Жәдігер • 24 Қазан, 2025

Амангелді портреті қалай аман қалған?

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Арқалық мұражайында тұрған құнды жәдігердің бірі – қазақ ұлттық бейнелеу өнерінің негізін қалаушы Әбілхан Қастеев салған Амангелді портреті. 1947 жылы салынған түпнұсқа портрет кезінде облыс мәдениеті басшыларының солақай шешімімен өртеніп кете жаздағанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.

Амангелді портреті қалай аман қалған?

Өткен ғасырдың 60-жылдары Торғайда Амангелді атындағы мемо­риалдық музей жұмыс істеп тұрған. Оны халық ақыны Нұрхан Ахметбековтен кейін белгілі этнограф-ғалым Сейіт Кенжеахметұлы бас­қарады. Бірде музейді тексеруге Қос­танайдан арнайы келген жатжұрттық шенеунік мұражай жәдігер­лерінің біразын жою керек деген шешім шығарады. Әбілхан Қастеев салған Амангелді пор­треті де «жарамсыз» жәді­герлердің тізіміне ілігеді.

Сол кезде музейді басқарып тұрған Сейіт ағамыз облыстан келген уәкілді үйіне түсіріп, жақсылап қонақ қып күтіп, жылы төсегіне жатқызады. Кесір мейман әбден қорылға басқанда, түн жамылып отырып өзі басқарып отырған мұражайға өзі «ұрлыққа» тү­седі. Мұның алдында ғана музей ғимараты биік қоршау­мен қоршалған екен, содан секіріп түсіп, батырдың портретін алып шығады да, үйіне әкеліп тығып қояды. Келесі күні 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты көптеген құнды құжат, көтерілісшілердің суреті түгел­дей отқа оранып өртеніп, күлге айналады.

Кейін Арқалықта «Дала өлке­­­­сі тарихы» музейі ашылғанда Сейіт ағамыз портретті Өзбекәлі Жәнібековтің қолына тапсырып, құнды жәдігердің жай-жапсарын айтып берген.

Мұражай қорында бұдан өзге Әбілхан Қастеев салған Амангелдінің аяқталмай қал­ған тағы бір портреті, батыр алғаш көтеріліс басшы­ларының басын қосып, кеңес өткізген сардар штабының суреті сақтаулы тұр.

 

Қостанай облысы