Энергетика • 24 Қазан, 2025

Жасыл энергияны өркендету қадамы

320 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының басты тапсырмасының – жасыл энергетикаға бет бұру. Осы орайда экономикасының басым бағыты көмірсутекті шикізатты өндірумен байланысты Атырауда жаңғырмалы энергия көзін дамыту бағытында байыпты қадам жасалды.

Жасыл энергияны өркендету қадамы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Облыс әкімі Серік Шәп­кеновтің айтуынша, Атырау – елі­­міздегі ірі мұнай-газ хабы, экологиялық жүктемесі жоғары индустриалды өңір. Мұнда та­биғи ресурстардың қоры мол әрі өндірістік инфрақұрылым тығыз шоғырланған.

– Каспий теңізінің жағалауы, Жайық өзені мен өзге де біре­гей экожүйелер өңірдің эколо­гиялық тұрақтылығы мен био­əртүрлілігіне айрықша мəн беруді талап етеді. Экологияны қорғау – тек табиғаттың тазалығын сақтау шарасы ғана емес, еліміздің тұрақты дамуына тікелей əсер ететін стратегиялық бағыт. Осы орайда Атырау облысында жасыл энергияны дамытуға басымдық беріліп отыр, – деді С.Шәпкенов.

Соның ішінде жел энергиясы стратегиялық маңызы бар салаға айналды. Қазір өңірде екі ірі жел электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біріншісі – Исатай ауданындағы Манаш ауылының маңында орналасқан жел электр стансасы. Жоба аясында 36 генератор желден тұрақты электр энергия­сын өндіреді. Генераторлардың қуаты 52,8 мегаватты құрайды.

Екінші станса Мақат ауда­нындағы Доссор кентіне жақын орналасқан. Мұнда 24 генератор бар. Жел электр стансасының қуаты – 48 мегаватт. Өткен жылы пайдалануға берілген жобаға инвестиция ретінде 23 млрд теңге салынған.

– Бір ғасырдан астам уа­қыттан бері мұнай мен газ өндіретін Атырау облысы үшін жасыл энер­гия өндіруге бағытталған жобалардың маңы­зы өте жоғары болып отыр. Біріншіден, мұндай стансалар атмосфераны ластауы мүмкін зиянды шығарындыларды азай­туға тікелей əсер етеді. Екін­­­шіден, көмірсутек шикі­затына тəуелділікті төмендетуге бағытталған нақты қадам. Үшін­шіден, стансалар жергілікті энергетикалық қауіп­сіздік­ті ны­ғайтып, жүйенің тұрақты­лығын арттырады, – дейді С.Шәпкенов.

Әкімнің дерегіне сүйенсек, мұнайлы өңірде жасыл энергия саласында тағы да маңызды бес инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Оның біріншісі – қытайлық «CRE International» компаниясының жел электр стансасын салу бастамасы. Осыған байланысты Атырау облысына арнайы келген компания басшысы Чжэн Чжанның мәліметінше, жаңа жобаның қуаты – 500 мегаватт.

– Қытайлық компания Атырау облысында жаңғырмалы энергия көзін дамыту мақсатындағы жобаны ұсынды. Жаңа жоба мұнайлы өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыру, экологиялық таза энергия көздерін пайдалану бағытында жүзеге асырылады. Бұл еліміз аумағындағы ең ірі жел энергиясын өндіретін жобаның бірі болады, – дейді облыс әкімі.

Екінші жобаны «Фибратекс» компаниясы қолға алып отыр. Компания пластик қалдықтарын өңдеп, штапельді талшық шы­ғаратын зауыт салып жатыр. Жобаның құны – 2,1 млрд теңге.

Үшіншісі – «Нефтестройсервис ЛТД» компаниясының тамақ қалдықтарын қайта өңдейтін кешені. Компания бұл жобаны Жылыой ауданында іске асыруға кірісті. Жобаға сәйкес кешен іске қосылғанда жылына 8 280 тонна қалдық өңделеді. Төрт түлікке арналған мал азығы мен биогумус шығарылады. Жобаға 900 млн теңге көлемінде инвестиция салу жоспарланған. Инвестициялық қаржының 765 млн теңгесі «Жасыл даму» АҚ арқылы қаржыландырылды.

Төртінші жобаны «SAN Tyres» компаниясы іске асырып отыр. Бұл – ескі шиналарды қайта өңдеу жобасы. Оған 1 млрд теңге инвес­тиция салынды.

Бесіншісі – «Daniko» компаниясы қолған пластик қалдық­тарын қайта өңдеу зауыты. Қазір өндіріс орнының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобаның құны 1,2 млрд теңгені құрайды.

– Мұндай жобалар жай ғана өндірістік нысандар емес. Бұл – экологиялық мəдениетке көшу, жасыл трансформация мен ин­вес­­тициялық сенімділіктің көр­сет­кіші, Атыраудың мұнайлы өңірден жаңа экологиялық бағыт­­­­­қа өтіп жатқанының нақты мысалы. Біз өндіріс орындарын ашып қана қоймай, табиғатты сақтау бағытында жұмыс істеуді де қолға ала бастадық, – дейді С.Шәпкенов.

 

Атырау облысы