
Сурет: fingramota.kz
Атырау облыстық полиция департаментінің жедел уәкілі Расул Жолдастың айтуынша, алаяқтар WhatsApp, Instagram, Telegram, Facebook желісін, шетелде тіркелген мобильді нөмірлер мен фейк аккаунттарды жиі пайдаланады. Мәселен, биыл 6 айда 50-ге жуық күдікті ұсталып, 133 қылмыстық іс сотқа жолданыпты.
«Кейбір деректерге қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Атырау облысында тіркелген киберқылмыстардың басым бөлігі интернет-дүкендер арқылы жалған тауар сату, өзін банк қызметкері ретінде таныстыру, фишингтік сілтемелермен жеке деректерді ұрлау тәсілімен жасалады. «Кибербақылау» платформасымен 2 мыңнан аса фишингтік сайт бұғатталды. Байланыс операторларымен бірге жалған нөмірлер мен алаяқтық қоңырауларды анықтау, тұрғындарға SMS арқылы ескерту хабарын тарату жұмысы тұрақты жүргізіліп отыр. Тұрғындарға киберқауіпсіздік ережелерін сақтауды, күмәнді жайт туындағанда 102 номеріне хабарлауды ескертіп келеміз», дейді Р.Жолдас.
Оның айтуына қарағанда, интернеттегі алаяқтықты анықтау, жолын кесу мақсатында «Киберпол» жедел тобы жұмыс істейді. Биыл өңірдегі мектептер мен колледждерде киберқауіпсіздікке 20 мыңнан аса тұрғын қатысқан арнайы лекциялар өткізілген. Бірақ соған қарамастан, тұрғындар арасында алаяқтардың жемсауына айналғандар қатары азаяр емес.
Мәселен, Атырау қаласының 23 жастағы бойжеткен алаяқтың арбауына түсіп, қаржысынан қағылған. Ол өзінің алданғанын түсініп, полицияға жүгінген. Ал тәртіп сақшылары жедел әрекет етіп, күдіктіге қатысты жедел іс-шараны қолға алды. Жедел іздестіру кезінде алаяқтық қылмысымен айналысқан күдіктінің Орал қаласында тұратын 35 жастағы әйел екені анықталды. Күдіктінің отбасы бар, алайда бұрын сотты болған. Алаяқтық әрекетін жасаған кезде жеке кәсіпкердің дүкенінде сатушы болып жұмыс істеген.
«Күдікті әйел бір рет қолдану үшін бірнеше абоненттік номерді пайдаланған. Пәтерді жалға алуға қызығушылық танытқан адамдардың ақшасын өзінің атына тіркелген әртүрлі есепшотқа аударым жасау арқылы қылмыстық әрекетін жоспарлапты. Сөйтіп, өзінің меншігінде жалға беретін пәтері болмаса да, екі бөлмелі баспананы арзан бағамен жалға беретіні туралы жалған жарнама шығарады. Осылайша, ол жәбірленушінің 110 мың теңгесін жымқырған. Оған Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағымен көзделген қылмысты жасағаны үшін айып тағылып, іс сотқа берілді. Сот оған 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Тағы бір алаяқ әртүрлі тәсіл қолданған заңсыз әрекетін бір жыл бойы жалғастырып келген. Орда бұзатын отыздан енді асқан атыраулық күдікті 2022–2023 жылдары танысының сеніміне кіріп, жұмысқа тұрғызуға уәде еткен. Сөйтіп, алдауына көнген танысына 800 мың теңге материалдық шығын келтірген. Қылмыстық іс-әрекетін жасау үшін дауысын әйел адамға ауыстырып, бірнеше сим-картаны пайдаланып отырған. Күдікті мұнымен шектелмей, қала аумағында орналасқан пәтерді жалға алып, оны сату үшін алдын ала төлемдер алған.
«Бір пәтерді 150 мың теңгеге жалға алып, 8 млн теңгеге сататыны жөнінде жарнама шығарған. Жоспарлаған заңсыз ісін жүзеге асыру үшін жәбірленушіден пәтер үшін автокөлік пен 2 млн теңгеге саудаласып, қаржыны нотариалды түрде қарыз алу шартын жасақтау арқылы алатынын айтқан. Сөйтіп, жәбірленушіге 2 млн теңге материалдық шығын келтіргені анықталды. Әлеуметтік желіде тұрмыстық техникалық бұйымдарды сатуға жарнама жасап, бірнеше тұрғынды алдаған», деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.
Ал биыл мамырда тағы бір алаяқ курьер арқылы әрекет етіп, 90 жастағы зейнеткердің 6 млн теңгесін алдап алғаны тіркелді. Күдікті алдымен қарияға телефон шалып, өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырған. Қарияның қызын жол-көлік оқиғасына кінәлі деп сендірген. Жағдайды «реттеу» үшін ірі көлемде ақша талап етіп, арнайы курьер жіберілетінін айтқан. Қорқыныш пен уайымға салынған қария үйіне келген бейтаныс адамға 6 млн теңгесін беріп жіберген. Алайда жәбірленуші арада 10 күн өткен соң полицияға аталған оқиғаға қатысты шағым түсірді. Зейнеткердің шағымына байланысты жергілікті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шарасын жүргізді.
«Арнайы жүргізілген іс-шараның нәтижесінде курьер ретінде әрекет еткен 1994 жылғы ер адам ұсталды. Оның «Яндекс» қосымшасы арқылы курьерлік қызмет атқаратыны анықталды. Курьер тапсырысқа сәйкес 6 млн теңгені басқа адамға жеткізгенін айтты. Полиция қызметкерлері курьер арқылы әрекет етіп, зейнеткердің ақшасын иемденген күдікті ретінде Қызылқоға ауданының 2000 жылғы тұрғынын қолға түсірді. Күдікті кінәсін толық мойындаған. Сот үкімімен күдіктіге 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындалды», деп ақпарат берді департаменттің баспасөз қызметі.
Жақында Атырау қаласындағы №2 сотта блогер С.-ға қатысты іс қаралды. Күдіктіге Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігінің 1), 3), 4) тармағымен айып тағылған.
«Блогер жәбірленушілердің алаяқтық жолмен жымқыру үшін өзінің Instagram парақшасында қайырымдылыққа ақша жинайтыны, әртүрлі тауардың ұтысын ойнататыны туралы жалған жарнама жариялаған. Оған 49 жәбірленуші сеніп, лотереяға қатысу үшін айыпталушының банктегі есепшотына ақшасын аударған. Айыпталушы жәбірленушілердің 13 млн теңгеден аса ақшасын иемденіп, өзінің қажетіне жұмсаған. Күдіктінің кінәсі өзінің жауабымен, жәбірленушілер мен куәлердің айғақтарымен, іске тіркелген бейнежазбалармен, хат-хабарлардың скриншоттарымен, банк есепшоттарындағы үзінділермен дәлелденді», деп хабарлады аталған соттан.
Прокурор айыпталушыға Рақымшылық жасау актісінің негізінде 3 жыл 1 ай 10 күнге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынды. Алайда кінәсін ішінара мойындаған айыпталушы өзіне бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
«Сот үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылды. Оған 5 жыл мерзімге қоғамдық қызметпен айналысу, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын және телекоммуникация желілерін пайдалану құқығынан, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Рақымшылық жасау актісінің негізінде тағайындалған жаза үштен бір бөлігіне қысқартылып, түпкілікті 3 жыл 1 ай 10 күнге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушілердің талап арыздары толық қанағаттандырылды», деп мәлім етті №2 соттан.
Атырау облысы