
Суретті түсірген – Игорь БУРГАНДИНОВ
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған форум Astana International Forum (AIF) аясында өтіп жатыр. Айта кетсек, былтыр бірінші Astana Think Tank Forum да AIF аясында ұйымдастырылып, жаһандық тәртіптегі орта державалардың рөліне арналған еді. Содан бері форум халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға арналған беделді сараптамалық алаң ретінде танылып отыр.
Жиынды ашып, қатысушылар алдында алғысөз сөйлеген Президент кеңесшісі Мағзұм Мырзағалиев форумның күн тәртібінде жаһандық басқару реформасы мен бірполярлық дәуірдің аяқталуынан бастап ядролық сын-қатерлерге, жасанды интеллектінің дамуына, климат, су ресурстары және демография арасындағы өзара байланыстарға қатысты заманауи халықаралық қатынастар жүйесі әңгіме өзегіне айналатынын айтты.
«Қазақстан сенім – бейбітшіліктің іргетасы, ал диалог – белгісіздік арқылы өтетін ең сенімді жол екенін жақтайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сындарлы саясатын басшылыққа ала отырып, еліміз бейбітшілік, сенім және жауапты дипломатия құндылықтарын дәйекті түрде қолдайды», деді ол.
Президент жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов бүгінгі таңда Қазақстан саясат пен экономика ғана емес, идеялар мен білімнің де орталығына айналып келе жатқанын атап өтті. Astana Think Tank Forum-ның екінші мәрте жоғары деңгейде ұйымдастырылуы – соның бір дәлелі. Оның айтуынша, бүгінгі күрделі халықаралық жағдай форумның өзектілігін айқындап отыр. Сондай-ақ Қазақ елі орта держава ретінде көптеген өзекті мәселе бойынша өз көзқарастары мен бастамаларын ортаға сала алады.
«Біздің мақсатымыз – мәлімдемелермен ғана шектеліп қалмай, одан әріге қадам жасау. Атап айтқанда, нақты шешімдерді тауып, болашаққа ортақ көзқарасты қалыптастыру. Бұл тұрғыда талдау орталықтары маңызды рөл атқарады. Олар білім мен шешім, талдау мен әрекет арасындағы көпір. Белгісіздік пен бытыраңқылық жаһандық саясатты қалыптастырып жатқан кезеңде ғылыми-зерттеу институттарының жұмысы ерекше маңызға ие. Олар әрбір қоғамға болып жатқан үрдістерді түсінуге, шешімдерді табуға және диалогке деген сенімді қалпына келтіруге көмектеседі. Қазақстан үшін мұның стратегиялық маңызы бар. Өйткені еліміз салиқалы саясат тегеурінді талдаудан басталады деп есептейді. Сондықтан білімге, зерттеулерге және отандық әрі шетелдік серіктестерімізбен ашық ынтымақтастыққа инвестиция жасап келеміз. Қазақстандағы аналитикалық орталықтар жай бақылаушылар емес, олар – өзгерістерді бірлесіп жасаушылар. Сонымен қатар саяси жаңаруға, цифрлық трансформацияға және аймақтық ынтымақтастыққа да үлес қосады», деді ол.
Ж.Шаймарданов өз сөзінде бұл форум аясында өтетін бірқатар маңызды жаңалықтар мен іс-шараларға да тоқталды. «Биыл біз алға маңызды қадам жасаймыз. InsightsCentral.Asia – Орталық Азия тәжірибесін жаһандық зерттеу қауымдастығымен байланыстыратын жаңа цифрлық платформаны іске қосамыз. Осы форумға дайындық барысында бірқатар баяндама мен талдау материалдарын әзірледік. Мен барлық қатысушыны платформада оларды зерттеуге және жаңа бірлескен зерттеу тақырыптарын ұсынуға шақырамын. Бұл форумды талқылау үшін ғана емес, сонымен қатар аймақтық идеялар мен серіктестіктердің келесі буынын қалыптастыру үшін де маңызды», деді ҚСЗИ директоры.
Сонымен қатар ол Астана әрқашан идеялар қаласы, көзқарас пен диалогтің тоғысқан жері болып келе жатқанын тілге тиек етті. Оның пікірінше, бұл форум аталған игі дәстүрді одан әрі нығайтып, Орталық Азияның инновация мен ынтымақтастық аймағы ретіндегі болашағын қалыптастыруға өз үлесін қоспақ.
Astana Think Tank Forum 2025 бірінші сессиясы «Көпжақтылықтың жаңа бетбұрысы: бөлшектелген əлемдегі жаһандық басқаруды реформалау» тақырыбына арналды. Сессияға БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагка модераторлық етті. Қатысушылар халықаралық институттардың қазіргі жағдайын талқылап, халықаралық қауымдастықтың өсіп келе жатқан поляризациясы мен бөлшектенуі жағдайында өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын іздеуге назар аударды.
Талқылау барысында трансформацияның орталық элементі ХХІ ғасырдағы қауіпсіздікті, тұрақтылықты, әділдікті және халықаралық тәртіптің тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған БҰҰ және басқа да көпжақты институттардың рөлі мен құрылымын қайта қарау идеясы бірнеше рет көтерілді. Осы тұрғыда Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев өз сөзін орта державалардың рөлі артып келе жатқанынан бастады.
