесқойлардың идеясы болып келген бұл құбылыс бүгінде жаһандық қаржы жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды. Криптоиндустрияның капиталдануы 4 трлн долларға жақындап, әлемде шамамен 1 млрд адам осы активтердің иесі болып отыр», дейді ол.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, стейблкоиндер төлем құралы ретінде күнделікті өмірге еніп келеді. Былтыр олардың айналымы 27,6 трлн доллардан асып, «Visa» мен «Mastercard» халықаралық төлем жүйелерінің жиынтық көлемінен де жоғары болды. Елімізде де бұл салада шет қалмай, өз үлгісін қалыптастыруға кірісті.
«Біз әлемдегі ең дамыған финтех нарығына айналдық. Себебі цифрлық активтер толыққанды әрі қауіпсіз экожүйе жасайды. Міндетіміз – цифрлық активтерді қазіргі қаржы инфрақұрылымына ыңғайлы, қауіпсіз түрде енгізу. Отандық тұтынушы қолданыстағы мобильді қосымшалар арқылы криптовалютаға инвестиция салып, стейблкоиндермен төлем жасай алса, жоспарымыз орындалды деген сөз. Мұның бәрі ашық әрі түсінікті реттеу аясында жүзеге асуы керек», деп түсіндіреді Б.Жаленов.
Айтуынша, бұл жолда үш негізгі бағыт белгіленген. Біріншісі – қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымын заңдастыру. Екіншісі – цифрлық қаржылық активтерді енгізу. Үшіншісі – қанатқақты жобаларды іске қосу.
«Бүгінде 10-ға жуық жоба дайындалып жатыр. Олар жылжымайтын мүлікті токендеу, теңгеге байланған стейблкоин шығару және тағы басқа бастамаларды қамтиды. Жылжымайтын мүлікті токендеу – кепілді қағазбен емес, цифрлық токен арқылы рәсімдеу. Бұл үдерісті едәуір жеңілдетіп, уақытты үнемдейді. Ал теңгеге байланған стейблкоин халықаралық есеп айырысуды жеделдетуге көмектеседі. Мұндай бастамалар болашақтағы реттеудің негізін қалайды», деп түсіндірді Цифрлық трансформация жетекшісі.
Қатаң ереже де керек
«Wise invest consulting Ltd» компаниясының басшысы Темірлан Нұрахимовтың айтуынша, цифрлы активтер қоры – криптовалюта, стейблкоин, токендерді жинап, оларды сақтау және басқару үшін жасалатын арнайы жүйе.
«Цифрлы активтер қоры – иелік етілген криптоактивтерді сатып алып, оларды басқаруға арналған қаржылық құрал. Мұның пайдасы көп. Біріншіден, портфельді әртараптандыруға болады. Екіншіден, ұзақ мерзімде табыс табуға мүмкіндік бар. Үшіншіден, инфрақұрылым дамиды, жаңа жұмыс орындары ашылады, инвестиция тартылады. Бірақ заңды негіздегі бақылау болмаса, бұл артықшылықтар керісінше шығынға немесе беделге қауіп төндіруі мүмкін», дейді ол.
Нарыққа әсері де айтарлықтай. Мемлекет ірі көлемде сатып алса не сатса, бағаға тікелей ықпал етеді. Мысалы, Германия 2024–2025 жылдары көп мөлшерде биткойн сатқанда, нарықта баға күрт түсіп кетті. Соның кесірінен көптеген компания мен инвестор шығынға батты. Осы тұрғыдан қарасақ, банктердің криптовалютамен жұмыс істемей отырғанының себебі де бар.
«Заңда криптоактивтердің нақты мәртебесі жоқ. Есеп жүргізу тәртібі де белгісіз. Қауіпсіз сақтау, киберқауіптен қорғау, капитал резервін құру ережелері анықталмаған. Сол себепті, банктер тәуекелге бармайды. Шешім – криптоактивтердің мәртебесін заңда бекіту, банктер мен сақтаушы компанияларға лицензия беру, клиенттерді қатаң тексеру және капиталға қатысты нақты талап қою. Крипторезерв пен цифрлы активтер қоры екі түрлі. Крипторезерв – алтын, валюта сияқты халықаралық резервтің бөлігі. Цифрлы активтер қоры – инвестициялық құрылым. Егер ол ресми резервке қосылса, қатаң ережелер мен шектеулер болуға тиіс», деп түсіндірді Т.Қуатұлы.
Егер мемлекет цифрлы активтерді стратегиялық резервке жинай бастаса, ұлттық қаржы жүйесіне де пайда әкелуі мүмкін. Ал қарапайым халыққа әсері қандай?
«Жағымды жағы – жаңа жұмыс орындары ашылады, төлем құралдары көбейеді, мемлекеттік өнімдерге қолжеткізу жеңілдейді. Бірақ қор дұрыс басқарылмаса, инфляция күшейіп, халықтың сеніміне нұқсан келуі мүмкін. Сондықтан ашық әрі заңды жолдар қажет. Халық криптовалютаға сенімді арналар арқылы кіре алса, бұл сала пайдалы әрі қауіпсіз болады», дейді Т.Нұрахимов.
Активтердің бірыңғай нарығы қалай қалыптасады?
