Саясат • Кеше

Astana Think Tank Forum 2025: Халықаралық жүйеге сенімді қалпына келтіру жолдары талқыланды

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Astana Think Tank Forum 2025 халықаралық сараптамалық алаңы биыл 15-16 қазанда «Поляризациядан серіктестікке: халықаралық жүйеге сенімді қалпына келтіру» тақырыбымен өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Astana Think Tank Forum 2025: Халықаралық жүйеге сенімді қалпына келтіру жолдары талқыланды

Іс-шараны ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) Астана халықаралық форумы (AIF) аясында ұйымдастырды. Форумға 20 елден 40-қа жуық шетелдік сарапшы — әлемнің жетекші «мозговой центрлерінің» басшылары, зерттеушілер және сарапшылар қатысты.

Astana Think Tank Forum алғаш рет 2024 жылы өткен болатын. Бір жылдың ішінде бұл алаң халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылайтын беделді сараптамалық форум ретінде танылды. Форум реформаларға арналған сессиямен ашылды. ҚР Президентінің кеңесшісі Мақзұм Мирзағалиев қатысушыларды құттықтап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көзқарасына сүйене отырып, Қазақстан бейбітшілік, сенім және жауапты дипломатия құндылықтарын тұрақты түрде ілгерілетіп келе жатқанын атап өтті.

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев қазіргі жағдайда «конструктивті консенсус» қалыптастыру мен көпжақты ынтымақтастықты нығайтудың ерекше маңызға ие екенін айтты. Оның сөзінше, тұрақты әрі әділ әлемдік тәртіпті сақтау жауапкершілігі енді кең ауқымды мемлекеттерге жүктеліп отыр.

Форум аясында тоғыз сессия ұйымдастырылды. Онда жетекші державалардың бәсекелестігі жағдайында көпжақты ынтымақтастықтың келешегі, қауіпсіздік архитектурасының трансформациясы, ядролық қарусыздану және таратпау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Ауғанстан факторының Орталық Азия аймағына ықпалы, жаһандық нарықтардың фрагментациясы жағдайындағы инвестициялар, Еуразиядағы сауда-көлік дәліздерінің дамуы, жасанды интеллект пен оған қатысты этикалық дилеммалар, климаттық өзгерістер мен су ресурстарының тапшылығының демографиялық үрдістер мен көші-қонға әсері де күн тәртібінде болды.

Орталық іс-шаралардың бірі — «Орталық Азия өзгеріп жатқан жаһандық қауіпсіздік архитектурасында» атты III Орталық Азия қауіпсіздік және ынтымақтастық форумы болды. Оған қатысқан аймақтың жетекші сараптамалық орталықтарының басшылары халықаралық қауіпсіздік жүйесіндегі өзгерістердің аймақтық тұрақтылық пен даму үшін туындататын сын-қатерлерін талдады. Сонымен қатар аймақ елдерінің өзара ынтымақтастығы мен Орталық Азияның жаһандық диалогтағы көпір ретіндегі рөлі қарастырылды.

Форум аясында ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бастамасымен Central Asia Insights атты жаңа цифрлық ғылыми білім платформасы таныстырылды. Ол Орталық Азиядағы зерттеу және аналитикалық әлеуетті біріктіруге, алмасуға және ілгерілетуге бағытталған. Форумда осы платформаға орналастырылған бірқатар баяндамалар ұсынылды. Олар Ауғанстанмен ынтымақтастықтың мүмкіндіктері мен сын-қатерлері, урбанистика, демографиялық трендтер және жасыл энергетика мәселелерін қамтыды. Сонымен қатар ҚСЗИ басшылығы Венгрия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Пәкістан және Иранның талдау орталықтарымен екіжақты кездесулер өткізді. Пәкістанның Халықаралық стратегиялық зерттеулер орталығымен ынтымақтастық туралы меморандумға және Өзбекстан Президенті жанындағы Стратегиялық реформалар агенттігімен іс-шаралар жоспарына қол қойылды.

Форум жұмысының қорытындысында ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов Astana Think Tank Forum 2025 алаңының сенімге, ашық пікірталас пен практикалық шешімдерге негізделген халықаралық сараптамалық формат ретіндегі тиімділігін атап өтті. Бұл форум жаһандық поляризация тереңдеп бара жатқан қазіргі кезеңде халықаралық жүйеге деген сенімді қалпына келтіруге және аймақтық серіктестікті нығайтуға бағытталған маңызды диалог алаңы ретінде бағаланды.