Өндіріс • Бүгін, 08:38

Мыс өндірісінің көшбасшысы

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жезқазған байыту фабрикасы кен орындарының жерасты және ашық түрде өндірген өнімдерінен мыс концентратын шығарады. Бұл жерде негізгі 6 цех бар: Екі бас корпус, екі ұнтақтау корпусы, қалдық қоймасы және концентратпен айналысатын цех. Сонымен қатар 15-16 көмекші цех жұмыс істеп тұр.

Мыс өндірісінің көшбасшысы

Тәулік бойы үзіліссіз жұмыс режімі жолға қойылған үш ­фабрикада 1 875 адам еңбек етеді. Жылына 22 млн тонна мыс кені өңделеді. Ұнтақтау корпусындағы жұмысшылар үш ауысым, бас корпус­тағылар екі ауысыммен жұмыс істейді. Түнгі ауысым да бар. Орташа жалақы 600 мың теңгеден асады.

№1 және №2 Жезқазған байы­ту фабрикасындағы кенді қабыл­дайтын ұнтақтау корпусында қабылданған кесек өнім ірі, орташа, ұсақ ұнтақтаудан өтіп, бас корпустағы диірмендерге жіберіледі. Онда мыс концентраты алынып, Жезқазған мыс зауытына тасымалданады. Сүзу-кептіру бөлімшесінде қоюландыру, сүзу және кептіру операцияларынан өтеді, қалғаны қалдықтар қой­ма­сына жіберіледі. Ол жерде қал­дықтардың қатты фазасы шөге­ді және жиналады. Сұйық фаза тұн­ды­рылып, тазартылған су техноло­гиялық үдеріске қайта пайдалану үшін фабрикаға қайтарылады.

«Фабрикада ұнтақтаушы, машинист, слесарь болып жас мамандар жұмыс істейді. Олар өзіміздің жергілікті Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы техникалық кол­леджді тәмамда­ған мамандар. Бізде өндірістік тәжі­рибеден өтіп, кейін жұмыс­қа тұрады. Жағымсыз иіс, шу, ылғалды цехта істейтін жұмыс­шыларға тамақ, талон, сүт беріле­ді. Жұмысшыларды арнайы автобус тасымалдайды. Меди­ци­налық сақтандыру тетігі де енгізілген», дейді Жезқазған байыту фабрикасының директоры Медет Абутахирұлы.

2022 жылы екінші бас корпуста тозған «Механобр-5, 6, 7» сияқты ескі байыту машиналары заманауи МЕК-25, МЕК-70 байыту машиналарына ауыстырылған. Жаңа техника сапалы концентрат алуға жол ашты.

Бұдан кейін Жезқазған мыс балқыту зауытына бас сұқ­тық. Зауыттың мақсаты – техноло­гиялық үдеріс негізінде мыс кон­центратын өңдеу. Негізгі өнім – тазартылған мыс 99,99% сынамасы. Кәсіпорында шихта дайындау цехы, балқыту цехы, мыс электролизі цехы, күкірт қышқылы цехы бар. Екі кен термиялық пеш жұмыс істейді. Зауыттың жобалық қуатына жылына 200 мың тоннаға дейін катодты мыс өндіруге мүмкіндік береді. Бүгінде мұнда 2 100 адам еңбек етеді.

Шихта дайындау цехында 204 адам жұмыс істейді. Жезқазған мыс балқыту зауытының Шихта дайындау цехының бас инженері Қайырбек Болатұлының айтуынша, цехтың басты міндеті – байыту фабрикаларынан келген шикізатты түйіршікке айналдырып, балқыту цехына жіберу. Сол шикізаттың құрамында 35-40% мыс бар.

Балқыту цехында жұмыс қарқынды жүріп жатыр. 484 адам үш ауысыммен жұмыс жасайды. Жұмыскерлер үш күн істеп, екі күн демалады. Балқыту температурасы 1 300 градус болатын цехта металлургтер отпен арпалысады. Осы градуста шихта балқып, әрі қарай өңделеді. Мың градустан асқан ыстықта пештен штейн ағызу үшін асқан төзімділік керек. Цехта екі кенді термиялық пеш, көлемі 100 тонналық төрт конвертер бар. Анод бөлімінде көлемі 200 тонналық төрт анод пеші бар. Кенді термиялық пешке түскен кеннен балқыту үдерісі арқылы штейн алынады.

«Штейн – мыстың бастапқы түрі. Алынған штейннің құра­мында 48-58%-ға дейін мыс болады. Қазірде біз 50%-ды штейн­мен жұмыс істеп жатырмыз. Алынған штейнді конверттеуге жібе­реміз. Конверттеу арқылы қара мыс аламыз. Оның құрамы – 98,4%. Бұл алынған қара мыс анод пешіне жөнелтіледі. Біздің цехтың алатын өнімі – анод мысы. Анод мыстың салмағы – 250 кило, құрамы – 99,4%. Жұмыстың ең соңғы өнімі – 99,9% катод мысы, бұл өнім экспортқа шығарылады», деп түсіндіреді Балқыту бөлімінің басшысы Исағалы Сәтбеков.

Кәсіпорындағы мысты байыту және мыс концентратының сапасы әлемдік үлгіге сай. Дайын өнімдер тұтынушының сұранысына байланысты дүние жүзінің әр түкпіріне экспортталған пакет күйінде жөнелтіледі.

 

Ұлытау облысы