Оқиға • Кеше

Ақтөбедегі жол апатынан қаза тапқандардың арасында 2 бала бар

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Самара — Шымкент тасжолында болған жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқандардың арасында 2016 және 2022 жылы туған екі бала бар, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтөбедегі жол апатынан қаза тапқандардың арасында 2 бала бар

Фото: Видеодан алынған кадр

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта Хромтау аудандық ауруханасында алты науқас ем қабылдап жатыр. Олардың бірі 2009 жылы туған бала. Жансақтау бөлімінде төрт адам, қалған екеуі жалпы палатада жатыр. Бірнеше науқасқа ота жасалып, барлығы қажетті медициналық көмекпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Бұған дейін ауруханаға жеткізіліп, кейін үйіне қайтқан азамат та  қайта емдеу орнына жатқызылған.

Оқиға орнына келген Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров зардап шеккендер мен қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, барлық қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді.

«Біз үшін өте ауыр қаза болды. Таңғы сағат 08:00–ден өте осындай оқиға болғаннан кейін барлық тиісті мемлекеттік органдар өз жұмысын атқарып келеді. Біздің тарапымыздан жан-жақты көмек ұйымдастырылды. Барлық жағдай өз бақылауымда болады», деді Асхат Шахаров.

Ал Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаевтың айтуынша, апатқа ұшыраған ГАЗель Ақтөбе қаласы мен Әйтеке би ауданы арасында жолаушы тасымалдаумен айналысқан. Тасымалдау қызметі маусым айынан бері ресми түрде, жеке кәсіпкер арқылы жүзеге асырылып келген.

«Таңғы 7:00–де әдеттегідей ауылдан шыққан. Салонда қалаға жеке шаруалармен бара жатқан азаматтар болды. ГАЗель 16 орындық әрі жаңа», деді Дәулетияр Тоғызбаев.

Қайтыс болған әр жолаушының отбасына жергілікті билік 1 миллион теңгеден қаржылай көмек бөледі.

Айта кетейік, апаттан кейін Самара — Шымкент тасжолының бір бөлігі уақытша жабылды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ІІМ арнайы тергеу тобы және үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен апаттың себептерін жан-жақты зерттеуге кірісті.