Шаруашылық • Бүгін, 10:05

Егін жинау науқаны аяқталуға жақын

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үкіметте егін жинау науқаны жөніндегі жедел штаб отырысы өтіп, жаңа өнім кезеңінің алдын ала қорытындылары қаралды.

Егін жинау науқаны аяқталуға жақын

Сурет: turaninfo.kz

Мәліметтерге сүйенсек, дәнді дақылдар барлық егіс алқаптарының 99%-ында, яғни 15,8 млн гектарда жиналды. Сондай-ақ бұршақты дақылдарды жинау іс жүзінде аяқталып, 1 млн тоннадан астам рекордтық көрсеткішке жетті.

Қазір жүгері (134 мың га, 77%), майлы дақылдар (3,5 млн теңге, 74%) жиналып жатыр, картоп (3 млн теңге), басқа көкөністер (3,9 млн теңге) мен қауын-қарбыз дақылдары бойынша жұмыс (2,6 млн теңге) толығымен аяқталды. Тыңайтқыштарды дер кезінде қосу мен биылғы көктемгі дала жұмыстарына қаржыны ертерек бөлу жоғары нәтижеге қол жеткізуге ерекше ықпал етті.

Егіс науқанына бөлінген 700 млрд теңгенің 502 млрд-ы игерілді. Аграрлық несие корпорациясы арқылы 2026 жыл­ғы егіс науқанына жеңілдетілген қаржы­ландыруға фермерлерден өтінім қабыл­дау басталды. Бұған қоса ауыл шаруа­шы­лығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру үшін бөлінген 250 млрд теңгеге  қазір­дің өзінде 253 млрд теңгенің өтінімі қа­был­данды. Бұл – 8 мыңға жуық ауыл ша­руа­шы­лығы техникасы жаңартылады деген сөз.

«Даму» қоры арқылы көктемгі, күзгі дала жұмыстарына арналған несие­лердің 85%-ына дейінгі кепілдік беру бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. Бұл кепіл базасы жеткіліксіз шаруаларға көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік береді. Бүгінде жалпы сомасы 196,9 млрд теңгеге 1336 кепілдік берілді, ал қарыздардың жалпы көлемі 231,7 млрд теңгеге жетті.

Лицензияланған астық сақтау қойма­лары егін қабылдау қызған шақта да қалыпты жағдайда жұмыс атқарып жатыр, яғни 5,4 млн тоннасы (40%) толды, тағы да 7,8 млн тоннаға жетерлік бос орын бар. Егін жинау басталғалы бері элева­тор­ларға 6,7 млн тонна астық тапсы­рыл­ды, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңі­мен салыстырғанда екі есе көп (2024 жылы – 3,4 млн тонна).

Жиналған астықтың 54%-ы – үшінші сыныпты бидай. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, қазан айының алғашқы онкүндігінен бастап қант зауыттары жаңа өнімнің қы­зыл­шасын қабылдауды бастады. «Ақсу қант» за­уытында көлік кезегін болдырмау үшін қы­зылша қабылдауға электронды кезек жүйесі енгізілді. Жалпы, Жетісу өңі­рін­де 154 мың тонна қант қызылшасы жиналды.

Вице-премьер негізгі астық өндіруші өңірлердің әкім орынбасарларының егін жинау барысы туралы есептерін тыңда­ды. Аймақтар жеңілдетілген дизель отыны­мен толық қамтамасыз етіл­гені айтыл­ды, алайда астықты кепті­руге арнал­ған кө­гіл­дір отынның жетіспеу­шілігі байқалады.

Үкімет басшысының орынбасары астық қабылдау процесін кідіріссіз аяқтау үшін Энергетика министрлігіне өңірлерге қосымша көгілдір отын бөлуді тапсырды.