
Суретті түсірген – Есенжол ИСАБЕК
«Еуропалық қайта жаңарту және даму банкі (ЕҚДБ) арқылы несие ұсыну есебінен аккумуляторлық батареялармен жүретін әрі энергия қуатын барынша үнемдейтін 25 жаңа трамвай сатып алу жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны – 8 млрд теңге. Қаражаттың 7 млрд теңгесін банк берсе, тағы 1 млрд теңгесі облыстық бюджеттен қарастырылған. Вагондарды сатып алуға арналған конкурс ЕҚДБ алаңында қаралу сатысында. Қазірде 4 қатысушыдан ұсыныстар қабылданды. Конкурс қорытындысы шығарылған соң жеңімпазбен трамвайларды жеткізу мерзімдері айқындалатын шарт жасалады», деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Алдағы жылдары трамвай вагондары кезең-кезеңімен жаңартылып, тиісті қаржыландырумен қамтамасыз етілген жағдайда «Достық» шағын ауданына трамвай желісін ұзарту көзделген. «Достыққа» трамвай желілерін салу жобасы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысына ие болған. Құрылыстың жалпы құны – 2,1 млрд теңге. Барлығы жөнімен болса, жобаны іске асыру келер жылы басталады. Шағын аудандағы болжамды жолаушылар ағыны күніне 5000 адамды құрайды.
Кәсіпорында бүгінде шамамен 500 адам еңбек етеді. Орташа еңбекақы 350 мың теңгені құрайды, оны көтеру мәселесі қаржылық мүмкіндік шегінде қарастырылып жатыр.
«Трамвай паркінен күн сайын 83 вагон жолға шығады. Соңғы рет парк 2017–2019 жылдары жаңартылып, Беларусьте шығарылған 23 вагон сатып алынды. Жалпы, парк жағдайы қанағаттанарлық: вагондарға жүйелі түрде ағымдағы, күрделі жөндеу жүргізіледі, депо қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Шамамен 30 трамвай жүргізушісі, сондай-ақ электр слесарьлар мен жөндеушілер сияқты жұмысшы мамандықтарға тапшылық бар», дейді Д.Махмудов атындағы «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ басқарма төрағасы Муслим Махмудов.
Трамвай басқармасы көше қиылыстарындағы трамвай жолдарының өткелдеріне де назар аударып келеді. Биыл жеті өткелді жаңарту жоспарланса, соның бесеуі қазіргі күні пайдалануға берілген.
2016 жылдан мұнда жолақыны электрондық төлеу жүйесі енгізілген. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, қолданыстағы 100 теңгелік тариф парктің шығындарын жабуға жеткіліксіз. Экономикалық тұрғыдан алғанда, нақты тариф шамамен 300-320 теңгені құрауы керек. Бірақ бұл жолаушылардың қалтасына салмақ салады. Сондықтан парк күтімі мен еңбекақы төлеу, өзге де шығыстарға бюджеттен субсидия төленеді.
ПАВЛОДАР