Қоғам • Бүгін, 14:25

Баспана – бақыт кілті

50 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекет тұрғын үй құрылысын дамытып, баспананы қолжетімді ету үшін тиісті шаралар қабылдайды» деген болатын. Жергілікті жерде осы тапсырмаға сәйкес игілікті істер жүзеге асырылуда, деп жазады Egemen.kz

Баспана – бақыт кілті

Көкшетауда әкімдік пен «Отбасы» банк бірлесіп жаңа бағдарламаны жүзеге асырды. Бұл игі іс осы тараптың алғашқы қарлығашы іспетті. Бүгін 21 отбасы өз пәтерлерінің кілтін алды. Алдағы уақытта тағы 47 пәтер кілті табыс етіледі.

Тұрғындарға пәтерлердің кілтін тапсыру салтанаты кезінде облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екендігіне тоқталып өтті.

«Бұл – Отбасы банкінің толық автоматтандырылған режимде өткізген алғашқы несиелік тұрғын үйді бөлуі. Адам факторы толығымен алынып тасталды – жүйе қатысушыларды өздігінен анықтайды, кезекке қойылған күн мен кезекте тұрған азаматтың санатын ескереді. Одан кейін табыс деңгейі тексеріліп, ұсынылған пәтерді қабылдауға дайын екендігі расталады. Осылайша, барлық процесс барынша ашық және әділ жүргізіледі», деп атап өтті «Отбасы банкі» АҚ Ақмола облыстық филиалының директоры Алмат Нұрахметов.

Р

Бірінші кезекте шаршы метрлер азаматтардың басым санаттары арасында бөлінді. Олар – ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғалар, өзге мемлекеттердің аумағындағы соғыс қимылдарына қатысқан ардагерлер, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, сондай-ақ жесірлер мен жесір ерлер.

Оларға тұрғын үйдің жалпы көлемінің кемінде 70%-ы берілді. Оның ішінде 20%-ы жетім балалар арасында бөлінді. Қалған 30% пәтер өзге кезекте тұрған азаматтар арасында таратылды.

Шарттар барынша қолайлы – несие жылдық 2% (ЖТСМ 2%-дан 2,1%-ға дейін) және 5% (ЖТСМ 5,2%-дан 5,8%-ға дейін) мөлшерлемелермен, бастапқы жарна небәрі 10% көлемінде төленеді.

Р

«Мемлекеттің қамқорлығына дән ризамыз. Отбасы банкінің бұл бастамасы қарапайым халық үшін өте қолайлы. Тұрғын үйдің бір шаршы метрі 261 225 теңгеден келіп отыр. Бір жақсысы, барлық пәтерлерге жөндеу жұмыстары жасалған, тек жиһаздарыңызды алып келсеңіз болды. Су, жылу, электр қуаты, газ тартылған», дейді қала тұрғыны Әлия Бейсембаева. 

Жаңа пәтерге ие болғандардың арасында он жылдап кезекте тұрғандар бар екен.

«Мен 18 жыл бойы кезекте тұрдым, сондықтан көптен күткен қуаныш болып отыр. Қарапайым халықты осындай қамқорлығына бөлеген Мемлекет басшысына ақ алғысымызды айтқымыз келеді», дейді жаңа пәтерге ие болғандардың бірі Жанат Нығметжанқызы.

Қоныс тойына жиналған халық пәтерлерді аралап көріп, сапасына көңілдері толатынын айтып жатыр. Әжелер шашу шашып, аталар батасын беруде. Баспананың бақыт кілті екендігі де рас.

«Үш жерде жұмыс істедім. Сонда да үй сатып алуға қаражат жинай алмадым. Біздің өңірде тұңғыш рет қолға алынған осы бастама қарапайым адамдардың баспаналы болуына жағдай тудырып отыр. Қолымда қарт анам бар. Баспанаға қол жеткіземін деп қара жұмыс істеуден арланған жоқпын. Еден де жудым, кеңселерді тазартумен де айналыстым», дейді қуанышқа кенелгендердің бірі Әлия Баякина.

Көкшедегі қоныс тойы қарапайым көпшіліктің көкіректеріне нұр сәулесін құйған, ақ түйенің қарны жарылған күн болды.