Қоғам • Бүгін, 11:20

Елімізде археологиялық материалдардың мемлекеттік қоры құрылады

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәжілістің жалпы отырысында тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғауға арналған заң жобасы қаралды. Құжатты таныстырған депутат Асхат Аймағамбетов елімізде алғаш рет археологиялық материалдардың мемлекеттік қоры құрылатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде археологиялық материалдардың мемлекеттік қоры құрылады

Фото: Ашық дереккөз

Депутаттың айтуынша, бүгінде археологиялық қазбалар кезінде табылған көптеген жәдігерлердің тағдыры беймәлім. Кейбірі қоймаларда реттелмей сақталып, енді бірі жоғалып кеткен немесе есепке алынбаған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін археологиялық материалдарды жүйелі түрде сақтайтын бірыңғай мемлекеттік қор жасақталады.

«Енді біз археологиялық материалдардың мемлекеттік қорын жасаймыз. Музейлік құндылығы бар жеке жәдігерлер заңда бекітілгендей музейге беріледі. Ал жаппай жәдігерлер мен табылған материалдар – депозитарийде, ғылыми ортаға ашық, қауіпсіз жағдайда сақталады. Бұл шешім – археологиялық мұраның сақталуына мүмкіндік береді»,  деді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар заң жобасында археологиялық қазба жұмыстары аяқталған соң нысандарды өз қалпына келтіру және қоршаған ортаны қайта жөндеу талаптары енгізілмек.

«Кей археологиялық жұмыстардан кейін қазба орны жабылмайды, рекультивация толығымен жасалмайды. Тіпті ескерткіштердің өзі бүлінеді. Жобада әрбір археолог қазбадан кейін жерді қалпына келтіру туралы, яғни консервация-рекультивация жұмыстарын жүргізу бойынша талаптар нақтыланады», деп түсіндірді депутат.