Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобынан хабарлағандай, атаулы аялдама №14 өрт сөндіру бөліміне таяу орналасқан. Ал аялдаманы жабдықтау үшін 1988 жылы арнайы мақсаттағы қолданыстан шығарылған өрт сөндіру автокөлігі пайдаланылған.
«Бұл жобаны іске асыруға Атырау қаласындағы №14 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары бастамашы болды. Ескі көлік бір айда қайта өңделіп, аялдама ретінде құрастырылды», деп хабардар етті департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобынан.
Ерекше аялдама алыстан қарағанда, өрт сөндіру көлігі тұрғандай әсер береді. Аялдаманың атауы – «Құтқарушы». Бұл жазудың үстіңгі бөлігіне 112 нөмірі жазылған. Өрт сөндіру қызметі туралы ақпарат берілген.
«Бұл, біріншіден, ескі көлікті қайта пайдалану арқылы экологиялық мәдениет пен сана қалыптастыру, екіншіден, төтенше жағдай кезінде ерге тән ерекше әрекетпен жұмыс істейтін өрт сөндірушілер еңбегін насихаттау. Қоғамдық көлікті күтуге ыңғайлы, әрі күннің ыстығы мен желден қорғайды. Балалар мен жасөспірімдерге қауіпсіздік техникасы мен құтқарушылар қызметі туралы ой салып, қызығушылығын тудырады», деді департамент өкілі.
Тұрғындар бұл аялдаманы фото-видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп жатыр. Тіпті балаларын аялдаманың жанында суретке түсіретіндер де көбейді.
Атырау облысы