Білім • Бүгін, 09:37

Елімізде жыл соңына дейін тағы 92 мектеп ашылады

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында жүктелген міндеттерге сәйкес елімізде білім беру жүйесін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мемлекет мектепке дейінгі тәрбиеден бастап жоғары білім мен ғылымға дейінгі барлық буынның сапасын арттыруға бағытталған ауқымды реформаларды қолға алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде жыл соңына дейін тағы 92 мектеп ашылады

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Биылғы жылдан бастап елімізде білім беру саласында айтарлықтай серпіліс байқалады. Мектепке дейінгі тәрбие бағытында 26,6 мың орынға арналған 303 жаңа балабақша ашылып, бүлдіршіндерге қолайлы жағдай жасалды. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың балалары тегін тамақпен қамтамасыз етіліп отыр. Сондай-ақ, ата-аналарға арналған 5,5 мыңнан астам кеңес беру орталығы жұмыс істейді.

Жаңашыл тетіктердің бірі – «Ақша баланың соңынан жүреді» қағидатына негізделген ваучерлік қаржыландыру жүйесі. Қазіргі таңда бұл жоба 20 қала мен 7 ауданда сынақтан өтіп, 4,8 мыңға жуық балабақша қатысып отыр. 671 мыңнан астам ваучер беріліп, соның нәтижесінде балабақшаға кезек екі есеге жуық қысқарған.

Орта білім саласында да тың жобалар жүзеге асып жатыр. 2024–2025 жылдары республика бойынша 359 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның ішінде «Келешек мектептері» жобасы аясында 173 білім ордасы ашылды. Биылдың өзінде 102 мектеп салынып, жыл соңына дейін тағы 92 нысанның құрылысы аяқталады деп жоспарланған. Сонымен қатар, 245 мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп, 95 мыңнан астам оқушының оқуына қолайлы орта қалыптасады.

Сонымен қатар 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында балаларды қосымша біліммен қамту көрсеткіші 87,2 %-ға жеткен. Оқушылардың 62 %-ы тегін үйірмелер мен секцияларға қатысқан, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 %-ға жоғары. Қосымша білім беру ұйымдарының саны да артып, қазіргі таңда олардың жалпы саны екі мыңнан асты.

Сонымен қатар, бірнеше қалада үйірмелер мен секцияларға жазылуды жеңілдететін пилоттық цифрлық жоба жүзеге асырылып жатыр.