Қоғам • Бүгін, 08:50

Жерді тиімді пайдаланудың өзектілігі

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Жолдауда: «Жер – стратегиялық ресурс. Оның бар игілігі елді дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналуы керек. Мен игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтарып, оны қайта бөлу туралы тапсырма бердім. Жер иесіз қалмауға тиіс, жерді тек қана оның қадірін білетін азаматтарға беру керек» деген еді. Сонымен қатар Президент 2022 жылдан бері жалпы аумағы 13,5 млн гектардан астам жер қайтарылғанын, бірақ соның 6 млн гектарын ғана әкімдер жер игерушілерге бөліп бергенін айтқан. Осыған байланысты жуырда Солтүстік Қазақстан облыстық «Аmаnаt» партиясының филиалы арнайы жиын өткізді.

Жерді тиімді пайдаланудың өзектілігі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Жалғас Сүлейменовтің айтуынша, облыста барлығы 9,8 млн гектар жер ресурсы бар. Жыл басынан бері 129 тексеріс жүргізіліп, соның 269,9 мың гектарының қалай пайдаланылып жатқаны анық­тал­ған. Тексеріс барысында 177,3 мың гектар бойынша 81 бұзушылық табылып­ты. Оның 2,6 мыңы – егістік, 174,7 мыңы жайылымдық жерлерге қатысты. Демек, барлық тексерістің 65 пайызында бұзушылықтар анықталып, оның басым бөлігі жайылымдық жерлерге қатысты болып шыққан.

Департамент басшысының сөзі­не қара­ғанда, жерді пайдалануда бұзушы­лыққа жол бергендерге 8,9 млн теңге айыппұл салынып, салық органдарына салық мөлшерлемесін 20 есе көбейту туралы 81 ұйғарым жіберіл­ген. 2024 жылы осындай тексерістер бойынша өндірілген айыппұлдар мен ұйғарымдардан 116,8 млн теңге бюджетке түскен. Ал салық мөлшерлемесін арттыру жазасы бойынша 2022 жылдан бері бюджетке қосымша 582,6 млн теңгенің кірісі еніпті.

Тексеріс барысында 14,2 мың гектарға бұзушылықпен иеленген 11 шаруашылық ұйғарымның талабын толық орындаған. Ал 6 шаруашылық бұрын иеленіп келген 4,7 мың гектар жайылымдық жерлері­нен өз еркімен бас тартқан. Сонымен қатар 2,6 мың гектар жерді қайтару үшін 2 іс сотқа жолданып, талап-арыздар қанағаттандырылған.

Қазір Солтүстік Қазақстан облыс­тық жер басқару департаментінің қара­ма­ғында пайдаланылмай жатқан 45 мың гектар жер бар (2024 жылғы тексеріс нәтижесінде анықталған). Департамент биылғы 9 айда 56,1 мың гектар жерді пайдаланушыларға беру туралы жоспар жасаған екен, бүгінге дейін сол жоспар асыра орындалып, 64 мың гектар жаңа жер пайдаланушыларға таратылған. Жалпы, 2025 жылға 100 мың гектар бос жатқан жерді пайдалануға беру жоспарланған, әзірге соның 64 пайы­зы орындалыпты. Өкінішке қарай, Тайын­ша, Ақжар, Айыртау аудандарында бұл жұмыс сылбыр жүріп жатыр. Олар бұл жұмысты 40 пайыздың төңірегінде ғана орындаған.

«2025 жылғы 18 шілдеде қабыл­данып, 2026 жылғы 1 қаңтардан күшіне енетін жаңа Салық кодексінің қатаңдатылған талаптары бұл істі орындауға толық мүмкіндік береді. Кодекстің 576 бабында жалға алған жерді пайдаланбай немесе бұзушылықпен пайдаланғандар үшін салық мөлшер­лемесі 40 есе арттырылады делінген. Сондықтан жерді алып, бірақ пайдалануға шамасы келмей жатқандар  жерден өздері бас тартады», деді департамент басшысы.

 

Солтүстік Қазақстан облысы