
Отырыста Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрлері Мемлекет басшысының биылғы тамыз айында өткен Қауіпсіздік кеңесі отырысында берген нашақорлықтың таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру барысы туралы баяндама жасады. Үкімет жанындағы Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның тапсырмалары аясында атқарылып жатқан шараларға назар аударылды.
Премьер-министр нашақорлық пен есірткі қылмысы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін және жүйелі әрі ведомствоаралық тәсілді талап ететін өзекті мәселе ретінде қала беретінін айтты.
«Мемлекет басшысы жариялаған «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету – қоғамның орнықты дамуының, құқықтық тәртіпті нығайтудың, азаматтар құқығын қорғаудың маңызды шарты. Мемлекеттік органдар нашақорлықтың алдын алу мен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Бірқатар заң қабылданып, салалық институттар мен инфрақұрылымдар құрылуда, бұл саладағы халықаралық ынтымақтастық кеңейе түсті. Аталған жұмыс қарқынын төмендетуге болмайды, ол жалпыұлттық сипатқа ие болуы керек», деді О.Бектенов.
Бүгінде елімізде 2026–2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспары әзірленуде, онда жаңа стратегия мен тәсілдер қолданылады. Жастар арасында, оның қатарында NEET санатындағы оқымайтын және жұмыс істемейтін жастар арасында, алдын алуға ерекше назар аударылады. Бұқаралық спорт пен шығармашылық шешімдердің мүмкіндіктерін белсенді пайдалану қажет екеніне назар аударылды.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов есірткінің интернет-саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың жанданғаны туралы баяндады. «Кибернадзор» жүйесінің көмегімен анықталған және бұғатталған сайттар саны 11 есеге өсті. Барлығы 26,5 мыңнан астам интернет-ресурс жабылды. 35 мыңнан астам карталық шот бұғатталды, 4 мыңнан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Осы жылдың 9 айында есірткіге қатысты 6 210 құқық бұзушылық анықталды, 26,1 тонна есірткі тәркіленді.
Премьер-министр ІІМ-ге жыл соңына дейін әкімдіктердің есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі қызметін бағалаудың алғашқы жинақталған рейтингін дайындауды тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігі есірткіге тәуелді адамдарды емдеу мен оңалтудың тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар қабылданды. Наркология бойынша клиникалық хаттамалар қайта қаралды және емдеу сапасының халықаралық бағдарламасы енгізіліп жатыр.
ІІМ ұсынысы шеңберінде Мәдениет және ақпарат министрлігімен, отандық өндірушілермен бірлесіп, халықты есірткіге арналған қолжетімді экспресс-тестермен, оның қатарында әлеуметтік осал топтарды тегін қамтамасыз ету мәселесін пысықтау жүктелді. Бұл бастапқы тұтыну фактілерін анықтайтын алдын алу шарасы болады. Сондай-ақ бір айда жекеменшік наркологиялық оңалту орталықтарының қызметін реттейтін құқықтық тәсілдерді әзірлеп шығару талап етіледі.
Білім беру саласы тарапынан профилактикалық жұмыстар қолға алынған. Тәрбиелік функцияларды педагог-психологтер мен әлеуметтік педагогтерді қоса алғанда, 360 мың педагог жүзеге асыруда, оқушылар қауіпсіздік сабақтарымен 100% қамтылған, ата-аналарды педагогикалық қолдаудың 6,8 мың орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ тиісті әдістемелік ұсынымдар әзірленді.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева есірткіге қарсы насихат бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Олжас Бектенов профилактикалық жұмысты насихаттаудың заманауи нысандары мен әдістерін қолдану қажеттілігіне назар аударды. Танымал онлайн-платформаларда, кинотеатрларда, қоғамдық көліктерде және азаматтардың жаппай жиналатын орындарында әлеуметтік жарнаманы орналастырудың маңыздылығы атап өтілді. Осыны ескере отырып, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі ақпараттық жұмысты түзету тапсырылды.
Бұдан бөлек, Мәдениет және ақпарат, Жасанды интеллект министрліктері Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірге, мақсатты жарнама мен есірткі сайттарын анықтауға және автоматты түрде бұғаттауға белсенді түрде қосылуы керек. Синтетикалық есірткінің жаңа түрлерін анықтау үшін Әділет министрлігі Сот сараптамасы органдарын заманауи жабдықтармен жарақтандыру, сарапшыларды іріктеу мен даярлау, сондай-ақ рәсімді жетілдіру мен сараптама жүргізу уақытын оңтайландыру қажет.
Шекарадағы өткізу пункттері қазіргі заманғы тексеру құралдарымен, шекаралық бақылау мен радиомониторингтің техникалық құралдарымен қамтамасыз етіледі. Өңірлердің әкімдеріне нашақорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық штабтарды басқару және осы жылдың қазан айының соңына дейін жергілікті жағдайлар мен бюджеттердің мүмкіндіктерін ескере отырып, нашақорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі нақты шараларды әзірлеу тапсырылды.
Премьер-министр бұл шаралардың барлығы кешенді жоспарда көрініс табуға тиіс екенін атап өтті. Отырыс қорытындысы бойынша штабтың 2026 жылға арналған жұмыс жоспары мақұлданды.