
«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, осы кезеңде зауыттағы қысыммен жұмыс істейтін 1 174 ыдыс пен аппаратқа, 46 пешке, технологиялық 1 458 құбыр желісіне міндетті техникалық куәландырулар мен сараптамалар жүргізу көзделген. Сондай-ақ түрлі қондырғыда 316 тоннадан астам катализатор ауыстырылады. Ең күрделі әрі негізгі операция – баяу кокстеу қондырғысының реакторларындағы конусты түптерді ауыстыру. Бұл үшін зауыт аумағында жүк көтергіштігі 750 тонналық 2 бірегей кран орнатылған. Реакторларда жабдық сенімділігін арттыру үшін инновациялық болжамды диагностика жүйесі іске қосылады.
«Бұл жабдықтардың сенімділігін, технологиялық үдерістердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге, өндірістің тиімділігін арттыруға бағытталып отыр. Жоспарланған алдын алу жұмысын 1 880 маман атқарады. Жұмысты сапалы атқару үшін 62 арнайы техника тартылады. Осы кезеңде зауыт жабдықтарына міндетті техникалық куәландыру мен сараптамалар жүргізіледі. Жөндеу кезінде еңбекті қорғау, өнеркәсіп және өрт қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді», деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.
Осы кезеңде мұнай өнімдерін жөнелтуді тоқтатпау үшін Энергетика министрлігімен келісілген кестеге сәйкес отын қоры жинақталыпты. Қазір зауыттың резервуарлық паркінде 37 мың тонна жанармай, 30 мың тонна дизель отыны, 6,8 мың тонна авиаотын бар. Бұл қор еліміздің батыс өңірлеріне мұнай өнімдерінің біркелкі әрі уақтылы жөнелтуін қамтамасыз етеді.
Зауытта жыл басынан бергі 8 айда жеңіл мұнай өнімдері өндірісінің үлесі 77,5%-ды құрады. Ал өңдеу тереңдігі – 88,6%. Дизель отынының (+15%) және авиаотынның (+13%) өндіріс жоспары артығымен орындалыпты. Нәтижесінде, кәсіпорын бюджетке 129 млрд теңге аударып, жоспарлы көрсеткіштен 24 млрд теңгеге артық түсім жіберді.
Зауыттың жылдық мұнай өңдеу көлемін 6,1 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған. Ал жөндеуаралық кезеңді 36 айға дейін ұзарту көзделіп отыр.
Атырау облысы