Аймақтар • Кеше

Тотыдай таранған Тараз

50 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мыңжылдықтардың куә­сіне айналған қарт Тараз жыл өткен сайын жаңа­­­рып, жаңғырып келеді. Кейін­гі бірнеше жылдың беде­рін­де облыс орталығында жаңа шағын аудандар бой көтеріп, инфрақұрылым жаң­ғыртылып жатыр. Жергілікті атқарушы би­лік өкілдері тұрғындарды әлеуметтік тұрғын үй­мен, сапалы ауызсумен қам­тамасыз ету мәселесін шешуге айрықша назар аударып отыр.

Тотыдай таранған Тараз

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков­тің айтуынша, қазірде облыс орталығында 23 мыңға жуық азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың мәселесін оңтайлы шешу мақсатында жаңадан салынып жатқан «Балауса», «Шапағат», «Ұлы дала» шағын ауданда­рын­­да әлеуметтік тұрғын үйлер бой кө­теріп жатыр.

«Уақыт өткен сайын облыс орталығында салынып жатқан тұрғын үй саны артып келеді. Өткен жылы қала аумағында 50 тұр­ғын үйдің құрылысы басталған бола­тын. Биыл 60 көпқабатты тұр­ғын үйдің, оның ішінде «Ұлы дала» шағын ауда­нында – 22, «Шапағат» шағын ауда­нында – 16, «Балауса» шағын ауда­нында 22 тұрғын үй­дің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл үйлердің барлығы жыл соңында пайдалануға беріледі. Жыл басталғалы бері 216 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалану­ға бердік. Бұдан бөлек, 3,8 млрд теңгеге нарықтан қосымша 266 пәтер сатып аламыз. Бұл жұмыстың барлығы шаһарда кезекте тұрған ­23 мыңға жуық тұрғынның мәселе­сін шешу мақсатында қолға алы­нып отыр. Жаңадан салынып жат­қан «Балауса» шағын ауданында жал­пы саны 145 тұрғын үй бой көтереді. Бір айта кетерлігі, «Балаусада» тек әлеуметтік тұрғын үй салынбайды. Мұнда қазіргі нарыққа сәйкес коммерциялық тұрғын үйлер салуды да жоспарлап отырмыз. Тараз­дың мақтанышына айналған Талас өзенінің бойында 9, 12 қабатты тұр­ғын үйлер бой көтеріп жатыр. Со­нымен қатар мұнда әлеуметтік нысандар да салынады. Олардың қатарында мектеп, балабақша, емхана, үлкен концерт залы бар. Әлеуметтік тұрғын үйлер туралы әңгіме қозғалса, жұрт оның сапасы төмен екенін айтып жататыны бар. Уақтында мұндай әңгіменің айтылуына негіз де болған шығар. Сол олқылықтармен тиянақты жұмыс істедік. Қасбетінен бастап, бұл жобаны толықтай зерделедік. Шатыры да, ішкі құрылымы да, жалпы архитектуралық шешім бұрынғыдан өзгеше», дейді қала әкімі Бақытжан Әмірбекұлы.

а

Шаһар басшысының айтуынша, «Балауса» шағын ауданында салынып жатқан тұрғын үйлерде әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтардың жағдайы ескерілген. Мұнда әрбір подъезде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жеделсаты орналастырылады.

«Мұнда өздеріңіз көргендей, 4 бөл­мелі пәтер қарастырылған. Бұ­рын біз көпбалалы аналарға 3 бөл­мелі пәтер ғана ұсынатынбыз. Енді 4 бөлмелі пәтер беретін мүмкіндік туады. Әлеуметтік үйлердің сапасын арттыруға айрықша басымдық бе­ріп отырмыз. Сол тұрғыдан алғанда мұнда арнайы 2 дәретхана, 2 жуыну бөлмесі бар екенін айта кеткен жөн. Салынып жатқан үйлерді кәдімгі бизнес класс санатын­дағы тұрғын үйлердің сапасына жақындатуға ден қойып отырмыз. Ең бастысы, жаңадан бой көтеріп жат­қан шағын аудандағы көпқабатты үй­лердің құрылысына сапалы материалдар пайдаланылып жатыр. Бұрын айтылған ұсыныстарды да назардан тыс қалдырған жоқ­пыз. Жертөлелерді тиімді пайдалану мақ­сатында өткен жылы қанатқақ­ты жоба жасаған едік. Сол жобаның не­гізінде жертөлелерден әр пә­тер­ге арналған жеке бөлме салуды ұйғардық. Мұнда әрбір азамат пәтеріне сыймаған заттарды қоя­­ды. Бұл қадамға тұрғындар сұра­­нысы негізінде бардық», дейді Б.Орынбеков.

