
Сурет: primeminister.kz
Жиынға америкалық тараптан АҚШ Сауда палатасының Таяу Шығыс, Түркия мен Орталық Азия істері жөніндегі аға вице-президенті Куш Чокси, «Chevron», «Brownstein», «Bectel», «ExxonMobil», «Citi», «Mastercard», «Boeing», «lanzaJet» және басқа да жетекші корпорациялардың топ-менеджерлері қатысты.
Серік Жұманғарин кездесуге қатысушыларға алғысын білдіріп, Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық қарым-қатынастар жоғары деңгейін сақтап отырғанын айтты. Елімізде америкалық капиталдың қатысуымен 600-ден аса кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың ішінде «Chevron», «ExxonMobil», «General Electric», «Pfizer», «Honeywell», «Coca-Cola», «PepsiCo», «John Deere» және басқа да кәсіпорындар бар. Америкалық бизнес қаржы мен энергетикадан бастап машина жасау, фармацевтика мен логистикаға дейінгі барлық негізгі саланы қамтиды.
«Қазақстан – америкалық бизнес үшін тартымды ел. Биыл еліміздегі ІЖӨ 330 млрд доллардан асады, бұл – Орталық Азия экономикасының шамамен
60%-ы. Былтырғы қорытынды бойынша жан басына шаққандағы ІЖӨ 14 мың доллардан, ал сатып алу қабілетінің паритеті бойынша 44 мың доллардан асты. Ортамерзімді мақсат – 2029 жылға қарай ІЖӨ көлемін 450 млрд долларға жеткізу», деді С.Жұманғарин.
Мемлекеттік қаржының жоғары тұрақтылығына айрықша назар аударылды. Еліміздің мемлекеттік борышы консервативті деңгейде және ІЖӨ-нің 22,2%-ын немесе 61 млрд долларды құрайды. Әлем елдерінің 78%-ында мемлекеттік борыштың ІЖӨ-ге қатынасы бұл көрсеткіштен асып кетеді. Кейінгі 20 жылда елімізге 400 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл жыл сайын орта есеппен 20 млрд доллардан асады.
Инвестиция түрлі секторға бағытталған. Бұл инвестицияның үштен бірінен азы тау-кен өнеркәсібіне тиесілі. Қалғаны – өңдеу өнеркәсібі, қаржы мен сақтандыру қызметі, құрылыс және көлік салаларында. Еліміздің экономикасы үшінші жыл қатарынан 5%-дан жоғары тұрақты өсімді көрсетіп отыр. 2023 жылы – 5,1%, 2024 жылы – 5%, осы жылғы 9 айда – 6,3%, бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштің бірі.
Еліміздің несие қабілеттілігін жетекші рейтингтік агенттіктер растады. Қазақстанның S&P, Fitch пен Moody’s инвестициялық рейтингтері бар, бұл ретте жақында S&P болжамын «оңға», ал Moody’s өткен жылы «Baa1» деңгейіне дейін көтерді.
Вице-премьер жылына 5-6% деңгейінде тұрақты даму қарқынын қамтамасыз етуге арналған жаңа белсенді экономикалық өсу саясатының негізгі бағыттарын ұсынды. Бұл өсімді АӨК шикізаты мен өнімін терең және орташа өңдеуде өнімділігі жоғары экспорттық жобаларды кеңінен қаржыландыруға қабілетті қаржылық даму институттары арқылы қол жеткізу жоспарланып отыр.
Аталған бағыттардың жиынтық инвестициялық әлеуеті 100 млрд доллардан асады деп бағалануда. Өнеркәсіптің ІЖӨ-ге қосқан үлесі қайта өңделген тауар үлесін арттыру мен ел ішінде ең жоғары қосылған құнды құру арқылы өседі деп күтілуде. Өсудің қосымша бағыттарына теміржол машинасы мен автомобиль жасау, тыңайтқыш өндіру, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, жаңа кен орнын игеру және жерде сирек кездесетін металдарды қосқанда, минералдық-шикізат базасын дамыту кіреді.
Алдағы бес жылда құны шамамен 100 млрд доллар болатын жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырған энергетика мен коммуналдық инфрақұрылымға ерекше назар аударылады.
«Ірі жобаларды жүзеге асыру үшін біз салалық тәжірибесі бар халықаралық жетекші компанияларды шақырамыз. Олардың қатысуы өндіріс тиімділігін арттыруға ғана емес, адами капиталды дамытуға, жаһандық тізбектермен интеграциялауға және Қазақстанның сенімді әріптес ретіндегі беделін нығайтуға ықпал етпек», деп атап өткен Серік Жұманғарин америкалық компанияларды өзара тиімді ынтымақтастыққа шақырды.