Медицина • Бүгін, 11:23

Алматыда бір мәйіттік донордың ағзалары 6 адамның өмірін ұзартты

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше отандық медицина кезекті маңызды оқиғаны басынан өткеріп, көп ағзалық донорлық үдерісті жүзеге асырды. Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасының базасында қайтыс болған донордан, яғни 1962 жылғы әйелдің мәйітінен көп ағзалық ағзалар алу процесі атқарылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда бір мәйіттік донордың ағзалары 6 адамның өмірін ұзартты

Осылайша, донордың туыстарының келісімінің арқасында бірден бірнеше өмірлік маңызы бар ағзаларды трансплантаттауға мүмкіндік туды.

Сонымен мәйіттік донордың жүрегін 1988 жылы туған пациентке, ал бауыры 1982 жылғы пациентке, оң бүйрегі 1996 жылғы науқасқа, сол жақ бүйрегі 2017 жылдың қазан айынан бері ағза алмастыруды сарыла күткен 1966 жылғы пациентке, ал көзінің мөлдір қабықтары 1983 және 1956 жылы туған пациенттерге салынды.

Аса күрделі медициналық үдерісті үйлестіруді ҚР ДСМ Республикалық трансплантаттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығы қамтамасыз етіп, Алматының жетекші трансплантаттау орталықтары бірлесе атқарса, олардың қатарында «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» АҚ, «Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығы» АҚ, Алматы қаласындағы «Орталық қалалық клиникалық аурухана» ШЖҚ КМК бар.

Донордың жасы ұлғайғанына қарамастан, дәрігерлер ағзалардың жағдайы жақсы екендігін, әрі қарай қызметін атқара алатындығын алға тартып отыр.

Медицинадағы бұл оқиға өмірді сақтауға келгенде адам жасының кедергі емес екендігін тағы да растады.

Республикалық орталық донордың отбасына олардың сауапты шешімі үшін, сондай-ақ үйлесімді жұмысы аса күрделі процесті жоғары деңгейде жүргізуге мүмкіндік берген медицина мамандарына зор ризашылығын білдіреді.