Тағзым • Бүгін, 08:23

Қаламгер тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Астана қаласында қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Әкім Тарази тұрған үйдің қабыр­ғасына ескерткіш тақта қойылды. Сондай-ақ Күләш Байсейітова атын­дағы Қазақ ұлттық өнер университетінде Әкім Тарази атындағы мәжіліс залы ашылды.

Қаламгер тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

Әкім Тарази саналы ғұмырын сөз өнеріне арнап, төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді дамытуға зор үлес қосты. Дарынды қаламгер әдебиеттегі шығармашылығын «Құйрықты жұлдыз» повесінен бас­тап, «Тасжарған», «Кен», «Жаза», «Шер», «Махаббат жыры», «Қиянат» сынды қалың оқыр­ман іздеп жүріп оқитын бірнеше романды дүниеге әкелді.

Драматургия мен қазақ кино өнеріне де өшпес із қалдырып, «Күл­мейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Қос боздақ» секіл­ді пьесаларды, «Тұлпардың ізі», «Ар­ман атаман», «Қараш-Қа­раш оқиғасы», «Қызжылаған», «Мұс­­тафа Шо­қай» сынды қазақ кино өнерінің алтын қорына енген фильм­дердің сценарийлерін жазды.

Осындай тынымсыз ізденісі арқылы қазақ прозасының тынысын кеңейтіп, «Әдебиет әлемінің Әкімі» деген ардақты атты иеленген қаламгер өмірінің соңғы жылдары Астана қаласының рухани кемелденуіне де аянбай тер төкті.

Әкім Тарази тұрған үйдің қа­бырғасына орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Төлен Әбдік жазушының екінші өмірі басталғанын тілге тиек етті.

«Дүниеден өткен тұлғаларды еске алу халқымыздың дәстүрінде бар. Ұлтымыздың дарынды жазушылары аз емес, десе де Әкім ағаның орны біз үшін ерекше.  Біз әдебиеттің табалдырығын енді аттаған кезде Әкім Әшімов деген атпен ел-жұртқа белгілі жазушы болатын. Бірақ ол кісінің өзін зор санап, кейінгі інілеріне жоғарыдан қараған кезін көрмедік. Қатарындай көріп, бәрімізді бауырына басты. Тағы бір айтатыным, ағамыздың әкесі Ұртай Ғабит Мүсіреповтің досы болған зиялы адам еді. Сол кісілерден Әкім ағамыздың бойына кісілік қасиет, қарапайымдылық пен мейірімділік дарыған деп ойлаймын. Міне, ескерткіш тақта ашу арқылы ағамыздың екінші, яғни мәңгілік өмірінің бастал­ғанына куә болып отырмыз», деді жазушы.

Ескерткіш тақтаның ашылуын­да Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың жүрек­жарды сәлемін жеткізіп, Әкім Тарази есімін ел есінде мәңгілікке қал­­дыру мақ­­сатындағы жұмыстың бас­­талғанына ризашы­лы­ғын біл­дірді. Болашақта қалам­гер тұрған үйдің маңына жаңадан салынған мектепке Әкім Тарази атын беру туралы бастама көтеруге болатынын да тілге тиек етті. Ал Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев бү­гін­гі күннің ерекше күлімдеп тұруын Әкім Таразидың жайдары мінезімен байланыстыра келіп: «Кейінгі ұрпаққа аталы жылы сөзін айтатын ақсақалдары жоқ заманда Әкім ағаның «айналайын» деген сөзін сағынамыз. Сол сөзін естігенде ат мінгендей арқаланып қалушы едік», деді.

Ескерткіш тақта ашылғаннан кейін іс-шара Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде жалғасты. Жұрт­шылық «Шабыт» атап кеткен өнер ордасындағы ең үлкен Мәжіліс залы Әкім Тарази атына берілді.

Университет ректоры Ғалым Ахмедияров: «Ағамыздың жары Роза Мұқанова бізге келіп, қалам­гердің есімін ұлықтау мақсатында бір аудиторияның атауын Әкім Тарази атына беруге ұсыныс жасады. Біз оқу ордасының дамуына ерен еңбегі сіңген жазушының есімі шағын аудиториядан гөрі университет ғимаратындағы ең үлкен мәжіліс залына лайық деп таптық», деді. Ал Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Әкім Тарази бастаған қаламгерлердің еліміздің азаттық алу жолындағы еңбегіне талдау жасады. «Ескерткіш тақта­ның ашылуы мен мәжіліс залына Әкім Таразидың есімінің берілуі ұлттың өнеріне жасалған құрмет деп бағалауымыз керек. Қазақ елінің тәуелсіздік алу жолында қаншама қалам­­гер­леріміз күресті. Соның бірегейі Әкім Тарази екеніне күмән жоқ», деді.

Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаева Әкім Таразиды Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне қызметке шақырғанын, «Еңбек Ері» атағын алғанда ұжым болып қуанғанын айтып, мағыналы естелігін жеткізді.