Ұстаз • Бүгін, 09:30

Құсбегі мұғалім

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ермек Иманзайып ата-бабадан қалған асыл өнер – құс пен аң аулауды жас ұрпаққа талмай үйретіп келе жатқан педагог. Жас мұғалім бүгінде қала балаларын да саятшылық ісіне бау­лып жүр.

Құсбегі мұғалім

Ол бүгінде Павлодар жоғары инновациялық көпсалалы кол­леджінде дене тәрбиесі мұғалімі болып істейді. Ұстаздық еткеніне небәрі екі жылдай уақыт өтсе де, Ермек Иманзайыпұлының бала шақтан меңгерген саятшылық қырын облыс орталығындағы әріптестері кеңінен тани бастады. Бұл өнер оған әкесі, атақты құсбегі Иманзайып Матанұлынан дарыған. Кезінде Баянауылда тұрған саятшы құсты, қазақ тазыларын баулудан ел алдына түсіп, талай дүбірлі додаларда топ жарған.

– Ертіс-Баян өңірінде есімі аңыз болып қалған керемет аңшылар болған. Солардың ішіндегі ең ірісі Мәуия Әбікеев атамыз еді. Аңшылықпен, соның ішінде құсбегілікпен кәсіп ретінде айналысып, «КСРО аңшылық ісінің үздігі» атанған екен. Әкем ол кісіні әулие тұтты, жасаған істерінен өнеге алды. Саятшылық деген қанмен келетін дүние екен. Тоғыз жасымнан бастап мен де саят құстарын баптаумен шұғылда­нып, әкем­нен құсбегіліктің қыр-сырын меңгердім. Бала кезімнен  республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Құсбегілік өнерін дамытып қана қоймай, оны жастарға үйретуді өзіне мақсат етіп қойған едім. Бүгінде сол мақсатым аз да болса орындалып келе жатыр, – деп өз ой-арманымен бөлісті жас ұстаз.

Ермек құсбегілікті ата-бабадан жалғасып келе жатқан ұлттық мұрамыз деп бағалай отырып, болашақ ұрпаққа насихаттау ісіне үлес қосып келеді. Колледждегі дене шынықтыру сабақтарынан тыс кезде балаларды жинап алып, бүркіт пен сұңқарды баптаудың қыр-сырын әңгімелейді. Әрине қалалы жерде аң қағудың реті жоқ. Оның үстіне Ертіс өзенінің қаумалында аңшылыққа тыйым салынған. Амалсыздан құстарын тек спорттық бағытта ғана баптап, шаһар маңында шырғаға салып жаттықтырады.

«Өзім пәтерде тұрамын. Ондай жерде құсты ұстау әрине ыңғайсыз. Сондықтан «Тебеген» деген бүркітім мен «Шырақ» деп атайтын сұңқарымды қалада­ғы туысымның жер үйінде ұстай­мын. Сұңқардың дене бітімі ша­ғын болуына орай балаларды құсбе­гілікке үйретуде таптырмайтын құс. Әрі оқушылар­дың көбі бүркіттің тұрқына қарап сескенеді, жақындауға қорқа­ды. Сондықтан балалар үшін сұң­қар қолайлы. «Тебеген» әкемнен қалған, құсбегілер арасында өтетін жарыстарға үнемі сонымен барып жүрмін. Ұлттық өнеріміз кеңінен қанат жаюы үшін қалалы жерлерде құсбегі­лер үшін жағдайлар жасалса дей­мін. Құстарды ұс­тайтын, бап­тай­тын арнайы орындар жасалып, мектептерде арнайы сабақ өткізуге мүмкіндік берілсе. Қазіргі дене тәрбиесі сабақтарында тоғызқұмалаққа, асық атуға айрықша көңіл бөлініп, оқушылар қызыға ойнайды. Ал құсбегілікке қызығушылығы бар балаларға ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан білім саласына жауапты органдар осы мәселені ескерсе екен», деген өтінішін жеткізді.

Осы уақытқа дейін Ермек Иманзайыпұлы құсбегілер­дің көптеген республикалық жарысына қатысып, жүлделі болған. 2024 және 2025 жылғы Қазақстан чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Әр жарыс –  ол үшін тәжірибе жинау алаңы. Жуықта ғана ол Астанада өткен дүбірлі додаға бүркітімен барып, үшінші орыннан көрінді. Алдағы қыста кемі 4-5 жарысқа қатысатын ойы бар.

Құсбегілік өнердің нәрін қалалы жердегі балалардың бойына ексем деген энтузиаст жанның ынта-жігері мақтауға лайық. Тек жас педагогті қолдап, демеп жіберетін тетіктер табылмай тұр. Алдағы уақытта Ертіс бойында жас құсбегілер мектебі қалыптасып, үлкен шаһардың балалары да мирас өнерді үйрене бастаса дейміз.

 

Павлодар облысы