Бақытжан Әмірбекұлының ай­туын­ша, «Балауса» ауданын көгал­дандыру, абаттандыру жұмысы­на айрықша басымдық берілген. Әсі­ресе балаларға қажетті ойын алаңдары, воркаут, футбол алаңын салу мәселесі жобада қарастырылған.

«Тұрғындар тарапынан «Бізге балалар алаңшасы, футбол алаңы ке­рек» деген мәселелер туындамауға тиіс. Сол тұрғыда жаңа шағын аудан­ның жоспарына осы қажеттілік­ті енгіздік. Шағын аудандағы тұр­ғын үйлер әлеуметтік санатқа жатады. Мұндағы пәтерлердің шаршы метрінің бағасы – 248 мың теңге. Қала бойынша нарықтағы баға 350 мың теңгені құрайды. Біз кезекте тұрған азаматтарға баға қолжетімді болуы үшін осындай қадамға барып отырмыз», дейді ол.

Кейінгі үш жылдың бедерінде облыс орталығында жол жөндеу жұмыстары тың қарқын алды. Нәти­жесінде, облыс орталығында 420 көшеге асфальт төселіп, тұрғындар тарапынан туындаған көкейкесті мәселе өз шешімін таба бастады. Жол мәселесі толықтай шешімін тапқан тұрғын алаптарының қатарында «Бурыл» мен «Барысхан» да бар.

«Қаламыздағы «Барысхан» тұр­ғын алабында қазіргі кезде 5 мыңға жуық халық қоныстанған. Халық әуелде көшелерді асфальттау, жаяу жүргіншілер жолын салу мәселесін жиі айтатын. Біз бірінші кезекте осы мәселелерді уақтылы шешуге ден қойдық. Қазір «Барысхан» тұрғын алабындағы барлық 24 көшеге асфальт төсеу жұмысы толық аяқталды. Жаяу жүргіншілер жолы салынды. Бұ­дан бөлек, көшелерді жарықтан­дыру жұмысы да уақтылы қолға алынып, толығымен аяқталды. Тұрғындардың тағы бір өтініші – қоғамдық көлік. Қазір №29, №9 бағыттағы автобустар қала мен «Барысхан» арасында тоқтаусыз жү­ріп тұр. Біз «Барысхан» тұрғын ала­бына қоныстанған тұрғындармен бір­лесіп жұмыс істеуге уағдаластық. Мұнда қазір көгалдандыру жұмысы жүріп жатыр. Апта сайын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбілік өткізіледі. Алдағы сенбіде бұл алапқа 5 мың түп ағаш отырғызылады. Әр көшенің бойы­на егілген көшеттерді тұрғындар өз­дері суарады, күтіп баптайды», дейді қала әкімі.

ва

Расында, әуелде «Барысхан» тұр­ғын алабының мәселесі аз уақыт­тың ішінде шешімін табады дегенге ешкімнің сенбегені анық. Әйтсе де, қала тізгінін қолға алған Б.Орынбеков санаулы жылдың ішінде мұндағы толып жатқан мәселені уақтылы ше­шіп, тұрғындар алдында берген уәде­сін орындағанын айта кеткен жөн.

«Барысхан» тұрғын алабының халқы біраз жыл бойы жол азабын тартқаны белгілі. Бұл ойдым-ойдым жол аз уақытта жөнделеді дегенге ешкім сенбеген еді. Шұрық-тесік жолдан бәріміз зардап шектік. Кейінгі уақытта біз қоныстанған «Барысхан» тұрғын алабына қала билігі айрықша ден қойғаны көңіл қуантады. Мұндағы бар­лық көшемен бірге Сүйінбай көше­сіне де асфальт төселді», дейді «Ба­рысхан» тұрғын алабындағы Сүйін­бай көшесінің тұрғыны Мық­тыбек Тәукебаев.

