Аймақтар • 22 Қазан, 2025

Батылдық пен шеберлік сыналған сәт

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осы аптада Петропавл қаласында төтенше жағдайлар саласының мамандары өз кәсібіне деген адалдығы мен төзімділігін тағы бір мәрте дәлелдеді. №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің базасында өткен газтүтіннен қорғаушылар арасындағы сайыс нағыз кәсіби шеберлердің бәсекесіне айналды.

Батылдық пен шеберлік сыналған сәт

Солтүстік Қазақстан облысының әр ауданынан келген 18 команда өрт сөндіру ісіндегі шапшаңдық пен бірліктің, физикалық дайындық пен рухтың сынға түсер сәтінде бақ сынады. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша «Ең үздік газтүтіннен қорғаушы» атағын Смирново ауылының №9 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау капитаны Еламан Байтуханов жеңіп алды. Ол 18 қабатты бар болғаны 2 минут 11 секундта бағындырып, ерік-жігері мен кәсіби дайындықтың жоғары деңгейін көрсетті. Ал «Қауіпсіздік бекетіндегі ең үздік бекетші» болып Петропавл қаласының №5 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғаудың кіші сержанты Камиль Мансуров танылды.

Командалық есеп бойынша:

1-орын – Ақжар ауданының №8 өрт сөндіру бөлімі,

2-орын – Петропавл қаласының №3 өрт сөндіру бөлімі,

3-орын – Петропавл қаласының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі иеленді.

Жарыс соңында жеңімпаздарға грамоталар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Айта кетейік, биыл Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне 30 жыл толып отыр. Үш онжылдық ішінде азаматтық қорғау саласының мамандары сан рет адам өмірін арашалап, өз істеріне деген адалдықтың айқын үлгісін көрсетті. Бүгінгі жеңімпаздар — сол дәстүрдің лайықты жалғасы. Олар үшін бұл тек жарыс емес, мамандыққа деген сүйіспеншіліктің, ел алдындағы борыштың көрінісі.

Севара Зияхан