Жастар • Бүгін, 08:40

Жастар меңгерген стартап

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жасанды интеллектінің маңызына айрықша тоқталды. «Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет», дей келе Президент стартап жобаларға басымдық беріп, оған ерекше қолдау көрсету қажеттігін атап өтті. Қазір технологиялық стартаптар айтарлықтай серпіліс жасап, нарықтағы өз орнын қалыптастырып жатыр.

Жастар меңгерген стартап

Жасанды интеллект негізінде жасалған түрлі стартап жобалар «Digital Bridge – 2025» фору­­­мы аясында таныстырылды.  Жиын барысында IT әлемдегі ең ірі стартап-додаларының бірі – Astana Hub Battle ұйым­дас­ты­рыл­ды.

Жартылай финалға бәсе­ке­ге қа­білетті 79 жоба өтті, олар­дың ішінен 14 үздік стар­тап фи­нал­­дық кезеңге ірік­тел­ді. Атап айтсақ, eXpace Technology, Hemo.Labs, Yaya, MoonAI, flection.ai, Cyberpack.AI, OpenSpot, Mirai Tech, Oina AI, Aigineer, NeuroGuard AI, MacDent, MindShield және WeGlobal AI сынды стартаптар үздіктер қа­тары­нан көрінді. Сонымен қатар финалға AI Sana Generative Pitch бай­қауында жеңіске жеткен Trust­Exam AI да қосылды.

– Аstana Hub Battle өзінің өңір­дегі IT-кәсіпкерлер үшін бас­ты алаң екенін тағы бір мәрте дәлел­деді. Бүгінде Орталық Еу­ра­­­­зияның стартаптары жасан­ды интеллект, медицина, білім беру, қаржы технологиялары және басқа да салаларда бәсе­кеге қабілетті шешімдер ұсы­нып отыр. Мұндай бастамалар білім эко­номикасын қалып­тас­ты­рып, жаңа жұмыс орындарын ашып, саланың дамуы­на тың серпін береді. Біз үшін кәсіп­кер­лерді қолдау ғана емес, жастар­дың технологияға деген қызы­ғушылығын арттыру да аса маңызды. Себебі болашаққа бас­тайтын ең үлкен мүмкіндіктер осы IT мен AI саласында жатыр, –  деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Astana Hub Battle 2025 же­ңім­паздары жеті аталым бо­йынша анықталды.

Best Social Impact аталымында жасанды интеллектіні мектеп оқушыларының кәсіби бағдарын анықтауға және психологиялық қолдау көрсетуге пайдалана­тын WeGlobal.AI жеңіске жетті. Жүлдені inDrive негізін қалау­шысы әрі бас директоры Арсен Томский табыс етті.

Discovery of the Year аталымында Паркинсон ауруын ерте кезеңде анықтауға арналған мобильді қосымша мен білезік жасап шығарған MindShield үздік деп танылды. Марапатты Премьер-министрдің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиев тапсырды.

Exponential Growth аталы­мының жеңімпазы – мем­ле­кеттік органдарға, универ­ситеттерге, емтихан орталық­тарына ака­де­мия­лық адал­дық­ты арт­ты­ру­ға және кө­шіру фактілерімен күре­суге көмек­тесетін TrustExam AI стартабы. Жүлдені Telegram негізін қалаушы әрі бас директоры Павел Дуров табыстады.

Ticket to the Future (Astana Hub Ventures-тен SAFE) аталы­мын­да шағын және орта бизнес үшін жасанды интеллект не­гізінде жұмыс істейтін опера­циялық жүйе ұсынатын «Moon.AI стартабы» жеңімпаз атанды. Жүлдені Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев тапсырды.

MA7 Award (MA7 Ventures атынан) аталымында «Mirai Tech» топ жарды. Компания жасанды интеллект пен автономды қуаттандыруға негізделген спорт пен реабилитацияға арналған тозбайтын сенсорлар әзірлеуде. Жүлдені MA7 Ventures негізін қалаушысы Мұрат Абдрахманов тапсырды.

«Қазақтелеком» АҚ арнайы грант ретінде құны 25 000 дол­ларға тең GPU-ресурстарды ұсын­ды. Оны стоматологиялық кли­ни­калар мен медицина ор­талық­тарына арналған бұлтты ERP/CRM платформа ұсынатын MacDent жеңіп алды. Жүлдені «Қа­зақтелеком» АҚ басқарма төр­ағасы Бағдат Мусин тапсырды.

Сонымен қатар Yandex Qazaqstan Startup Spotlight Award арнайы марапаты flection.ai стартабына берілді. Бұл жоба – инсульттан кейінгі оңалтуды жасанды интеллектіге негізделген ойындар арқылы жеңілдететін веб-платформа. Жүлдені «Yan­dex Cloud» компа­ниясының Қазақ­стан және Орталық Азия­дағы маркетинг бойынша директоры Жанар Махамбетова тапсырды.

«Digital Bridge – 2025» халық­аралық форумындағы Astana Hub Battle финалы барысында отан­дық cyberpack.AI стартабы күт­­пеген қолдауға ие болды. Telegram негізін қалаушы Павел Дуров жо­баға 25 мың долларды сыйға тартты.

Cyberpack.AI – мобильді қо­сымша, веб-платформа және балаларға арналған ғылым, технология, инженерия, өнер мен математика бағытындағы (STEAM-жинақтар) оқу конс­трукторларын біріктірген отан­дық стартап. Жоба мұға­лімдерге арналған веб-плат­фор­маны, әдістемелік бағдар­ла­ма­ны, педагогтерді даярлау жүйе­сін және жарыс­тарды да қам­тиды. Мұндай тәсіл 7–18 жас ара­лығындағы оқушыларға ғылы­ми жобалар жасауға, олим­­пиада­ларға дайындалуға, инже­нер­лік ойлауын дамытуға және техни­ка­лық ЖОО-ларға түсу мен болашақ ман­сапқа қа­жет ғылыми порт­фо­лио қалып­­тастыруға ық­пал етеді.

Бір жыл ішінде Cyberpack.AI өз өнімін Қазақстан мен Әзербайжандағы 70 мектеп­ке енгізді. Бұдан бөлек, халық­аралық ICRC жарысын іске қосты және еліміздің өңірле­ріндегі мемлекеттік мектептермен серіктестікті бел­сенді түрде кеңейтіп келеді. Стар­тап Astana Hub-тың Startup Garage инкубациялық бағдар­ламасынан өтіп, жобаны енгізген мектеп санын 10 есе арттырды, халықаралық нарыққа шықты және масштабтауға арналған жүйелі үдерістерді  жолға қой­ды.