Саясат • Бүгін, 08:58

Тараз бен Қазақ қалаларын жақындатқан хаттама

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Тараз және Қазақ қалалары арасында бауырластық қатынас орнатуға қатысты хаттамаға қол қойылды. Осылайша, байырғы тұрғындарының тарихы сонау қазақ даласынан тамыр тартатын Қазақ қаласы рухани тұрғыдан елімізге тағы бір табан жақындай түсті.

Тараз бен Қазақ қалаларын жақындатқан хаттама

Сурет: sn.kz

Әзербайжанның бұл қаласы­ның Қазақ аталуы кездейсоқ жағдай емес. Ерекше атауы бар бұл қаланың тарихын еліміздің Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел айтып берді.

«Қазақ – Әзербайжанның әсем қалаларының бірі, ол Грузия мен Армения шекарасына жақын орналасқан. Біз осы атаудың этимологиясына қатысты шағын зерттеу жүргізіп, қызықты деректерге тап болдық. XVI ғасырдың басында әзербайжан-парсы билеушісі шах Исмаил мен Мұхаммед Шайбани хан арасында соғыс болған. Ал Мұхаммед Шайбани қазақ ханы Қасымның бөлеcі болғандықтан Қасым хан оған көмекке жасақ жіберген. Шайқаста тұтқынға түскен қазақ жауынгерлерін шах Исмаил Кавказға қоныстандырған. Сол кезден бастап қазақ батырлары орын тепкен бұл өңір «Қазақ» деп аталып кеткен», дейді елші.

Оның айтуынша, бүгінде Әзер­байжанның солтүстік-батысында Қазақ ауданы мен Қазақ қаласы бар. Қазақ ауданында антропологиялық тұрғыдан қазақтарға ұқсайтын адамдарды осы күнге дейін кездестіруге болады екен.

«Мәселен, әзербайжандық тұңғыш әскери ұшқыш Фаррух Аға Гаибовтың суретіне көз салсаңыз, жеткілікті. Қазақ ауданы – Әзербайжанда құрт әзірленетін жалғыз аймақ. Сондай-ақ мұндағы тұрғындар жылқы малын ерекше жақсы көреді және өздерінің ақындарын – ашықтарды қатты қадірлейді. Өр мінезді болып келеді», деді елші Ә.Байел.

Осының барлығын ескере келе, қос тарап Қазақ қаласының көне Таразбен бауырлас, дос болғанын жөн санап отыр. Себебі Тараз – XV ғасырда Қазақ хандығы құрылған өңірде орналасқан. Бұл құтты қадам бауырлас халықтарды одан сайын жақындата түсері сөзсіз.

Еліміздің Әзербайжандағы елшісі Ә.Байел Әзербайжан жерінде ортақ тарихымызды айғақтайтын көптеген топоним бар екенін де атап өтті. Мәселен, Қыпшақ және Жалайыр деп аталатын елді мекендер бар екен және де сақтармен байланысты атаулар да кездеседі.