
Жергілікті бюджет көлемі өскендіктен, қаржының біраз бөлігі шеткі тұрғын алаптарды дамытуға жұмсала бастады. Былтырдан бастап қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасымен халық арасында «Зеленая балка» аталып кеткен Көксай шағын ауданының жаңғырту тұжырымдамасын жүзеге асыру қолға алынды. Шағын ауданның тарихы сонау 1915 жылдан басталады. Сол кезде қалада теміржол құрылысы жанданып, алғашқы қоныстанушылар көшіп келген екен. Бір жағынан тұрғындар бұл аймақты «нахаловка» деп те атайды. Оның себебі осында тұрып жатқан азаматтар кезінде жер телімдерін өз беттерінше иемденіп, үйлердің басым бөлігін заңсыз салған. Жергілікті тұрғындар әртүрлі жиындарда мұндағы күрделі қылмыстық ахуал мен құқықбұзушылық мәселесін де жиі көтеретін.
Тағы бір айта кетерлігі, шағын аудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің басым бөлігі бір ғасыр бұрын салынғандықтан, бүгінде көпшілігі апатты жағдайда. Бұл бірінші кезекте тұрғындардың өміріне өте қауіпті. Сондықтан қала әкімдігі тұжырымдама аясында азаматтарды өзге шағын ауданға көшіру мәселесін қозғады.
Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, бұған дейін бұл аумақты жаңғырту бірнеше рет қолға алынғанымен, бастаманы жүзеге асыру түрлі себепке байланысты кейінге ысырылып қала берген, іс жүзінде ешқандай жұмыс жүргізілмеген. Бұл ретте Ғабит Сыздықбеков қалаға әкім болып келгеннен кейін бірнеше рет осы шағын ауданға барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтты. Тұрғындардың ұсынысын тыңдап, олардың өтініші негізінде нақты шешім қабылдау керектігін ұйғарды. Содан көп ұзамай тұрғындарды жаңа баспанамен қамтамасыз ету, сөйтіп оларды жаңа үйлерге көшіру кезең-кезеңімен іске аса бастады.
Қазірдің өзінде тұжырымдаманың алғашқы кезеңінде 9 тұрғын үйдегі 83 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Отбасылардың жаңа баспанаға қоныстануы жаңғырту тұжырымдамасымен бірге «Реновация» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Жалпы алғанда, осы шағын ауданда орналасқан 23 тұрғын үйде өмір сүріп жатқан 217 пәтер иелерін жаңа баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған. Өз кезегінде тұжырымдаманың екінші кезеңі аясында жер үйлер бағаланып, жеке тұрғын сектордағы отбасыларға ақшалай өтемақы төленеді.
Тұрғындар толық көшірілгеннен кейін елді мекенде аудан әкімдігі ғимараты, денешынықтыру-сауықтыру кешені, әлеуметтік нысандар, көпқабатты тұрғын үйлер мен саябақтар салынады. Сонымен қатар қолданыстағы мектеп кеңейтіліп, әмбебап сауда-логистикалық орталық құрылысы басталады.
Көксай шағын ауданы – Шымкент қаласының ең көне елді мекендерінің бірі. Жоғарыда айтылғандай, бұл аумаққа алғашқы үйлер сонау 1915 жылдан бастап салына бастаған. Қоныстанушылардың осы аймаққа келуі ең алдымен теміржол құрылысының басталған кезеңімен байланысты. Арада уақыт өте келе тұрғындар өз бетімен, кейде құжатсыз үй салуға көшті. Осылайша, Көксай шағын ауданы елді мекен ретінде өсіп-қалыптасқанымен, инфрақұрылым жүйесі бірізді дамымай қалды.
Бүгінде Көксайда 7 мыңнан астам тұрғын өмір сүреді. 1275 жеке тұрғын үй мен 23 көпқабатты үй орналасқан. Елді мекен толықтай ауызсу, табиғи газ, электр жарығымен қамтылған. Көшелер жарықтандырылып, жолдар асфальтталған. Балаларға арналған екі ойын, спорт алаңшасы да тұрғындардың игілігіне берілген.
«Реновация» бағдарламасы аясында қолға алынған игі жұмыстардың арқасында Көксай шағын ауданы түрленіп, көркейіп, екінші жаңа өмірі басталды. Бағдарлама Үкіметтің 2022 жылғы №736 қаулысымен бекітілген «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» мен Шымкент қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 9 қазандағы №5221 қаулысына сәйкес жүзеге асырылып отыр. «Реновация» бағдарламасының көздеген басты мақсаты – тозығы жеткен, апатты тұрғын үйлерді бұзып, азаматтарға жаңа әрі жайлы пәтер ұсыну. Жобаның операторы ретінде «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ белгіленген.