Облыс орталығы Тараз қаласын­дағы шағын тұрғын алаптары да жергілікті атқарушы билік өкіл­дерінің назарынан тыс қалған емес. Солардың бірі – «Тектұрмас» тұрғын алабы. Мұндағы шағын көшелер­ге де дер кезінде асфальт төселіп, жергілікті тұрғындардың өтініші қанағаттандырылды.

«Жалпы алғанда, «Тектұрмас» тұрғын алабында 134 түтін бар. Мұнда 500-ге жуық тұрғын қоныс­танған. «Тектұрмаста» да жоспарға сәйкес жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Тұрғындар кездесулерде көгілдір отын, ауызсу, көше жарығы, жол, қоғамдық көлік мәсе­лесін жиі көтеретін. Қазір жергілікті жұрт көтерген бұл мәселелердің барлығы шешімін тапты деп айтуға толық негіз бар. Біз 2023 жылы «Тектұрмасқа» газ құбырларын, су жүйелерін тартып, толықтай газбен, сумен қам­тамасыз еттік. Былтыр көшелерді жарықтандыру жұмысын бастадық. Биыл ол жұмысты да толыққан­ды атқарып шықтық. Сонымен қа­тар көшелерді асфальттауға жедел кірі­сіп, уақтылы аяқтадық. Әлбетте, барлық мәселені жергілікті тұр­ғындармен бірлесіп шешіп жатырмыз. «Тектұрмас» тұрғын алабы халқының өтініші негізінде қоғамдық көлік маршрутын 2023 жылы ашып бергенбіз. Қазіргі кезде тұрғындар автобустарды жаңалау мәселесін алға тартып отыр. Жыл соңына дейін қалаға 60-қа жуық жаңа автобус­ келеді. Соның есебінен қоғам­дық көліктерді жаңалаймыз», дейді Б.Орынбеков.

Жоспарға сәйкес қолға алынған жұмыстар «Қарасай» тұр­ғын ала­­бында да сәтімен аяқ­талды. Мұн­да да жергілікті тұрғын­дар­дың сұра­нысына сәйкес, қазы­надан қарас­тырылған қаражат есебі­нен көше жолдары толықтай асфальтталған.

«Жалпы алғанда 2024 жылы «Қа­расай» тұрғын алабындағы 11 көше бұрылыстарына жөндеу жүргізілді. Ұзындығы 13,1 шақы­рымды құ­райды. Жергілікті тұрғындардың өті­ніші осылайша дер кезінде орын­­далды», дейді Тараз қала­лық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық бөлімінің жол секторының меңге­рушісі Дамир Айманов.

«Қарасай» тұрғын алабының халқы жаңа жолды ұзақ күтті. Олар бірінші кезекте көше­міздің жолы жөнделсе дегенді жиі айтатын. Жергілікті тұрғындардың бас ауруы­на айналған мәселе аз уақыттың ішінде шешімін тап­қаны көңіл қуантады.

Қала тұрғындарының тілегіне сәйкес Асанбай Асқаров көшесіне жалғасатын автокөлік көпірінің құры­лысы да аяқталды. Кө­пір­дің құрылысына қазынадан 200 млн тең­геден астам қаражат қарастырылған болатын.

«Осы жылы «Ұлы дала» шағын ­ауданы мен Асанбай Асқаров кө­шесін байланыстыратын автокөлік көпірі салынды. Бұл көпірдің жалпы конструкциясы 25 метрге тең. Мұндағы жол 9 метр болса, екі жа­ғынан жаяу жүргіншілер жолы қарастырылған. Ілгеріде көпір жоқ кезде тұрғындар «Ұлы дала» ша­ғын ауданы арқылы «Бурыл» тұрғын алабын айналып өтетін. Бұл тұрғындарға ыңғайсыздық туды­ратын. Енді жолды ұзартпай, тікелей осы көпір арқылы Асанбай Асқаров көшесіне шыға алады. Көпір жергілікті тұрғындардың сұра­нысына сай салынды. Мұндағы құрылыс жұмысы жарты жылдың бедерінде аяқталды», дейді жауапты мамандар.

Қорыта келгенде, кейінгі жыл­дары облыс орталығын көр­кейту жөнінде ауыз толтырып айтар­лық­тай жұмыс атқарылып жат­қа­нына ешкімнің таласы жоқ. Қала әкімі Б.Орынбеков бірінші кезекте жергілікті тұрғын­дар көтерген өзекті мәселелерді уақты­лы шешуге ден қойып отыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

 

ТАРАЗ