Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, бұқаралық спортты дамытуға мемлекет қана емес, ірі бизнес өкілдері де көңіл аударып отыр. Мәселен, «Texol» секілді ірі компаниялар өндірістік жобаларды іске қосумен ғана шектеліп қалмай, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға елеулі үлес қосуды қолға алды. Компания «Texol Wellness Atyrau» спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысына демеушілік танытып отыр.
«Өңірде ең ірі спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Бұл – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің нақты көрінісі. Компания бұған дейін Атырау вагон құрастыру зауыты жобасын сәтті жүзеге асырды. Енді, міне, спорттың 12 түрімен айналысуға мүмкіндік беретін заманауи кешен салуға кірісті. Мұнда ересектер де, балалар да жаттыға алады. Бұл – саламатты әрі белсенді қоғам құру жолындағы тағы бір қадам», дейді С.Шәпкенов.
«Texol group» директорлар кеңесінің төрағасы Шота Абхазаваның айтуынша, заманауи спорт, демалыс орталығының жалпы ауданы – 18 мың шаршы метр. Үш қабатты кешенде теннис корттары, алты жолақты жүзу бассейні, фитнес, жаттығу залдары, өрмелеу қабырғасы мен демалыс аумағы қарастырылып отыр. Нысан бір мезгілде бір мың адамды қабылдай алады.
Жақында Қызылқоға ауданындағы Жамбыл ауылдық округінде денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың мәліметінше, кешеннің құрылысы 2024 жылы басталған. Жаңа нысанның құрылысын «АтырауҚұрылысСтандарт» ЖШС жүргізген.
«Президент тапсырмасына сәйкес спорт саласын дамыту бағытында ауданымызда ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Бұрын Миялы мен Сағыз ауылдарында спорт кешені бар еді. Кейінгі жылдары Тасшағыл мен Жасқайрат ауылында жаңа нысандар ашылды. Жыл соңына дейін Қаракөл, Қоныстану, Қарабау ауылдарында спорт кешендері пайдалануға беріледі. Келесі жылы Жангелдин, Тайсойған ауылдарында спорт мектептерін ашу жоспарланып отыр», дейді Қ.Әзмұханов.
Заманауи нысанда спорт залы, жаттығу, күрес бөлмелері, киім ауыстыратын орындар мен жаттықтырушылар кабинеттері бар. Ауданның білім саласында 40 жылдан астам жұмыс істеген ардагер ұстаз Рахмет Ғалияхметовтің айтуынша, мұндай кешен жас буынды спортты серік етуге, саламатты өмір салтына баулуға ықпал етеді.
«Біздің кезімізде мұндай кең залы бар спорт кешендері болмады. Бұл – мемлекеттің бұқаралық спортты дамытуға бет бұруының жемісі», дейді Р.Ғалияхметов.
Қазір осы аудандағы Мұқыр ауылында спорт кешені салынып жатыр. Нысанның аумағы 2351 шаршы метрді құрайды. Кешенде футбол, волейбол, баскетбол, күрес залдары қарастырылған. Сондай-ақ заманауи талапқа сай жабдықталған жаттығу залы, 87 шаршы метрлік асхана мен 20 орындық жатақхана да спортшылар игілігіне беріледі.
Облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықовтың дерегіне сүйенсек, осындай жаңа спорт кешені Махамбет ауданының Таңдай ауылында да ашылды. Бұл ауылда бұқаралық спортпен қамтылатын бала саны 400-ге жуықтайды. Кешен 150 адамға арналған. Екі жыл бұрын құрылысы басталған нысанның жалпы ауданы – 2077,12 шаршы метр. Кешен жобасын «Су құрылыс Жоба» ЖШС, құрылыс жұмысын «Сұңқар Құрылыс LTD» ЖШС жүргізді. «Гранд Урбан» ЖШС техникалық қадағалауды іске асырды.
Жаңа кешенде ойын, жаттығу залдары, ерлер мен әйелдердің киім ауыстыру бөлмелері, жуынуға арналған, медициналық кабинеттер бар. Енді мұнда футбол, волейбол, баскетбол, бокс, дзюдо, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, грек-рим күресінің секциялары жұмыс істейді.
«Президенттің тапсырмасына сәйкес алдағы уақытта ұлттық спорт пен олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға басымдық беріледі. Әсіресе ауылдағы балалар мен жасөспірімдер бос уақытын тиімді өткізіп, спортқа қадам басады», дейді Н.Сыдықов.
Оның айтуынша, Атыраудағы тағы бір маңызды спорт нысаны – оқу-жаттығу орталығының құрылысы қайта жанданды. Бұрын бұл нысанның құрылысы сот дауларына байланысты тоқтап қалған еді. Құрылыс жұмысын «VEK-Stroy-Com» ЖШС жүргізіп жатыр. Жобада үш заманауи спорт залы мен қажетті инфрақұрылым қарастырылған.
«Олимпиадалық спорт түрлеріне арналған база оқу-жаттығу орталығының құрылысын жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Бұл нысан олимпиадалық спорт түрлері бойынша облыстық құрама командалардың дайындық базасына айналады. Мұнда күніне 200-ден астам спортшы тұрақты түрде жаттыға алады», деп мәлімдеді Н.Сыдықов.
Басқарма басшысының айтуынша, биыл үш ірі спорт нысаны – денешынықтыру-сауықтыру кешені, мұз айдыны мен «Атырау» облыстық футбол командасы» ЖШС сенімгерлік басқарудан мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл қадам спорт нысандарын тұрғындар игілігіне тиімді пайдалану мақсатында жасалып отыр. Сондай-ақ бірнеше заманауи нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде «Атырау Арена» спорт кешені, ұлттық спорт түрлеріне арналған, байдарка мен каноэ есу орталықтары, 12 мың орындық футбол стадионы секілді нысандар бар.
Сондай нысанның бірі – дарынды балаларға арналған спорт-интернаты. Осы мақсатта Атырау қаласынан бөлінген 4,2 гектарды құрайтын жер теліміне 400 орындық мектеп-интернат ғимаратын салу көзделіп отыр. Жобаға сәйкес құрылыс жұмысын 2027 жылы аяқтап, қолданысқа беру жоспарланған. Бұл нысан болашақ чемпиондарды даярлауға арналған заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.
«Кешен өңірдегі спорттық білім жүйесін жаңа деңгейге көтереді. Спорттағы дарынды жастарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Биыл алғаш рет 18 спорт мекемесіне жаңа автобус берілді. Мақсат – спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің жаттығуға, жарыс орындарына қауіпсіз қатынауын қамтамасыз ету. Жаңа автобустар облыстағы спорт ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтып қана қоймай, жас спортшылардың уақтылы әрі қауіпсіз тасымалын қамтамасыз етеді», дейді басқарма басшысы.
Атырау облысы