Бағдарлама аясында Көксайдағы барлық 23 көпқабатты үйді бұзып, тұрғындарға жаңа пәтер беру жоспарланған. Қазірде жоғарыда аталған 83 отбасы «Тұран», «Шымкент Сити» шағын аудандарындағы жаңа үйлерге қоныстанды. Мұны тұрғындарды маңызды әлеуметтік қолдау әрі халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам ретінде қабылдау керек.
Сонымен қатар «Реновация» бағдарламасы баспанамен ғана шектелмейді. Алдағы уақытта Көксай аумағында көптеген маңызды нысанның құрылысы басталады. Олардың ішінде тұрғын үйлерден бөлек, әкімшілік ғимарат, спорттық-сауықтыру кешендері, заманауи мектеп, жасыл желекке бөленген әдемі саябақтар, ірі сауда орталықтары болады.
Қорыта айтқанда, Көксайдың жаңару тұжырымдамасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, тұрғын алап келбеті жыл өткен сайын жаңғыра түседі. Бұл – шағын ауданның ғана емес, бүкіл қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыруды көздеген ауқымды бастама.
Ең бастысы, қала аумағы жылдан-жылға көркейіп келеді. «Реновация» бағдарламасымен өткен ғасырдың ортасында салынған ескі үйлер бұзылып, орнына жаңасы салына бастады. Осы бастама аясында бүгінге дейін көптеген тұрғын жаңа баспанаға қоныс аударып үлгерді. Осының бәрі елімізде қолға алынған әлеуметтік жаңғыру жоспарын іске асыру арқасында болып жатыр. Мемлекет басшысы айтып өткендей, экономикалық өрлеу мен оның нәтижесін қарапайым халық та бірдей көруі керек. Сондықтан қаланың қазынасына түсіп жатқан табыстың көп бөлігі әлеуметтік мәселені бірінші кезекте шешуге жұмсалып жатыр. Шымкент – жер аумағы жағынан ауқымды қала. Ендігі міндет – сапа тұрғысынан даму. Яғни жаңа үйлер, жаңарған инфрақұрылым мен әлеуметтік жаңа нысандар деген сөз. Осының бәрі жинақтала келе халықтың пайдасына қызмет атқаруға тиіс. Адамдардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау – Президент белгілеген міндет. Оны сапалы орындау жергілікті әкімдіктің бірінші кезектегі шаруасы.
Көксай шағын ауданы шаһардың әкімшілік аумағының бір бөлігі саналатын Еңбекші ауданына қарайды. Көксайда атқарылған игі істерге қарап, жалпы ауданда тындырымды тірліктің көп екенін аңғаруға болады. Енді осы әкімшілік аумақтағы қолға алынған жұмыстарды да бір саралап өтсек. Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбектің айтуынша, қаланың осы әкімшілік аумағында 200 мыңнан астам халық бар. Жер аумағы 22 мың гектардан асады. Аудан 18 тұрғын алап, 11 шағын ауданнан тұрады. Осы мекенде орналасқан үйлердің көпшілігі тиісті коммуналдық инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған. Тарқатып айтсақ, шағын аудан мен тұрғын алаптар 97% ауызсумен, 99,8% электр жарығымен, 97% табиғи газбен, 41% кәріз жүйесімен, 79,8% асфальт жолмен қамтамасыз етілген. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес Еңбекші ауданында инфрақұрылым жүйесін дамыту туралы 2022–2025 жылдарға арналған «Жол картасы» қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан бекітіліп, бүгінде жұмысы жүргізіліп жатыр.
2025 жылы Жастар көшесі, «Қазығұрт» стансасы, Оңтүстік Жаңақұрылыс аумағындағы үш мекенжайға сапалы ауызсу кіргізіле бастады. Осыған орай жобалаушы мекеме «Архитектор» құрылыс тобы» ЖШС тарапынан жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң қорытынды алынды. Жоба 2026 жылдың жұмыс жоспарына енгізіліп, бюджеттен қаржы қаралуға өтінім жолданған.
Еңбекші ауданында халықтың 0,2%-ы электр энергиясымен қамтылмаған, 120 абонентті құрайды. Электр жарығына қосылмаған азаматтар Жаңақұрылыс учаскесінде тұрады. 2024 жылы «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС тарапынан 16,7 шақырым желі жаңартылып, 9 трансформатор ауыстырылды. 2025 жылы 4,7 шақырым желі жаңартылып, 3 трансформатор жаңаланды. Сонымен қатар Исфиджаб, Достық тұрғын алаптарындағы жекеменшік жүйедегі электр желісін ауыстыруға қатысты «Сайрам» жобасының құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. «Сайрам» жобасымен «Қазеуроқұрылыс» ЖШС мердігер мекеме болып анықталды. Құрылыс 2026 жылдың ІІІ тоқсанында аяқталады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ «Bag Building» ЖШС мердігер мекемесі А.Оразбаева көшесіндегі ескірген электр желілерін жаңасына ауыстырып берді.