«Bereke Bank» цифрлық қаржылық активтер бағытының жетекшісі Вячеслав Ануфриевтің айтуынша, болашақ цифрлық қаржылық активке тікелей байланысты. Себебі шекара елдер арасында ғана емес, нарық ішінде де жойылады. Мысалы, жыл соңына дейін елімізде легалды криптобиржа пайдаланушыларының саны 650 мың адамға жетуі мүмкін. Ол 2025–2026 жылдары цифрлық қаржылық активтердің ақ нарығының жылдық көлемі 2 млрд доллардан асады деп отыр.
«Банк жүргізген зерттеу инвесторлардың ақша айналымын заңды етуге қызығушылығы барын көрсетті. Инвесторларға түсінікті ережелер мен ыңғайлы құралдар керек. Олар салық төлеуге және транзакциялардан түскен қаражатты шығару үшін ресми фиат арналары арқылы жұмыс істеуге дайын. Цифрлық қаржылық активтерге алғашқы инвесторлар банктердің клиенттері болып отыр. «Bereke Bank» зерттеуіне сәйкес, цифрлық қаржылық активтер бойынша транзакциялар көлемі 80 млн доллардан асады. Бұл – шамамен 40 млрд теңге. Еліміз үшін бұл нарық пісіп-жетілген деңгейде. Перспективасы өте үлкен», дейді ол.
Ал банктер тарапынан клиент операцияларын бақылау мен ашықтыққа сұраныс бар. Сондай-ақ төлем жүйелерімен және биржалардың API интерфейстерімен интеграция қажет. Себебі әзірге криптоинвестордың барлық қажеттігін толық өтейтін банктің баламасы жоқ. Сондықтан Ұлттық банкке күрделі жауапкершілік артылып отыр. Мұны төраға орынбасары Берік Шолпанқұлов та айтып отыр. Оның сөзінше, Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) арнайы құқықтық өрісінде банктерге цифрлық активтерді ұсынуға рұқсат берген. Алайда криптонарық пен дәстүрлі қаржыны біріктіруде біршама қиындық бар. Қызығушылығы жоғары болғанымен, көлеңкелі нарық та үлкен.
«Ұлттық банк цифрлық активтерді реттеу үшін жаңа ережелер әзірлеп жатыр. Мақсат – оларды ашық әрі заңды пайдалану. Енді ел аумағында криптобиржалар ашуға мүмкіндік беріледі. Бірақ тек қамтамасыз етілген активтерге ғана рұқсат бар. Яғни артында нақты құндылығы бар активтер Қазақстан қор биржасында (KASE) саудаланбақ. Ал қамтамасыз етілмеген активтер, мысалы биткойн сияқты, тек Астана халықаралық қаржы орталығында қала береді. Негізгі мақсат – нарықты тең ұстау, жаңа ойыншылардың шамадан тыс көбеюіне жол бермеу және қаржы ағынының бақылаусыз ауысуына тосқауыл қою. Қазір осы жобаның бастапқы нұсқасы дайындалып жатыр», дейді Б.Шолпанқұлов.
Алғашқы криптоқор құрылды
Елімізде алғаш рет мемлекеттік криптоқор іске қосылды. Атауы – «Alem Crypto Fund». Қорды Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрды, ал басқаруды «Qazaqstan Venture Group» қолға алды. Қор АХҚО-да тіркелген.
«Аlem Crypto Fund» алғашқы инвестициясын жасап та үлгерді. Қордың серіктесі – «Binance Kazakhstan». Олар ең алдымен BNB криптовалютасын сатып алды. Бұл токен «Binance» жүйесінде транзакция төлеу мен комиссиялар үшін қолданылады. 2025 жылдың жазында оның жалпы нарықтағы құны 138 млрд доллардан асқан. «Binance Kazakhstan»-ның басшысы Нұрхат Құшымов бұл қадамды еліміз үшін үлкен жетістік деп бағалады.
«Қордың алғашқы актив ретінде BNB-ні таңдауы – «Binance» экожүйесіне деген сенімнің айғағы. Бұл елімізде криптовалюталардың ресми түрде мойындалуына жол ашады. Мемлекет пен халықаралық технологиялардың бірлесуі экономиканың дамуына ықпал етеді. Бұл – цифрлық активтердің ашық әрі қауіпсіз нарығын құрудағы маңызды қадам. Мұнда мемлекеттік бастамалар мен жаһандық технологиялар ұлттық экономика игілігі үшін бірігіп жұмыс істейді», деді ол.
Ұлттық банк стратегиялық крипторезерв жинақтау үшін Мемлекеттік цифрлық активтер қорын құру үдерісін бастап кетті. Аталған криптоқор бас банк басқаруындағы жалпы егеменді резервтердің бір бөлігіне айналады. Осыған қатысты Ұлттық банк баспасөз қызметі «Alem Crypto Fund» қоры Жасанды интеллект пен цифрлық даму министрлігінің қолдауымен құрылғанымен, мемлекеттік қор емес» деген мәлімдеме берді.
«Қазір қордың негізгі мақсаты, міндеті мен қалыптастыру және басқару тетіктерін айқындайтын тұжырымдама әзірленіп жатыр. Сонымен қатар операциялық әрі техникалық инфрақұрылым құру жұмысы да – басты назарда. Қорды басқаруды Ұлттық банктің Ұлттық инвестициялық корпорациясы жүзеге асырады. Бұл ұйым баламалы инвестициялық құралдарды басқару тәжірибесіне ие. Дайындық жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып, Мемлекеттік цифрлық активтер қоры келесі жылдың басында іске қосылады деп жоспарланып отыр», деді бас банк.