«Бүгінгі таңда «сындарлы консенсусты» құру және көпжақтылықты нығайту ерекше маңызды, өйткені тұрақты және әділ әлемдік тәртіпті қолдауға жауапкершілік көп мемлекеттің мойнына жүктеліп отыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, орта державалар өз аймақтарында және одан тыс жерлерде тұрақтылықты, бейбітшілік пен дамуды қамтамасыз ететін негізгі субъектілер ретінде көбірек әрекет етеді. Олар жаһандық ойыншылардың мүдделері тоғысатын бағыттар бойынша өз жерінде диалог алаңын ұсынады», деді Е.Ашықбаев.
Панельдік сессия барысында сөз алған Үндістандағы Ғаламдық зерттеулер институтының президенті Ашок Саджанхар тек аймақ елдерін емес, жалпы әлемді алаңдатып отырған маңызды мәселеге тоқталды. Ол – Қытай мен Үндістан арасындағы кейбір шекаралық түйткілдер мен оны реттеу үшін қолға алынып жатқан шаралар. Сарапшының айтуынша, халқы көп екі алып ел арасындағы шекара мәртебесі әлі толық айқындалмаған.
«Қытай – әлемдегі екінші ірі экономика. Ал Үндістан бүгінде әлемнің төртінші экономикасы. Жақын уақытта ол да әлемдегі екінші ірі экономикаға айналуға жақын тұр. Осы екі ел арасындағы шекара ұзындығы 3 500 шақырымды құрайды. Бұл шекараның мәртебесі толық айқындалмаған. Қазір Қытай тарапымен осы мәселе бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Сондықтан Үндістан мен Қытай үшін, сондай-ақ бүкіл өңір мен әлем үшін екі ел арасындағы қатынастың қалыпты, бейбіт, болжамды және тұрақты болуы аса маңызды. 2000 жылы кейбір аумақтар Үндістанға тиесілі деп танылып, сол жағдай шиеленіске себеп болған еді. Алайда бүгінде негізгі мақсат – сол кездегі жағдайды қалпына келтіріп, қарым-қатынасты тұрақтандыру болып отыр. Қазір дәл осы бағытта нақты жұмыстар жүргізіліп келеді», деді шетелдік сарапшы. Оның айтуынша, екі ел арасындағы сауда қатынастары да қалыпқа келтірілмек.
Ал «Бірполярлық дәуірдің аяқталуы: Күштер тепе-теңдігінің өзгеруі және көпжақтылықтың болашағы» атты кезекті сессияда сөз сөйлеген Корея Республикасының өкілі, Корея қоры жанындағы Корея-Орталық Азия ынтымақтастық форумы хатшылығының атқарушы директоры Чон Гук Ри өз елі мен Орталық Азия арасындағы көпжақты ынтымақтастықтың маңызы туралы баяндама жасап, тараптардың өзара байланысы жаңа белеске шыққанын атап өтті. Сондай-ақ ол қазіргі күрделі халықаралық жағдайда көпжақты әріптестіктің де рөлі күшейіп отырғанын жеткізді.
«Бүгінде әлем көпполярлықтан кейінгі жаңа кезеңге аяқ басты. Мұндай жағдайда халықаралық ынтымақтастықтың өзегі ретінде Орталық Азияның маңызы артып келеді» деген спикер Корея мен Орталық Азия елдері арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылы орнағанына, кейінгі 30 жылда саясат, экономика және мәдениет салаларындағы байланыстар тұрақты түрде кеңейіп келе жатқанына тоқталды.
«Егер 1990 жылдары екіжақты сауда айналымы небәрі 200 млн доллар болса, бүгінде бұл көрсеткіш шамамен 9 млрд долларға жеткен. Корея мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі 2007 жылы басталды. Сол жылы екі тарап Корея-Орталық Азия ынтымақтастық форумын құрып, өзара іс-қимылды институционалды деңгейге көтерді. Ал 2017 жылы форум шешімдерін жүйелі түрде іске асыру үшін тұрақты хатшылық құрылды», деді ол.
Баяндамашының айтуынша, Корея мен Орталық Азия елдері арасындағы серіктестік аймақтың тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, жаһандық ынтымақтастықты да ілгерілетуге ықпал етіп отыр.
Бұған қоса форумның бірінші күні «Ядролық сынақ: стратегиялық бәсекелестік дәуіріндегі қарусыздану», «Орталық Азия және Ауғанстан: аймақтық ынтымақтастықтың жаңа тарауы» атты панельдік сессиялар мен «Жаһандық қауіпсіздік архитектурасының өзгеруі жағдайындағы Орталық Азия» атты ІІІ Орталық Азиялық қауіпсіздік пен ынтымақтастық форумы, сондай-ақ «Орталық Азия-Ауғанстан ынтымақтастығы: қиындықтар мен мүмкіндіктер» баяндамасының тұсаукесері өтті.
Мұнда Флетчер мектебінің Халықаралық құқық және басқару орталығының (Тафтс университеті) аға ғылыми қызметкері және Оксфорд университетінің Келлогг колледжінің қызметкері Джошуа Линкольн, Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесі Даму зерттеу орталығының Еуропалық және Азиялық әлеуметтік даму институтының ғылыми кеңесінің жетекшісі Ли Юнчуань, Borderless Consulting Group негізін қалаушы және басқарушы директоры Чарльз Маклин, т.б. халықаралық сарапшылар өз ойын ортаға салды.
Форумның бірінші күні негізінен саяси мәселелерге арналса, бүгін жалғасын табатын екінші күнінде мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстар жайында әңгіме өрбімек.
Жасұлан СЕЙІЛХАН,
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»