Әкімшілік аймақтағы 5 елді мекенді Оңтүстік, Қарабастау, Жұлдыз, Жалын, Қаратөбе тұрғын алаптарындағы жаңа құрылыс учаскесінің 3739 абонентін табиғи газбен қамтамасыз етуге бюджеттен қаржы қаралып, былтыр құрылысы басталған еді. Қаратөбе тұрғын алабы мен Оңтүстік шағын ауданына газ құбыры тартылып, биыл пайдалануға берілді. Сонымен қатар Жалын тұрғын алабы, Қарабастау – Жаңақұрылыс, Жұлдыз – Жаңақұрылыс учаскесінде құрылыс-монтаж жұмыстары өз мәресіне жетті. Енді абоненттеу жұмыстары ғана қалды. Газ құбырын жүргізу ісімен «Almaty Production Construction Invest» ЖШС, «Отау Құрылыс» ЖШС мердігерлік мекемелері айналысты.
«Ұлағат» шағын ауданында кәріз жүйесінің құрылысы қолға алынды. Мұндай жұмыстар Жұлдыз тұрғын алабында да жүргізілді. Кәріз жүйесін орнату биыл Базарқақпа тұрғын алабында да іске асырылды. Оған Достық көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйлер қосылуға тиіс. Құрылыс келесі жылға өтпелі саналады. Жоба мердігері – «Су жоба Құрылыс» ЖШС.
Еңбекші ауданының әкімшілік аумағындағы көше мен өткел саны – 728. Оның басым бөлігі – асфальт жол. Кейбір көшелер тастақты. 12 шақырымдай топырақ күйінде жатқан жолдар да бар. 2023 жылы 3 көше орта жөндеуден өткен. Былтыр 24 көше орташа жөнделді. Биыл 72 көше орташа қалпына келтіріледі. Бүгінде жұмыстар 90%-ға аяқталған. Тұрғын алап пен шағын аудандағы көшелердің 215-іне аяқжол салынған. Соның ішінде 51 көшенің тротуары қайта жөндеуді қажет етеді. Ауданға 57 шақырым аяқжол салу қажет. Бұл жұмыстар алдағы үш жылда іске асырылуға тиіс. Өткен жылы 23 көшенің жиегіне аяқжол төселді. Биыл 22 көшеде жаңа тротуар пайда болды. Сондай-ақ Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан шаһардың негізгі даңғыл жолы Тәуке хан көшесінің бойындағы аяқжолдар жаңартылды. Басқарма биыл қаланың тағы бір басты жолы Сайрам көшесінің екі жағындағы бүлінген аяқжолдарды қалпына келтірді. Осы құрылыс жұмыстары аясында жол бойындағы ескі бағаналар алынып тасталынып, жаңадан жарықшамдар орнатылды.
«Көктем, күзде жауын жауса, қаланы да су басып қалуы мүмкін. Оны болдырмаудың бірден-бір жолы – ирригациялық жүйелердің болуы. Арық-атыздар жауын кезінде шаһарды селден ғана қорғамайды, сонымен қатар қаланың жаздың аптап ыстығында климатын салқындатуға керек. Аудан әкімшілігі көктем-күз айларындағы жауын-шашын кезінде көшелерге арнайы зерделеу жұмысын жүргізіп, су басу қаупі бар 5 аумақты анықтады. Жаңбырлы күнде көшеде су ағып жатса, біріншіден, жаяу жүргіншілерге ыңғайсыздық келтіреді, екіншіден, жолда үлкен көлік кептелісін тудырады. Онымен қоймай, сол арада орналасқан үйлерде тұратын халықтың әрі-бері жүріп-тұруына кедергі болады. Сондай-ақ ағынды су көшелерге жайылып, жеке сектордағы үйлердің ауласына кіріп кетуі мүмкін немесе көпқабатты үйлердің жертөлесін су басып қалуы да ғажап емес. Сондықтан селден сақтану, су басу қаупінің алдын алу мақсатында 2022 жылы 21 мекенжайға 7,3 шақырымды құрайтын ирригациялық арық орнатылды. 2023 жылы 20 аумақта ирригациялық арық қазылды. Ұзындығы 8,1 шақырымды құрайтын арық жүйесінің құрылысын «Маверикс», «Сәтті құрылыс» ЖШС мердігерлік мекемелері атқарды. 2024 жылы 16 көшеге 4,9 шақырымға созылған ирригациялық жүйе жүргізілді. Биыл жауын кезінде көлшік болып суға толатын 20 қауіпті учаске анықталды. Қазір солардың бесеуіне арық-атыздар орнатылды. Ол – Уәлиханов көшесі мен ішкі орамы, сондай-ақ Айтжанов, Орынбай ақын, Ақдала көшелері. Ауданда жарықтандырылған көше саны – 361. Былтыр 244 көше түнгі уақытта жарқыраса, биыл 367 көшенің бойына жарықшам қоямыз деп отырмыз. Дәл қазірге дейін 282 көшенің жоспарын орындап үлгердік. Ендігі қалғаны – 85 көше. Әкімшілік аумақтағы 285 көпқабатты үй 132 аулаға біріктірілген. 2021 жылдан бастап абаттандыру жұмысы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асырылып келеді. Бұл дегеніміз – тұрғындар ұсыныстарын беру арқылы жергілікті бюджеттің қаржысын өздеріне керекті іске бағыттай алады. 2024 жылы 47 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылды. Жеке сектордағы үйлер түскен 17 аймаққа үлкен балаларға арналған ойын алаңшалары салынды. Биыл осы бағытта 47 жобаны іске асырамыз деп шештік. Әзірге «Халық қатысатын бюджет» бастамасы аясында 39 жобаны аяқтап үлгердік. Қалған бесеуінің жоспары енді бекітіліп жатыр, үшеуі мемлекеттік сатып алу сатысында», деді Еңбекші ауданының әкімі Д.Есілбек.
