Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Сауд Арабиясымен ынтымақтастықты жан-жақты нығайтуға айрықша мән беретінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тақ мұрагері, Сауд Арабиясының Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман Әл Саудтың екі елдің сан қырлы ықпалдастығын ілгерілетуге қосқан елеулі үлесін айрықша атап өтті.
«Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман – шын мәнінде, жаһандық ауқымдағы мықты әрі беделді көшбасшы. Оның өз Отанын өркендетуді көздейтін көреген әрі прогрессивті стратегиясы, сондай-ақ халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту ісінде атқарған рөлі ең жоғары баға мен құрметке лайық», деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхаммед бен Салманды Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақыратынын растады. Файсал Әл-Кахтани өз елінің Қазақстан Республикасымен стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге бейіл екенін айтты.
Ол жақында қол қойылған Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім, сондай-ақ екі ел арасында Координациялық кеңес құру тиімді байланыстарды жандандыруға жол ашатынына назар аударды.
«The National Interest» журналында Президенттің жаңа Конституцияға қатысты мақаласы жарияланды
Бұдан бөлек, дипломат Таяу Шығыстағы күрделі ахуалға байланысты Қазақстан Президентінің көрсеткен жан-жақты қолдауына Сауд Арабиясы басшылығының шынайы ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар Қазақстанның бітімгерлік келіссөздерді киелі Түркістан шаһарында өткізу туралы бастамасының өзекті екеніне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың тұрақтылығын, қауіпсіздігі мен орнықты дамуын қамтамасыз ету әрекеттеріне алдағы уақытта да жәрдемдесуге әзірлігін, сондай-ақ Сауд Арабиясына және Шығанақтағы барлық елдерге тілектестігін білдірді.
Кездесу соңында Президент Қос Киенің сақшысы, Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа және Тақ мұрагері, Премьер-министр Мұхаммед бен Салман Әл Саудқа ыстық ықыласы мен сәлемін жолдап, бауырлас Сауд Арабиясы халқына бақ-береке тіледі.
Президент «Русская медная компания» негізін қалаушы Игорь Алтушкинді қабылдады