Әкімнің айтуынша, қазірде аудан аумағында 61 спорт алаңшасы халық игілігіне қызмет көрсетіп жатыр. Былтыр осындай спорт алаңшасы ашылса, биыл олардың саны тоғызға көбейді. Спорт алаңшаларының көбеюі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамытуға, саламатты өмір салтын қалыптастыруға қатысты тапсырмасының іске асып жатқандығын көрсетеді. Көпқабатты үйде тұратын адамдардың арнайы уақыт бөліп, жабық жаттығу залдарына баруына мүмкіндіктері бола бермейді. Сондықтан халыққа ең тиімді балама – көпқабатты үйлердің ауласына орнатылған спорттық алаңшалар. Ол жерге кешқұрым үйдің барша тұрғыны жиналады. Жасөспірімдерден бастап қарияларға дейін спорттық жабдықтарда жаттығу жасайды. Немерелерін жетектеген қариялар бала қарап, бір сәт таза ауа жұтып әрі спорт алаңшасында буындарын қыздырып, бойларына қан жүгіртіп қайтады. Үлкен жастағы кісілерге жеңіл-желпі жаттығудың өзі – спорт, саламатты өмір салтын ұстану. Бұл ретте Президент мемлекет бұқаралық спортты дамытуға бар жағдайды жасайтынын айтқан болатын. Оның бастапқы жолы спорттық инфрақұрылым екені даусыз. Спорт алаңшалары – осы инфрақұрылымның нағыз үлгісі.
Қалада әлеуметтік мәселе біртіндеп шешімін тауып келеді. Бұрын халық газ, су, жылу тапшылығына алаңдап келсе, қазір оның бәрі ұмытылды. Жұрттың ендігі ойлайтыны бос уақытты қалай тиімді өткізсем, денсаулығыма, ой-санамның дамуына пайда әкелетін қандай іспен айналыссам деген ниет қана. Бұл тұрғыда спорт, балалардың ойын алаңшалары – бос уақытты пайдалы өткізудің ең тиімді жолы. Қаланың көп бөлігін жеке сектордағы үйлер алып жатыр. Ол жердің тұрғындарына ойын алаңшалары бұрыннан арман еді. Бүгінде сол арман орындалып, халық әлеуметтік мәселенің шешім тапқанына қуанышты.
Ауданда 2024 жылы 5 гүлзар құрылысы жүргізілді. Одан бөлек, демеушілер есебінен, сонымен қатар «Интеко тобы» ЖШС қаржысына 2 гүлзар салынды. Биыл аудан әкімдігі 8 гүлзар салуды жоспарға енгізіпті. Әкімнің айтуынша, 7 гүлзарға қатысты мемлекеттік сатып алу конкурсына өтінім беріліп, жеңімпаз анықталды. Оның құрылысы осы жылдың соңына дейін аяқталады деген болжам бар. Қалған бір гүлзарды «Интеко тобы» ЖШС мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында өз қаржысына салып берді. Қазан айында пайдалануға тапсырылды.
2024 жылы аудандағы 192 көшеге 7336 дана көше атауы мен үй нөмірі жазылған тақтайшалар орнатылды. Биыл 207 көшеде атаулар мен үй нөмірі жазылған тақтайшалар пайда болады. Бүгінге дейін 56 көшенің атауы жазылған тақтайшалар ілінді. Осы белгілерді орнату жыл соңына дейін жалғасып, биылға бекітілген жоспар толығымен орындалады.